Дала қоңырауы

Дала қоңырауы
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Алматы ауданы Ардагерлер кеңесінің ұсынысы бойынша «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының қызмет алушыларынан құрылған «Ұрпаққа аманат» зияткерлер клубы мен № 98 мектеп-лицейінің оқушылары бірлесіп өткізген «Дала қоңырауы» атты әдеби-танымдық кеш өтті.

Бұл шара ұлы ағартушы, ұстаз, жазушы, педагог, балалар әдебиетінің негізін қалау­шы Ыбырай Алтынсариннің 185 жылдық мерейтойына арналды.

Кештің мақсаты – ұлы ағартушының өмірі мен шығармашылығын насихаттау, жас ұрпақты білімге, өнерге, адамгершілікке тәрбиелеу, сондай-ақ зейнеткерлер мен мектеп оқушылары арасындағы ұрпақ сабақтастығын нығайтып, «Ұрпаққа аманат» жобасы аясында өнегелі тәрбие беру.

Жүргізуші, зияткерлер клубының белсенді мүшесі Майшекер Жаннатова өз сөзінде: «Ыбырай Алтынсарин – қазақ халқының беткеұстар ұлдарының бірі. Ол бар ғұмырын халқына білім беруге, балалардың көзін ашуға арнады. Ұлы ұстаздың «Кел, балалар, оқылық!» деген үндеуі бүгінгі ұрпаққа да жол көрсетіп отыр» деді.

Ы.Алтынсарин 1841 жылы 20 қазанда қазіргі Қостанай облысы аумағында дүниеге келген. Әкесі ерте қайтыс болып, атасы Балқожа бидің тәрбиесінде өседі. 1850 жылы Орынбор қаласындағы қазақ балаларына арналған мектепке түсіп, оны 1857 жылы үздік аяқтайды. Білімге құштар Ыбырай халыққа қызмет етуді мақсат етеді. 1864 жылы 8 қаңтарда Торғай қаласында қазақ балаларына арналған алғашқы мектептердің бірін ашып, балаларды оқуға, өнерге, білім мен еңбекке шақырады.

Ұлы ағартушының қысқаша өмірбаяны таныстырылған соң, мектеп-лицей оқушылары ақынның «Кел, балалар, оқылық!», «Өзен», «Қарға мен түлкі», «Өнер-білім бар жұрттар» өлеңдерін жатқа оқыды. «Ұрпаққа аманат» зияткерлер клубының ата-әжелері мен оқушылар бірігіп «Ұстазым» әнін шыр­қады. Мұндай бірлестік жиналғандарды шынайы сезімге бөлеп, ерекше әсер қалдырды.

Бұдан соң ардагерлеріміз жас ұрпаққа ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Арқалық қаласының құрметті азаматы, «Құрмет» орденінің иегері, ардақты ұстаз Жәнібек Ғап­басұлы өзінің өнегелі өмір жолына қысқаша тоқталып, жас ұрпақтың сапалы білім алуына тілектестігін білдірді. Ал зияткерлер клубының белді мүшесі, Зайсан қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, абайтанушы Қалибек Алтынбай өнерлі ата-әжелер мен оқушыларға ақ батасын берді.

Мектеп-лицей әкімшілігі тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары Ақшабақ Сұлтанованың атынан ардагерлерге тағылымды кеш өткізгендері үшін ризашылық білдіріп, «Алғыс хат» табыс етті.

Баянды ӘЛПИ,

ҚР Жазушылар одағының мүшесі, Алматы ауданы Ардагерлер кеңесі медиатобының жетекшісі