Comic Con Astana 2026 қызықтары

Comic Con  Astana 2026 қызықтары

Елордада кино, комикс, бейнеойын, аниме және косплей жанкүйерлерінің басын қосқан Comic Con Astana 2026 атты ең ірі гик-мәдениет фестивалі өтіп жатыр. Биыл фестиваль бірден екі алаңда ұйымдастырылды.

 «Барыс Аренада» негізгі сахналық бағдарлама ұсынылса, «Алау» мұз сарайында көрме аймағы орналасқан.

Бейсенбі күнінен бері халық­аралық хедлайнерлермен кездесулер, қолтаңба сессиялары, косплей байқауы, музыкалық және би қойылымдары, интерактивті алаңдар, тақырыптық стендтер мен фестиваль жәрмеңкесі ұйымдастырылуда. Фестивальдің алғашқы күні кино, аниме, комикс, видеоойын және косплей жанкүйерлері бір алаңға жиналды. Қонақтарға концерттік бағдарлама, арнайы тақырыптағы аймақтар, интерактивті алаңдар, шеберлік сабақтары мен арнайы шақырылған әлемдік жұлдыздармен кездесулер ұсынылды. Сахналарда музыкалық және би қойылымдары, танымал тұлғалармен ашық сұхбаттар, сондай-ақ фестиваль қатысушыларына арналған байқау бағдарламалары өтті. Келушілер заманауи поп-мәдениеттің түрлі бағыттарына арналған ондаған тақырыптық алаңмен танысты. Ерекше қызығушылықты ойын аймақтары тудырды. Онда келушілер заманауи бейнеойындарды сынап көріп, түрлі интерактивке қатысты. Сондай-ақ тақырыптық фотоаймақтар, тарихи қару-жарақ пен реквизиттердің көрме экспозициялары, инновациялық ойын технологиялары ұсынылған алаңдар ұйымдастырылды.

Comic Con аумағында түрлі бағыт бойынша шеберлік сабақтары да өтті. Қонақтар сахналық грим жасау­дың қыр-сырын меңгеріп, самурай қылышын қолдану бойынша сабақтарды тамашалап, өзге де тақырыптық іс-шараларға белсене қатысты. Фестиваль аясындағы маркет те көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Онда тақырыптық мерч, кәдесыйлар мен поп-мәдениет жанкүйерлеріне арналған түрлі тауарлар ұсынылды.

Comic Con фестивалінің ажырамас бөлігі – косплей. Келушілер танымал фильмдер, сериалдар, аниме және бейнеойын кейіпкерлерінің образ­ындағы қатысушылармен суретке түсті. Биыл қонақтарды ерекше әрі тың үлгіде жасалған, көбісі толықтай қолдан тігілген костюмдер назарын аударды.

Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күнінде 80-нен астам қатысушы бақ сынаған әуесқой косплей байқауы өтті. Ересек қатысушылар сахнада 50-ден астам образды ұсынса, кейін өз костюмдерін 30-ға жуық жас косплейші таныстырды. Қазылар алқасының құрамына өткен жылғы әуесқой косплей турнирінің жеңімпаздары енді.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, үздіктерді анықтау оңай болмаған. Қатысушылар фильмдер, сериалдар, аниме және бейнеойындар кейіпкерлерінің мұқият әзірленген ондаған образын ұсынды. Ересектер және балалар санатында бірінші орын алған қатысушыларға 100 мың теңге, екінші орын иегерлеріне 60 мың теңге, ал үшінші орын алғандарға 40 мың теңге ақшалай сыйақы табысталды.

Биыл ұйымдастырушылар алғаш рет «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы номинациясын енгізді. Оның серіктесі «Болашақ ойындары» жобасы болды. Бұл аталым бойынша ересектер мен балалар арасындағы жеңімпаздарға планшет сыйға тартылды.

Ересектер арасында үшінші орынды League of Legends ойынындағы Акали кейіпкерінің образы иеленді. Екінші орын Эдуард қайшы – қол образына бұйырса, байқау жеңімпазы тазалық қызметкерлерінің образын сомдаған «Алматы көбелектері» командасы атанды.

Ересектер арасындағы «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы номинациясының алғашқы жеңімпазы Baldur’s Gate 3 ойынындағы Астарион образын ұсынған қатысушы болды. Балалар санатында үшінші орынды Хосино Ай образы иеленсе, екінші орын Кли кейіпкерінің косплейіне бұйырды. Ал жеңімпаз «Жұлдызды соғыстар» ғаламындағы Джабба образын сомдаған қатысушы атанды.

Балалар арасындағы «Бейнеойындар бойынша үздік косплей» арнайы жүлдесі Линк образын таныстырған қатысушыға берілді.

Әуесқой косплей байқауы Comic Con Astana 2026 фестивалінің алғашқы күніндегі басты оқиғалардың біріне айналып, негізгі сахна маңына жүздеген көрерменді жинады.

Фестиваль алаңында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» профилактикалық акциясы да ұйымдас­тырылды. Тәртіпбек пен Тазабек маскоттары құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және кибералаяқтықтан қорғану тақырыптарына арналған ақпараттық брошюралар таратты.

Акцияны қала прокуратурасы мен елорда әкімдігі ұйымдас­тырды.

Фестиваль қатысушыларының назары құқық бұзушылықтың алдын алу, жол қозғалысы ережелерін сақтау және кибералаяқтықтан қорғану мәселелеріне аударылды.

«Фестиваль жыл сайын мыңдаған жастар мен жасөспірімді жинайды. Сондықтан дәл осы аудитория профилактикалық жұмыстың негізгі нысаналы тобына айналды» деді Астана қаласы прокуратурасы басқармасының прокуроры Ақжол Сәтілда.

Оның айтуынша, осындай іс-шараларды жастар көп жиналатын ірі алаңдарда өткізу қауіпсіздік пен құқықтық мәдениетке қатысты маңыз­ды мәселелерді жастарға қарапайым әрі түсінікті түрде жеткізуге мүмкіндік береді.

«Астана қаласының прокуратурасы жастар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алудың тиімді құралы ретінде бейресми қоғамдық алаңдарда осындай форматтағы кездесулер өткізуді жалғастырады» деп атап өтті прокурор.

Фестиваль 9 тамызға дейін жалға­сады. Алда қонақтарды кәсіби косплей байқауы, халықаралық хедлайнерлермен кездесулер және басқа да іс-шаралар күтіп тұр.