Астана қаласында 2026 жылғы мектеп түлектеріне арналған салтанатты іс-шаралар кезеңінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында «Zhastarmen» жобасы аясында кешенді профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Сонымен қатар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алу мақсатында Есіл ауданында «Түнгі қаладағы балалар» жедел-профилактикалық рейдтік іс-шаралары өтуде.
Рейдтік жұмыстарына елорданың Төтенше жағдайлар департаменті құтқарушылары Астана қаласы әкімдігі, Білім басқармасы, Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия мүшелері, Полиция департаменті, Балалардың құқықтарын қорғау басқармасы және Қалалық психологиялық қолдау орталығының қызметкерлерімен бірлесіп, мектеп бітіру кештері өтетін орындарда және жастар көп жиналатын аумақтарда да қауіпсіздік шараларын күшейтті.
Судағы жазатайым оқиғалардың алдын алу мақсатында Есіл өзенінде катер мен құтқару кеудешелерін пайдалана отырып рейдтік іс-шаралар өткізді. Кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, су айдындарының қауіпті учаскелерінде, оның ішінде түнгі уақытта да, бақылау бекеттері ұйымдастырылып, жаяу патрульдеу жүргізілуде.
Қала тұрғындары мен жас өрендерді қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға, өз өміріне және жақындарының қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырамыз. Рейдтік іс-шаралар жалғасуда.