Жемісі де, табысы да көп...

Жемісі де, табысы да көп...

Жаз шыға салысымен елорда іргесіндегі орман алқаптары ерекше тіршілікке бөленеді. Таң қылаң бере қолына шелек пен себет ұстаған адамдар орманға қарай ағылып, кешке қарай қалаға кіреберіс жолдардың бойында жаңа терілген қарақат саудасы қызады. Бір қарағанда, бұл жыл сайын қайталанатын үйреншікті көрініс сияқты. Алайда осы маусымның астарында табиғи байлықты тиімді пайдалану, ауыл тұрғындарының маусымдық табысы, экологиялық мәдениет және Астана маңындағы жасыл белдеудің экономикалық әлеуеті сияқты бірнеше маңызды мәселе жатыр.

Жасыл белдеудің экономикалық тиімділігі

Ақмола жаңа астана мәртебесін алғаннан кейін жүзеге асқан ең ауқымды экология­лық жобалардың бірі – елорданың жасыл белдеуі болды. Кең-байтақ даланың ортасында орналасқан қаланы желден қорғау, климатты жұмсарту және экологиялық ахуалды жақсарту мақсатында жүз мың гектардан астам аумаққа ағаш отырғызылды. Қазір бұл орман алқабы Көкшетау өңірінің табиғи ормандарымен сабақтасып, тұтас экожүйе қалыптастырды. Сарапшылардың пікірінше, жасыл белдеу жылдар өте келе өңірдің микроклиматына оң әсер етті. Қыста боранның күші бәсеңдеп, аязды күндердің әсері біршама жеңілдей түсті.

Орман тек климатқа ғана емес, биоалуантүрлілікке де ықпал етті. Жаңа егілген жасыл орманның арасында қырғауыл, бөдене, шіл, қоян, түлкі, қарсақ, бұлдырық, елік сияқты жануар­лар мен құстардың да саны көбейді. Ал қарақат сияқты жабайы жидектердің молаюы жасыл белдеудің тағы бір экономикалық мүмкіндігін көрсетті. Яғни бұрын тек қорғаныш мақсатында отырғызылған орман бүгінде халыққа экологиялық, әлеуметтік және экономикалық пайда әкеліп отыр.

Елорда әкімдігінің ақпаратына сәйкес, құстар санын, оның ішінде қырғауылдарды көбейту үшін жыл сайын қырғауыл мекендерін кеңейту және реконструкциялау жүргізілді. Бұл қырғауыл санын жылына неше мың құсқа дейін арттыруға мүмкіндік береді. Қырғауыл өсіру зиянкес жәндіктермен күресуге және санитарлық-қорғау аймағын табиғи орман жағдайына жақындатуға көмектеседі.

Қысқа маусым – қызу еңбек

Қарақат теру науқаны елорда маңындағы ормандарда жыл сайын шамамен 20-25 маусым аралығында басталып, ауа райына қарай 10-15 шілдеге дейін жалғасады. Яғни табиғи өнімді жинауға небәрі үш-төрт апта ғана уақыт қажет. Осы аралықта жүздеген адам ересек бала-шағаларын ертіп, таңсәріден орманға барып, күн батқанша жидек тереді. Соңғы жылдары олардың қатары тіпті көбейе түскен. Тіпті басқа облыстардан келіп, туыстарының үйіне уақытша тұрақтап, бір ай бойы жидек теріп нәпақа тауып жүргендер бар. Жергілікті тұрғындардың айтуынша, шетелден, соның ішінде Моңғолиядан келіп, бір ай бойы қарақат теріп, елеулі табыс тауып қайтатын азаматтар да кездеседі. Бұған бір жағынан, халықтың табиғи өнімге деген сұранысы әсер етсе, екінші жағынан жидек теру маусымдық табыс табудың тиімді жолына айналуы себеп.

Қарақат теру – көптеген отбасы үшін жай ғана жазғы кәсіп емес, тұрмыстық табыс көзі. Әсіресе елорда маңындағы ауылдардың тұрғындары бұл маусымды асыға күтеді.

Орманшылардың есебінше, бір гектар қарақат алқабынан орта есеппен үш тоннаға жуық өнім жиналады. Ал жол бойындағы сауда орындарында бір шелек қарақат 3 мың теңгеден сатылса, қала ішіндегі шағын базарларда оның бағасы 3,5-4 мың теңгеге дейін жетеді.

Баланы еңбекке баулудың бір жолы

Бұл кәсіптің тиімділігі отбасы болып еңбек еткенде арта түседі. Ересек балалары бар жанұялар бірлесіп қарақат терсе, бір күнде 20-30 шелек өнім жинауға мүмкіндік бар. Одан түскен қаражатқа кейбір ауыл тұрғындары күзгі мал азығын сатып алады, енді бірі балаларын мектепке дайындайды немесе күнделікті тұрмыс шығындарын өтейді.

Жазғы каникул кезінде ауыл балалары табиғат аясында еңбекке араласып, бос уақытын пайдалы өткізсе, қала балаларының біразы күнін үйде өткізіп, телефонға телміріп, түске дейін ұйықтауға әуес. Мұндай өмір салты баланың зейіні мен есте сақтау қабілетінің төмендеуіне, қозғалыс белсенділігінің азаюына және денсаулығына кері әсер етуі мүмкін.

Ал қарақат теру секілді мау­сымдық жұмыс балаларды еңбекке баулып қана қоймай, жауапкершілікке, төзімділікке және табандылыққа тәрбиелейді. Ең бастысы, олар маңдай терімен тапқан алғашқы табыстың қадірін түсініп, адал еңбектің бағасын ерте жастан сезінеді. Бұл – еңбекқорлық пен үнемшілдікке баулитын, өмірлік тәжірибе қалыптастыратын маңызды тәрбие мектебі.

– Жыл сайын балаларымды міндетті түрде қарақат теруге ертіп шығамын. Әйелім екеуміз күніне 15-20 шелек қарақат терсек, балаларымыз да ойнап-күліп жүріп 5-6 шелек өнім жинайды. Алғаш келгенде қарақат терудің өзі оларға қиын болды. Бұталарға сүрініп, тез шаршайтын. Сол кезде балалардың телефонға көп телміргеннен көру қабілеті де әлсіреп бара жатқанын байқадым. Бірнеше күн еңбек еткеннен кейін көздері де, қолдары да үйренді. Қазір үш баламның да қарақат теруге әбден машықтанғаны сонша, кейде бізден де жылдам қимылдайды. Өз еңбегімен ақша тапқан соң, оның қадірін де түсінді. Былтыр 10-15 күннің ішінде бірнеше жүз мың теңге табыс тауып, жаңа оқу жылына қажетті киім-кешегі мен мектеп сөмкесін өздері сатып алды. Бізге салмақ салмайды. Ең бастысы, адал еңбектің наны тәтті екенін сезінді, – дейді астаналық тұрғын Ертай.

Біз барған сәтте оның екі баласы ата-анасымен бірге қарақат теріп жүрсе, тағы біреуі жол бойында жиналған өнімді сатып тұр екен.

– Құр қайтқан күніміз жоқ. Өткен жылы кейбір күндері 200 мың теңгеге дейін табыс таптық. Жалпы, бір маусымның өзінде 2-3 миллион теңге табыс тауып жүрген отбасылар да бар. Биыл да табысымыз жаман болмас деп ойлаймыз, – дейді Ертай.

Қарақат маусымының қызған шағында орманға келушілер саны артқан сайын табиғатты қорғау мәселесі де өзекті бола түседі. Орманшылар келушілерге бұталарды сындырмауды, қоқыс қалдырмауды және өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауды ескертеді. Жабайы қарақаттың келесі жылы да мол өнім беруі көбіне бүгінгі ұқыптылыққа байланысты. Егер бұталарға зақым келтірілсе немесе орманның табиғи тепе-теңдігі бұзылса, оның зардабы бірнеше жыл бойы сезілуі мүмкін. Бұл да – жидек терушілер ескеретін мәселе.