Астанада «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен, «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының қолдауымен «Жасанды интеллект дәуіріндегі медиа: шынайы ақпарат, жауапты сөз» атты республикалық медиафорум өтті.
Жиынға бас редакторлар, журналистер, медиаменеджерлер, Құрылтай депутаттары, мемлекеттік қызметшілер мен білім саласының өкілдері қатысты. Басқосуда жасанды интеллектінің ұлттық медиаға ықпалы, редакциялардың технологиялық жаңаруы, ақпараттың шынайылығы және отандық медианың экономикалық тұрақтылығы талқыланып, жаңа технологиялардың мүмкіндігін кәсіби жауапкершілікпен ұштастыру, ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ету және ұлттық медианың әлеуетін күшейту мәселелері негізгі арқауға айналды.
Форумды ашқан Бас редакторлар клубының президенті Бибігүл Жексенбай цифрлық өзгерістер жағдайында журналистиканың қоғам алдындағы жауапкершілігі арта түсетінін атап өтті.
«Мәтіннің сауатты жазылуы оның шынайылығына кепіл бола алмайды. Сенімді естілген дауыс пен нанымды көрінген бейне де тексеруді қажет етеді. Сондықтан редакциядағы әрбір шешімнің негізінде дерекке ұқыптылық, адамға құрмет және қоғам алдындағы жауапкершілік тұруға тиіс» деді Бибігүл Жексенбай.
«Жасанды интеллект және редакция: жаңа мүмкіндіктер, кәсіби жауапкершілік» тақырыбындағы панельдік сессияда қатысушылар ЖИ құралдарын күнделікті жұмысқа енгізу тәжірибелерімен бөлісті. Контент пен анимация жасау, ақпараттың дұрыстығын тексеру, материалдарды әртүрлі платформаларға бейімдеу және авторлық құқық мәселелері қарастырылды.
Бас редакторлар клубының мүшесі, республикалық «Человек и закон» газетінің бас редакторы, Құрылтай депутаты Марат Башимов Жасанды интеллект дәуірінде адам құқықтарын қорғау, қоғамдық қатынастарды реттеу және технологияларды жауапкершілікпен пайдалану мәселелері айрықша маңызға ие екенін, бұл саладағы қатынастардың құқықтық тұрғыдан реттелуі – уақыт талабы, Еуропалық Одақ бұл бағытта нақты қадамдар жасап келе жатқанын атап өтті. Жасанды интеллект адам құқықтарына тікелей қатысты болғандықтан, оны құқықтық реттеу мәселесі еліміздің Конституциясы мен қолданыстағы заңнамасы тұрғысынан да маңызды екендігіне назар аударды.
Белгілі журналист Мағжан Садыханұлы жасанды интеллектінің пайдасы мен залалы, ЖИ-дің болашағы жайында ой өрбітті.
«Қазақстан үшін жасанды интеллект – үлкен мүмкіндік. Алайда бұл үшін цифрлық сауаттылықты арттырып, жас мамандарды жаңа технологияларға бейімдеу қажет. Болашақтың бǝсекесіне тек технологияны қолданатын емес, оны жасай алатын ел ғана төтеп береді. Цифрлық технологияның дамыған дǝуірінде ең үлкен артықшылық интеллектінің жасандылығында емес, адамның даналығы мен адамгершілігінде болмақ. Болашақ өмірімізді жасанды интеллект емес, оны дұрыс басқара алатын адам ғана қалыптастыра алады» деді Мағжан Садыханұлы.
Белгілі медиаменеджер Кемелбек Ойшыбаев жасанды интеллектіні жауапты қолдану, оның медиаға ашатын жаңа мүмкіндіктері және табыс табу көздері жөнінде ой бөлісті. Ол технологиялық өзгерістер жағдайында отандық медианың экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз ету, жарнама нарығындағы бәсекеге бейімделу және кіріс көздерін әртараптандыру мәселелерін көтерді.
Jibek Joly / Silk Way телеарнасының басқарушы директоры Нағашыбек Алдан жасанды интеллект бүгінде медиа саласының ажырамас бөлігіне айналып келе жатқанына тоқталды. Qrnews ақпараттық порталының директоры Сапарғали Қанат «Портал қызметіндегі жасанды интеллект: қолдану мүмкіндіктері мен тиімділік перспективалары» тақырыбында сөз сөйлеп, ақпараттық порталдардың жұмысында жасанды интеллектіні қолдану жолдарына тоқталды.
Талқылау барысында жасанды интеллектінің ақпаратты жинау мен өңдеу, мәтінді бейімдеу және тарату сияқты міндеттерді жеңілдететіні айтылды. Бұл журналистерге оқиға орнынан хабар таратуға, эксклюзивті сұхбаттар мен зерттеу материалдарын әзірлеуге, талдау мен деректерді тексеруге көбірек уақыт бөлуге мүмкіндік береді.
«Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте қордың қызметі мен білім беру жобаларын таныстырды. Оның баяндамасында «Ауыл мектептерінің әлеуетін дамыту» жобасының нәтижелері айтылды. Жоба аясында 620 мектеп қамтылып, 7 073 мұғалім оқытылған, 484 жаңа оқу кабинеті ашылған.
Форум қатысушылары қордың заманауи білім беру инфрақұрылымымен, соның ішінде Spectrum халықаралық мектебімен танысты. Алқалы басқосуда медиа мен білім беру ұйымдарының ынтымақтастығын дамытуға, жастардың ақпаратты саналы қабылдау дағдыларын қалыптастыруға мән берілді. Дерек пен пікірді ажырату, ақпарат көзін тексеру және күмәнді хабарды таратпас бұрын оның дұрыстығына көз жеткізу медиасауаттылықтың маңызды құрамдастары ретінде аталды.
Форум аясында Бас редакторлар клубының басқару құрамындағы өзгерістер жарияланды. Қуат Әуесбай, Айна Задабек және Сапарғали Қанат клубтың вице-президенттері, ал Мақпал Адамбаева атқарушы директоры болып тағайындалғаны хабарланды.
Форум қорытындысында «Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігі мен «Білім-инновация» халықаралық қоғамдық қоры арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
Іс-шара аясында республиканың әр өңірінен келген үздік медиаменеджерлер, бас редакторлар, журналистер, медиатренерлер, баспасөз қызметінің мамандары мен медиа ұйымдары Бас редакторлар клубының марапаттарына ие болды.
Аға буын өкілдерінің еңбегін ұлықтауға айрықша мән берілді. Клубтың ең жоғары наградасы «Ақпарат ардагері» медалі отандық журналистиканың дамуына сіңірген елеулі еңбегі үшін белгілі журналист, публицист Жанболат Аупбаевқа тапсырылды. Сондай-ақ дәстүрлі БАҚ пен цифрлық медиада танымал болған журналистер «Қазақстанның үздік медиаменеджері», «Қазақстанның үздік бас редакторы», «Қазақстанның үздік журналисі», «Қазақстанның үздік медиатренері», «Қазақстанның үздік медиамекемесі», «Баспасөз қызметінің үздігі», «Зерделі зерттеуші», «Үкілі үміт» марапаттарын иеленді.