Жадыраған жаз шықса мемлекет те, ата-ана да баланың жазғы демалысын ойлайды. Өйткені бос уақыт көп. Оны тиімді ету бәріне парыз болып тұр. Жүгенсіз жібермей, пайдалы етіп өткізу аса маңызды. Үкімет дерегінше, бүгінде ел бойынша 10,8 мың ұйымда 3,2 млн-нан астам бала жазғы демалыспен қамтылған. Оның ішінде жыл бойы және маусымдық жұмыс істейтін 176 орталықта 116 мыңнан астам бала сауықтырудан өтсе, тағы 3,1 млн-нан астам бала 10,7 мыңнан астам мектеп жанындағы лагерь мен қосымша білім беру ұйымында демалыпты.
Елордада да балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру жүйелі түрде жалғасын тауып жатқанға ұқсайды. Себебі өзге өңірлер бас қалаға қарап бой түзейтіні анық.
Астана қаласы Білім басқармасының мәліметінше, биыл 242 мыңнан астам оқушыны жазғы демалыс және сауықтыру шараларымен қамту жоспарланған. Бүгінге дейін демалыстың алғашқы екі кезеңінде 180 мыңға жуық бала түрлі лагерлер мен жазғы жобаларға қатысып үлгерді. Қазіргі уақытта үшінші маусым жалғасын тауып отыр.

Жазғы демалысты ұйымдастырудағы басты мақсат – әрбір оқушының уақытын мазмұнды, пайдалы әрі қауіпсіз өткізуіне жағдай жасау. Бұл бағытта әлеуметтік осал санаттағы отбасылардың балаларына ерекше көңіл бөлінуде. Қазіргі таңда 11 мыңнан астам бала жазғы демалыспен қамтылып, оның ішінде 2681 оқушы жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңімен қала сыртындағы сауықтыру лагерлеріне жіберілуде.
«Барап» балаларды сауықтыру лагері 1600-ден астам баланы қабылдайды. Мұнда қауіпсіз әрі сапалы демалысты ұйымдастыру үшін барлық жағдай жасалған. Оқушылар спорттық, шығармашылық, мәдени-танымдық және зияткерлік іс-шараларға қатысып, таза ауада тынығып, жаңа достар тауып, өз қабілетін дамытуға мүмкіндік алуда. Лагерь жұмысы санитариялық талаптар мен қауіпсіздік нормаларына сәйкес ұйымдастырылған.
Балдырғандардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мақсатында мектеп жанындағы бейіндік лагерлер де жұмыс істеуде. «Дидарлы жаз-2026» жобасы аясында оқушылар спорт жарыстарына қатысып, салауатты өмір салтын насихаттауда. Ал «Атамекен» этнолагерлерінде балалар ұлттық құндылықтармен, қазақ халқының салт-дәстүрі және мәдени мұрасымен таныса алады.
Астана қаласы Білім басқармасының баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызының сөзінше, балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру барынша қолға алынған. Ең бастысы қауіпсіздік ережелері қатаң сақталып отыр.
– Қосымша білім беру ұйымдарының базасында қысқамерзімді клубтар мен тақырыптық лагерлер ұйымдастырылып, мыңдаған баланың жазғы демалысын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасалған. Қауіпсіздік – басты назардағы мәселе. Осыған байланысты білім беру ұйымдары, полиция, төтенше жағдайлар қызметі, санитариялық-эпидемиологиялық бақылау және денсаулық сақтау саласының мамандарымен бірлесіп қауіпсіздік талаптары бойынша нұсқамалар өткізіліп, түсіндіру жұмысы жүргізілді. Барлық ұйымға арнайы жадынамалар таратылды, қауіпсіздік талаптарының сақталуы – тұрақты бақылауда. Астана қаласында балалардың қауіпсіз, қызықты әрі мазмұнды жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы жұмыстар жазғы маусым аяқталғанға дейін жүйелі түрде жалғасады, – деді Білім басқармасының өкілі.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, қалада күндізгі лагерлер де жетерлік. Дәлірек айтқанда, оларда да тіл мектептері, IT-орталықтар және жекеменшік лицейлер базасында «Мирас», «Oxford», «Speakaboo» жазғы лагерлері ұйымдастырылады. Қала ішіндегі 5 күндік лагерлердің бағасы орта есеппен 40000 теңгеден басталады. Бурабай немесе өзге де шипажай аймақтарындағы, қала сыртындағы «Приозерный», «Хилтон» сияқты ақылы лагерлер бағдарламасына қарай 150-400 мың теңге аралығын қамтиды.

Таңның атысынан күннің батысына дейін тұрмыстың қамымен жүрген ата-аталар кей-кейде бала-шағаға уақыт бөле алмай жатады. Өйткені «қыстың қамын жаз ойла» дегендей, күн жылы кезде барынша еңбек етіп, тіпті қосымша жұмыс істеп, табыс тауып, қор жинау үшін алыс жақтарға да кететіні анық. Сондықтан жазғы лагерлер ата-аналар үшін таптырмас орын болып отыр.
Астана қаласы әкімдігіне қарасты «Өркен» балалар мен жасөспірімдер дене тәрбиесі орталығының директоры Ғинаят Сыздықов балаларға арналған патриоттық іс-шараларды ұйымдастыру кезінде пікір білдірген еді.
– Өскелең ұрпақтың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру үшін әскери-патриоттық шаралар ұйымдастырылып келеді. Бұл бір жағынан әр баланың бос уақытын тиімді пайдаланып, ұлттық патриоттық тәрбиеге баулиды. Екінші жағынан гаджеттер мен смартфондардан бас тартып, спорт жаттығуларымен шұғылданып, зерек болып өсуі үшін жасалып жатыр. Ілкімді жұмыстар олардың бойына күш-жігер беріп, мықты азамат болып қалыптасуына септеседі, – дейді ол.
Бастауыш сыныптардың 75 мыңнан астам оқушысы мектеп жанындағы лагерлермен қамтылуда. 5-10-сыныптың 89 мыңға жуық оқушысы «Оқитын ұлт: ozyq ult», «Болашақ LAB», «Green city: балалар таңдауы», «Әділет camp», «Smart bala», «Саяхат&Спорт» сияқты бейіндік лагерлерге қатысады.
Жазғы демалыс аясында 32 мектеп жанынан «Атамекен» этнолагері ашылып, балаларға ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған іс-шаралар ұйымдастырылуда. Жекеменшік мектептер базасында да 35 мыңнан астам баланың демалысын қамту көзделген.
Әл-Фараби және Махамбет Өтемісұлы атындағы Оқушылар сарайларында, «Таным» кешенінде «Kidshub tanym», «Жұлдыздар академиясы», «Sport mix», «Eco life» бағыттарындағы арнайы жобалар жүзеге асуда. Осылайша, Астанада балалардың жазғы демалысын мазмұнды әрі қауіпсіз ұйымдастыру, олардың шығармашылық, зияткерлік және спорттық дамуына жағдай жасау бағытындағы жұмыстар кешенді түрде жүргізілуде. Айта кетейік, биыл елордада жазғы демалыс кезеңінде лагерлерге қатысу 1-10-сынып аралығын қамтыды.
– Балаларым жылда жазғы лагерге қатысып, демалып келеді. Тіпті Бурабайға барып, 15 күн демалып, өзіне достар табады. Өзімнің 5 балам бар. Үлкендерім мектепті бітіріп қалды. Кейінгілері 5-6-сыныптарда оқиды. Сондықтан әзірге ұзаққа жібермеймін. Бір балам сабақты үздік оқып, домбыра үйірмесіне қатысып жүр. Сондықтан қаладағы этнолагерге қатыстырғанды құп көрдік. Өйткені қала баласы жаһандану процесіне, интернетке мейлінше жақын болады екен. Ал ұлттық құндылықтарға қарай бейімдесек, домбырада ойнап, алтыбақан теуіп, асық атып үйренсе, ұлттық болмысымызды сезінер деген ниеттемін. Сол үшін де лагердің берері көп. Қазір мемлекеттік балалар лагерлерінде 3-5 мезгіл ыстық тамақ пен сусындар беріліп, керемет жатын орындар мен түрлі үйірмеге бейімделген алаңқайлар жасалған. Жекеменшік лагерлерден еш кем түспейді. Ең бастысы көпбалалы жанұялар, аз қамтылған отбасылардың балаларының жазғы демалысын барынша ойлап, тегін үйірмелерге баруына ақпараттандырып, қолдау жасаса, көптеген отбасы үшін зор қолдау болар еді, – деп түйді ата-ана Айнагүл Әбілбек.
Тоқетері, әр баланың қауіпсіздігі, бақытты балалық шағы, дұрыс тынығуы, сергіп өсуі, жан-жақты болуы ата-ана үшін де, мемлекет үшін де маңызды. Көпбалалы, аз қамтылған жанұялардың балаларының жағдайы да естен шығарылмай, оларға жасалатын қамқорлық артса, елге үлкен кәде. Ал баланың балалық шағын ойлау болашаққа салынған инвестициямен тең.