«Ай кітабының» алаңында  «Жусан иісі»

«Ай кітабының» алаңында  «Жусан иісі»
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасына қарасты «Руханият» мекемесі, Қазақстан Республикасының Ұлттық академиялық кітапханасы және Қазақстан Жазушылар одағының Астана қалалық филиалы бірлесіп ұйымдастырған «Ай кітабы» жобасының кезекті әдеби талқысы биыл туғанына 90 жыл толып отырған көрнекті жазушы Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» хикаятына арналды.

Ұлттық академиялық кітапханада өткен кездесудің тізгіншісі Тоқтарәлі Таңжарық алдымен «Ай кітабы» жобасының негізгі мақсатына тоқталды. Бұдан кейін сөз алған спикерлер – әдебиеттанушы Ақеділ Тойшанұлы мен ақын, әдебиеттанушы Ақерке Асан қазақ прозасының көрнекті өкілі Сайын Мұратбековтің шығармашылық әлеміне кеңінен тоқталып, «Жусан иісі» хикаятының көркемдік ерекшеліктерін, символдық мәнінің әлем әдебиетімен үндестігіне үңіліп, дендей енді.

Алғашқы болып пікір білдірген Ақеділ Тойшанұлы Сайын Мұратбековтің қазақ прозасындағы өзіндік орнын айқындап, жазушының алдыңғы буын қаламгерлерден ерекшелігіне тоқталды. Оның пайымдауынша, өткен ғасырдың 60-жылдарында қазақ прозасында болған сапалық өзгерістер мен стильдік ізденістер жазушы шығармашылығынан айқын көрінеді. Сайын Мұратбеков кәсіби прозаның көркемдік мүмкіндіктерін кеңейтіп, кейіпкердің ішкі әлемін, психологиялық күйін, адам болмысының күрделі қырларын терең бейнелей білген қаламгер.

Әдебиеттанушының айтуынша, жазушы шығармаларындағы кейіпкерлер бірде оқырманға бейтаныс, тосын көрінсе, енді бірде өмірден жақсы білетін адамындай етене жақын сезіледі. Мұның өзі қаламгердің адам мінезін, оның ішкі қайшылықтарын нанымды суреттей білу шеберлігін аңғартады. Әсіресе «Жусан иісі» хикаятында қарапайым ғана көрінетін заттар мен оқиғалардың өзіне терең символдық мағына жүктелген. Мәселен, шығармадағы шана, арба, жол секілді детальдар тек оқиға өрбитін көріністер емес, өмірдің тоқтаусыз қозғалысын, уақыттың алға жылжуын аңғартатын көркемдік белгілер ретінде қарастырылады.

«Ондағы жусан қазақтың бірден бір коды, негізгі тамыры» деген Ақеділ Тойшанұлы шығарма құпиясын барынша ашуға, ондағы кейіпкерлердің мінез-болмысына да жеке тоқталды.

«Автор шығармада тәннің жарақаты мен жанның жарақатын да көрсетеді. Фашистен де жаман адмдар бар екенін онда Тұржанның бейнесі арқылы суреттейді. яғни соғыс қауып қатер деген қару мен ғана болып жатқан жоқ. Бір ауылдың ішінде адамның ішінде, санасында, адамның мінез құлқында жүріп  жүріп жатыр. Адам өзінің мінез құлқын түземей ешқандай    жақсылық келмейді дегенді айтып отыр» деп  сөзін түйіндеді.

Ал, ақын, әдебиеттанушы Ақерке Асан Сайын Мұратбеков шығармашылығын тек қазақ әдебиетінің шеңберінде ғана қарастыру жеткіліксіз екенін айтты. Оның пікірінше, жазушының көркемдік ізденістері мен көтерген мәселелерін әлем әдебиетіндегі ортақ үдерістермен сабақтастыра зерделеу қажет.

Әдебиеттанушы ХХ ғасырдың екінші жартысында дүниежүзі әдебиетінде адамзаттың соғыс, аштық, нәсілшілдік пен зорлық-зомбылықтан қажыған көңіл күйін, әсіресе балалық шақтың қасіретін бейнелеуге бетбұрыс болғанын атап өтті.

«Бұл кезеңде қаламгерлер үлкен тарихи оқиғаларды көбіне балалардың көзімен суреттеп, сол арқылы қоғамның күрделі мәселелерін тереңірек ашуға ұмтылды. Мәселен, 1960 жылы америкалық жазушы Харпер Лидің «Қараторғайды өлтіру» («To Kill a Mockingbird») романы жарық көрді. Шығармада нәсілдік кемсітушілік пен әлеуметтік әділетсіздік бала Скауттың көзімен баяндалып, қоғамдағы терең қайшылықтар баланың аңғал да әділ қабылдауы арқылы ашылады.

Ал 1967 жылы жапон жазушысы Акиюки Носакидің «Отшашарлар бейіті» («Grave of the Fireflies») атты туындысы жарық көрді. Бұл – Екінші дүниежүзілік соғыстың соңындағы екі баланың ауыр тағдырын бейнелейтін, жазушының өз өмірлік тәжірибесіне негізделген шығарма. Онда соғыстың адам өміріне, әсіресе қорғансыз балалардың тағдырына әкелген қасіреті суреттеледі. Сол жылы колумбиялық жазушы Габриэль Гарсиа Маркестің де романы  жарық көрді. Магиялық реализм тәсілімен жазылған бұл туындыда Латын Америкасы қоғамының тарихи жады, отаршылдық салдары, әлеуметтік қайшылықтары мен адамзатқа ортақ мәселелер көркемдік тұрғыдан зерделенді. Демек, бұл шығармаларды бір арнаға тоғыстыратын ортақ сипат – адамзаттың үлкен қасіреттерін жеке адамның, әсіресе баланың тағдыры арқылы көрсету. Сондықтан кеңестік кезеңдегі қазақ қаламгерлерінің шығармашылығын да тек белгілі бір идеологиялық шеңберде қарастыруға болмайды. Сайын Мұратбековтің «Жусан иісі» мен «Жабайы алма» туындылары да адамзатқа ортақ осындай мәселелерді көтеріп, соғыс қасіреті мен оның адам жанына салған жарасын терең бейнелейді» деген Ақерке Асан «Жусан иісі» хикаятын Шыңғыс Айтматовтың «Ақ кеме» повесімен және Оралхан Бөкейдің «Тортай мінер ақ боз ат» әңгімесімен салыстыра талдады. Бұл шығармаларда да баланың ішкі әлемі, арман-аңсары, айналасындағы қатыгез шындықпен бетпе-бет келуі негізгі көркемдік арқауға айналған. Әсіресе бала қиялы мен шынайы өмірдің арасындағы қайшылық арқылы қоғамның адамгершілік мәселелері ашылады. Әдебиеттанушы осы туындылардың барлығына ортақ маңызды сипаттың бірі – соғысқа, зорлық-зомбылыққа, адам табиғатындағы қатыгездікке қарсылық екенін атап өтті.

Сондай-ақ спикер балалардың қиындық пен қасіреттен уақытша болса да пана табатын рухани мекені – ертегі әлемі екеніне де айырықша тоқталды. Оның айтуынша, ертегіге оралу өткенді аңсау немесе шындықтан қашу  емес. Бұл – адамның өзінің бастапқы болмысына, тазалығына, рухани тамырына қайта үңілуі. Соғыстан, қатыгездіктен қажыған адамзаттың фольклорға бет бұруы да осы қажеттіліктен туындайды. Халықтың ғасырлар бойы жинақтаған рухани мұрасы адамға жұбаныш пен тыныштық сыйлап, өмірге деген сенімін сақтауға көмектеседі. Әдебиеттанушы «Жусан иісі» хикаятындағы ертегі желісінің де осындай терең мағынаға ие екенін атап өтті. Шығармада Аянның бір көзді дәу туралы ертегісі жай ғана балаларды қызықтыратын қиял дүниесі емес, астарлы көркемдік қызмет атқаратынын, осы бейненің шығармада пайда болуымен бірге Аянның өміріне қаралы хабарлар мен ауыр оқиғалар жақындай түсетінін.  Ондағы бір көзді дәу - шығармадағы үрей мен қауіптің, соғыс әкелген зұлматтың символдық бейнесі ретінде қабылдауымыз керек деп түйіндеді ол. Осы тұста жазушының готикалық романтизмге тән үрей мен тылсымдық элементтерді де көркемдік тұрғыдан ұтымды пайдаланғаны сөз болды.

Кездесу бұдан әрі сұрақ-жауап форматында жалғасты. Спикерлер бір-біріне сауал қойып, шығармадағы кейіпкерлер жүйесі, символдық детальдар, балалық шақтың көркем бейнесі мен соғыс тақырыбының әдебиеттегі көрінісі төңірегінде ой алмасты.

Шапағат ӘБДІР