Астана қаласындағы «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде» «Абай тағылымы: хакім сөзі және заманауи ойлау» атты әдеби-танымдық кездесу өтті. К. Бәйсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университетінің ұстазы, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, театр және кино актрисасы Айгүл Иманбаеваның жетекшілігімен 3-курс студенттері Абайдың «Қара сөздері» негізінде дайындалған әдеби-сахналық композициялық қойылым ұсынды.
Қойылым хакім мұрасын көркемдік тұрғыдан танытып, оның идеяларын жаңа буынның қабылдауы арқылы жеткізуге бағытталған.
- Іс-шараның басты мақсаты – ұлы ақын, ойшыл Абай Құнанбайұлының қара сөздеріндегі рухани-философиялық ойларды заманауи көзқарас тұрғысынан таныту, хакім мұрасын кеңінен насихаттау және жастардың кітап оқуға, сыни ойлауға, өзіндік пікір қалыптастыруға деген қызығушылығын арттыру болатын. Кездесу барысында Абайдың білім, еңбек, адамгершілік, әділет, мінез және рухани жауапкершілік туралы ойлары бүгінгі қоғаммен сабақтастырыла талқыланды. Қатысушылар хакімнің даналық сөздерінің мәнін тереңірек түсініп, олардың қазіргі адам өміріндегі маңызы жөнінде ой бөлісті, -деді филология ғылымдарының кандидаты, «Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі» директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлнәр Сапарбекова.
Іс-шараға колледж студенттері, оқытушылар, әдебиет сүйер қауым, оқырмандар клубтарының өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Барлығы екі жүзге тарта көрермен қамтылды. Кездесудің басты ұстанымы – «Абайды оқу – өзіңді тану, Абайды түсіну – өзіңді өзгертуге қадам жасау». Іс-шара ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, рухани сабақтастықты нығайтуға және Абай мұрасын күнделікті өмірмен байланыстыруға ықпал еттті.