Зерделі ұлт қалай қалыптасады?

Зерделі ұлт қалай қалыптасады?

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру шаралары туралы» Жарлығына қол қоюы маңызды қадам болды. Әлемдік деңгейдегі саясат ұстараның жүзіндей аударылып тұрған кезеңде Президентіміз кітап оқу мәселесіне не себепті ерекше назар аударды? «Игі істің басына, жақсы келер қасына» деген ұлағатты сөз бар. Болашақ ұрпақтың кітап оқу мәдениеті дамымайынша, зерделі ұрпақ қалыптаспайды.

Қазіргі кезде кітап оқитын көкірегі ояу, көзі ашық ұрпақ қалыптасу үшін жан-жақты жағдай туғызу мәселесі бірте-бірте қолға алынып-ақ жатыр. Әлі де дами түспек. Кітапхана жұмысы жанданып, кітап тарату ісі жүйеленіп, ұлттық әдеби мұраны насихаттау жұмысы жалғасып, сапаны арттыру міндеті атқарылып жатыр. Балалардың кітап оқуға ынтасын арттыру мақсатында «20 минуттық оқу», «8 минуттық оқу» жобалары жүргізілуде. Биыл «Кітап оқитын ұлт» тұжырымдамасы бойынша «Жылдың үздік 10 оқырманы» жобасы іске қосылады.

Кітап оқу мәселесіне ерекше назар аударылу себебі, біз әлі «Кітап оқитын ұлтқа» айналған жоқпыз. Кітап оқитын ұлтқа айналу үшін ең алдымен «Кітап оқитын отбасына» айналу керек. Осы қадамнан кейін «Кітап оқитын мектепке» айналамыз. Барлық кезеңде кітап оқитындар да, оқымайтындар да болған. Ал қазіргі кезең балаларының әлеуметтік желіде тым көп отыруына байланысты кітап оқымайтындар саны көбейгені жасырын емес. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін үздіксіз әрекет керек. Болашақтан үміт күтіп, жауапкершілікті сезінетін үлкендер, ата-аналар, мектеп ұжымы, ел басқарушылар, бүкіл қоғам болып атсалысуы керек.

«Адамды адам еткен – кітап, адамзат еткен – кітапхана» деп ұлтымыздың абыз жазушысы Әбіш Кекілбаев айтқан екен. 2007 жылы Астанада халық­аралық оқу конгресі өтті. Әлемнің 19 мемлекетінен жиналған зиялы қауым көтерген ең өзекті мәселе сауатты, тәрбиелі оқырман тәрбиелеу еді. Классик жазушы Әбіш Кекілбаев өз баяндамасында өркениет көшінде ғылым мен техника қарыштап дамыса да, көркем мәтінді оқудың құндылығын айрықша атап өтті. Оқу конгресінің секция жұмысында «Отбасылық сауаттылық» авторлық жобамның идеясымен бөлісіп, кітап оқу саласындағы өз тәжірибеммен бөліскенімді зор мәртебе санаймын.

Отбасылық сауаттылықтың тамыры тереңде екені тарихтан белгілі. Қан майданда жаудан беті қайтпаған хас батыр Бауыржан Момышұлы неден қорыққан? Ол «Баласына бесік жырын айта алмайтын аналардан корқамын, немересіне ертегі айта алмайтын әжелерден қорқамын» деген екен. Қазіргі заманның кеселі де осы емес пе? Тарих көшін түгендесек, Зере әжесінің зердесінен, шешендік өнердің шебері әкесі Құнанбайдың өнегесінен, Ұлжан ананың даналығынан тәлім алған Абай отбасының ықпалымен адамзаттың Абайына айналды. Асқар таудай алыбымыз, заңғар жазушы Мұхтар Әуезовті атасы Әуез Абай өлеңдерінің қолжазбасымен сауаттандырды. Осының бәрі қазақ даласында даналарды тәрбиелеген отбасылық сауаттылықтың арқасы дер едім.

Өткенге көз жіберсек, кешегі біздің ата-аналарымыз да газет, журнал, кітап оқитын сауатты адамдар болған. Келесі толқын біз де кітапқұмар ұрпақ болып өстік. Бірде көрнекті жазушы, драматург Дулат Исабековтің сұхбатын тыңдап едім. «Бұрын маған қазақ даласы үлкен кітап оқитын зал сияқты елестейтін. Барлық адам кітап оқып отыратын. Кенеттен бәрі «дүрк етіп» далаға шығып кеткендей... Кітап ашық тұр. «Оқырмандар залға қашан оралар? Оқырмандар, сендерді кітаптар күтуде» деген еді сонда қаламгер.

Кітапханалар, мәдени ошақтар түгел жабылған, қилы кезең, өліара уақыт та өтті. Енді жаңа ғасыр басталды. Бұл ғасырдың да өз келбеті, өз жаңалығы, жақсылығы мол, сонымен қатар қиындығы мен мәселесі де жетерлік. Ғылым мен техникамен қоса жасанды интеллект де дамуда. Бәрін меңгеру – мақсат, ал кітаптың орны бөлек. Кітап – ұлттың зерделі ақыл-ойы. Балалардың бойындағы рух пен намыс олардың оқыған кітабы арқылы қалыптасады. Қоғамда ой-сана, құндылықтар, тәрбие мен таным ғажайып кітаптарды оқу, көңілге тоқу арқылы жүректерге жол табады.

Ұзақ жылдық ұстаздық қызметім, өз отбасымдағы кітап оқу тәжірибем арқылы өзімнен кейінгі буынға үлгі көрсету, тәжірибеммен бөлісу аманатым деп білемін. Қазіргі кезде Астана мектептерінде «Оқу клубтарын» ашып, балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын ата-ана, ұстаздармен бірлесе отырып арттыруға тынымсыз әрекет жасаудамыз. Халқымызда «Қалауын тапса, қар жанар» деген тәмсіл бар. Кітап оқудың түрлі әдісі мен жолын тауып, оқу ортасын құра білсек, кітап оқымайтын бала жоқ. Қала мектептерінде «Оқу клубтары» жұмысын жүзеге асыруды Астана қаласы әкімдігінің Әдістемелік орталығы «Профессор сабағы» жобасы аясында дамытудамыз. Бұл істі оңай деп айта алмаймын, бірақ болашақ үшін қадірлі әрекет.

«Бала – балқытылған алтын, оны қандай қалыпқа құйып, нендей мүсін жасайтыны – тәрбиешінің қолында» депті дана халқымыз. Ендеше Президентіміздің «Кітап оқитын зерделі ұлтқа айналу» идеясын қолдайық!

Алтын МОМЫНҚҰЛОВА,

ардагер ұстаз