2026 жылғы 1 шілдеден бастап жаңа Конституция күшіне енді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Сақтандыру мәртебесіне қарамастан, Қазақстанның әрбір азаматына нейрохирургиядан бастап репродуктологияға дейінгі ең жоғары технологиялық медициналық көмек қолжетімді болуы тиіс», – деп атап өтті. Бұл бастама Ұлттық нейрохирургия орталығының қызметінде қалай жүзеге асырылып жатыр? Осыған орай ҚР ҰҒА академигі, Қазақстанның Еңбек Ері, «Ұлттық нейрохирургия орталығы» АҚ Басқарма Төрағасы Серік Ақшолақовпен сұхбаттасқан едік.
– Серік Қуандықұлы, еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің жаңа даму бағытын айқындайтын маңызды қағидатты іске асыруға қалай атсалысып келесіздер?
- Мемлекет басшысының тапсырмасы әрбір азаматтың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына немесе сақтандыру мәртебесіне қарамастан сапалы әрі заманауи медициналық көмек алуына бағытталған.
Ұлттық нейрохирургия орталығы осы мемлекеттік саясатты іске асыруға белсенді қатысып келеді. Бүгінде бізде әлемдік стандарттарға сай жоғары технологиялық медициналық көмек көрсетіледі. Ми мен жұлынның аса күрделі ауруларына жасалатын операциялар, гибридті нейрохирургиялық операциялық бөлмеде орындалатын араласулар, Гамма-пышақ радиохирургиясы және басқа да инновациялық технологиялар кеңінен қолданылады.

– Жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмек дегеніміз не?
– Бұл – күрделі ауруларды емдеуде жоғары дәлдіктегі медициналық технологиялар қолданылатын арнайы мамандандырылған көмек. Мұндай операциялар бұрын өте жоғары қауіппен байланысты болса, бүгінде заманауи жабдықтардың арқасында олардың қауіпсіздігі мен тиімділігі едәуір артты.
Біздің орталықта ми ісіктері, ми қан тамырларының патологиялары, омыртқа аурулары, бассүйек негізінің ісіктері, функционалдық нейрохирургия, балалар нейрохирургиясы сияқты көптеген бағыттар бойынша жоғары технологиялық ем жүргізіледі.
– Мұндай күрделі операциялар мемлекет есебінен жасала ма?
– Иә. Егер пациентте медициналық көрсетілім болса, жоғары технологиялық медициналық көмек ТМККК немесе МӘМС аясында көрсетіледі. Бұл азаматтарға қаржылық ауыртпалық түсірмей, әлемдік деңгейдегі медициналық көмекті өз елімізде алуға мүмкіндік береді.
– Пациент Ұлттық нейрохирургия орталығына қалай жолдама алады?
– Алдымен тұрғылықты жеріндегі емханада немесе бейінді маманның қарауынан өтеді. Қажетті тексерулерден кейін жоғары технологиялық көмек қажет болған жағдайда медициналық құжаттар электрондық жүйе арқылы біздің орталыққа жолданады. Арнайы комиссия әрбір жағдайды қарап, емдеу тактикасын анықтайды. Бұл жүйе еліміздің барлық өңірлеріндегі азаматтар үшін бірдей қолжетімді.
– Соңғы жылдары орталыққа қандай заманауи технологиялар енгізілді?
– Біз медициналық технологияларды тұрақты түрде жаңартып келеміз. Бүгінде гибридті нейрохирургиялық операциялық бөлме, Гамма-пышақ радиохирургиясы, нейронавигация, интраоперациялық нейрофизиологиялық мониторинг, жоғары дәлдіктегі операциялық микроскоптар және эндоскопиялық хирургия кеңінен қолданылады.
Әсіресе гибридті операциялық бөлменің мүмкіндігі ерекше. Ол операция барысында жоғары сапалы бейнелеуді қамтамасыз етіп, хирургке ем нәтижесін бірден бағалауға мүмкіндік береді. Бұл операцияның дәлдігін арттырып, асқыну қаупін төмендетеді.
– Қазақстан нейрохирургиясының бүгінгі деңгейін қалай бағалайсыз?
– Соңғы жылдары отандық нейрохирургия үлкен даму жолынан өтті. Ұлттық нейрохирургия орталығының 18 жылдық қызметінде 80 мыңнан астам пациентке мамандандырылған көмек көрсетіліп, 60 мыңнан астам жоғары технологиялық операция жасалды. 75-тен астам жаңа медициналық технология тәжірибеге енгізілді.
Бүгінде Қазақстанда бұрын тек шетелде жасалатын көптеген күрделі операциялар сәтті орындалуда. Бұл – мемлекет қолдауының, дәрігерлердің кәсіби деңгейінің және медициналық инфрақұрылымның дамуының нәтижесі.
– Кейбір азаматтар жоғары технологиялық медициналық көмек тек ақылы көрсетіледі деп ойлайды. Бұл қаншалықты рас?
– Бұл – ең көп кездесетін жаңсақ пікірлердің бірі. Шын мәнінде, медициналық көрсетілім болған жағдайда жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмектің басым бөлігі мемлекет есебінен көрсетіледі.
Сондықтан азаматтар дер кезінде дәрігерге қаралып, қажетті тексерулерден өтуі керек.

– Сұхбат соңында оқырмандарға не айтар едіңіз?
– Денсаулыққа қатысты кез келген белгіге бейжай қарамау қажет. Бас ауруының күшеюі, аяқ-қолдың әлсіздігі, сөйлеудің немесе көрудің бұзылуы сияқты белгілер байқалса, уақыт жоғалтпай дәрігерге қаралған жөн.
Бүгінде Қазақстанда жоғары технологиялық нейрохирургиялық көмек қолжетімді. Ұлттық нейрохирургия орталығы алдағы уақытта да халықаралық стандарттарға сай медициналық көмекті дамытып, әрбір азаматтың денсаулығын сақтауға қызмет ете береді. Ең бастысы – адамдар өз құқықтарын біліп, мемлекет ұсынған мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алуы керек.