Астанада донорлық пен трансплантация мәселесіне қоғам назарын аударуға бағытталған дәстүрлі Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру – фестивалі өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Биылғы шараға 7 мыңға жуық адам қатысты. Қатысушылар EXPO аумағынан бастап, Түркістан және Ақмешіт көшелері арқылы Abu Dhabi Plaza бағытына дейін жүгіріп, бастапқы нүктеге қайта оралды. Фестиваль аясында 10, 3 және 1 шақырым қашықтықтарға жарыстар ұйымдастырылды.
Jüregımnıñ Jenımpazy 2018 жылдан бері өткізіліп келеді. Жоба трансплантацияны күтіп жүрген пациенттерді қолдауға, донорлық туралы ақпараттандыруды арттыруға және салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған. Фестивальге қатысушылар саны да жыл сайын артып келеді. Мәселен, 2024 жылы шараға 4 200-ден астам адам қатысса, 2025 жылы олардың саны шамамен 5 мыңға жеткен.
Heart Center Foundation қоғамдық қорының директоры Мұрат Зауыровтың айтуынша, Jüregımnıñ Jenımpazy атты жүгіру-фестивалі қоғам үшін өте қажет. Трансплантацияда оң динамика байқалады. Мысалы, 2022 жылы елімізде тек 2-3 ота жасалса, 2025 жылы жүрек ауыстыру бойынша 18 ота өтті. Әзірше трансплантация мәселесіне қатысты тек Jüregımnıñ Jenımpazy жүгіру шарасы ұйымдастырылады. Қоғамда бұдан әрі ақпараттандыруды арттыру үшін өзге қалаларда да осындай фестиваль өткізілуі тиіс.
2026 жылдың бірінші жартыжылдығында елімізде ағза трансплантациясы бойынша 150 операция жасалды. Оның ішінде 108 бүйрек трансплантациясы, 31 бауыр трансплантациясы, 5 жүрек трансплантациясы, 2 өкпе трансплантациясы орындалды.
Фестиваль аясында тұрғындарға трансплантация бойынша ақпараттар кеңінен түсіндіріліп, Орынхан, Мархаба Сәби, сондай-ақ Бүркіт пен Аиша сынды танымал әншілер шараның көркін қыздырды.
Қанат Байұзақов