Жауапкершілік кабинадан басталады

Жауапкершілік кабинадан басталады
фото: Оңалхан Өнерхан

19 қазанда Қазақстанда Құтқарушылар күні аталып өтеді. Өрт сөндірушілер туралы сөз болғанда, көпшіліктің көз алдына жалын шарпыған ғимаратқа кіріп, отпен арпалысқан мамандар елестейді. Алайда өрт сөндіру жұмысы басталмай тұрып-ақ үлкен жауапкершілік жүктеледі. Өрт сөндіру жасағын оқиға орнына дер кезінде жеткізу, техниканың үздіксіз жұмысын қамтамасыз ету, су қорын дұрыс есептеу – мұның бәрі жүргізушінің кәсіби шеберлігіне байланысты. Осы міндеттерді абыроймен атқарып жүрген азаматтың бірі – Астана қаласындағы №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізушісі Бағдат Құлбаев, деп  хабарлайды astana-akshamy.kz. 

Білім жолынан құтқарушылық қызметке дейін

Бағдат Құлбаевтың мамандық таңдауы бірден қалыптаса қойған жоқ. Ол Қостанай облысы Амангелді ауданына қарасты Иманов ауылында дүниеге келген. Мектепті тәмамдаған соң Ыбырай Алтынсарин атындағы Рудный әлеуметтік-гуманитарлық колледжіне оқуға түсіп, математикалық бағытты таңдаған.

2004 жылы Қостанай облысы Алтынсарин ауданының Үлкен Чураковка ауылындағы орта мектепте математика пәнінің мұғалімі болып еңбек жолын бастайды. Кейін Өскемен қаласында мерзімді әскери қызметін өтейді. Алғашқы мамандығы мен өмірлік тәжірибесі оның болашақта төтенше жағдайлар саласында қызмет ететінін аңғартпағанымен, уақыт өте келе ол адамдарға көмектесуді мақсат еткен жаңа жолды таңдайды.

Бұл шешімге ағасының ықпалы зор болды. Ағасы Қостанай облысының өртке қарсы қызмет жүйесінде еңбек еткен. Оның ұсынысымен Бағдат та осы салада өзін сынап көруге бел буады. Әскерден кейін медициналық комиссиядан өтіп, психологиялық сынақтар тапсырып, дене дайындығын тексеруден және әңгімелесуден өтеді. Осылайша жауапкершілігі жоғары қызметке алғашқы қадамын жасайды.

– Негізі, бұл жолды таңдаймын деп ойлаған жоқпын. Бір күні ағам телефон соғып: «Қаласаң, дайындал, менің жолымды жалғастыр», – деді. Содан осы мамандықты таңдадым. Адамдарға көмектескен ұнайды. Бұл жұмысқа келгеніме өкінбеймін, – дейді Бағдат Құлбаев.

Ол өртке қарсы қызметке 2011 жылы келді. Еңбек жолын Қостанай облысында өрт сөндіруші болып бастап, Рудный қаласында жұмыс істеді. 2015 жылы отбасылық жағдайына байланысты Алматы қаласына ауысып, Наурызбай ауданындағы №18 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде қызмет атқарды.

Өрт сөндіруші ретінде жинаған тәжірибесі қазіргі жұмысына да үлкен көмегін тигізіп келеді. Өйткені ол өрт сөндіру жасағының міндеттерін техниканы басқаратын маман ретінде ғана емес, жалынмен тікелей күрескен қызметкер ретінде де жақсы біледі. Биылғы ақпан айында арнайы техника жүргізушісі қызметіне ауысып, бүгінде елордадағы №24 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде еңбек етіп жүр.

Техника тілін түсіну – кәсіби міндет

Сырт көзге өрт сөндіру көлігінің жүргізушісі үшін ең басты міндет шақырту орнына тез жету болып көрінуі мүмкін. Алайда ауыр әрі арнайы жабдықталған көлікті басқару мұнымен шектелмейді. Жүргізуші көліктің техникалық мүмкіндіктерін жетік меңгеріп, су мен көбікті беру жүйесін түсінуі, қысымды дұрыс есептеуі және өрт сөндіруге қажетті су қорының қанша уақытқа жететінін білуі керек.

Әсіресе су көздерін анықтау – жұмыстың маңызды бөлігі. Өйткені заманауи өрт сөндіру техникасының өзі тұрақты су көзі болмаса, ұзақ уақыт үздіксіз жұмыс істей алмайды. Сондықтан жүргізуші қала аумағындағы өрт гидранттарының, су қоймаларының және өзге де су көздерінің орналасуын жақсы білуге тиіс.

Бұл бағытта бөлім қызметкерлері Maps.me қосымшасын пайдаланады. Онда қаладағы су көздері белгіленіп, олардың жағдайы туралы ақпарат көрсетіледі. Дегенмен цифрлық картаға ғана сүйену жеткіліксіз. Әр көшені, аумақтың ерекшеліктерін және су көздерінің орналасуын тәжірибе арқылы білу де маңызды. Әсіресе №24 бөлімнің жауапкершілік аумағы ауқымды болғандықтан, мұндай білім төтенше жағдайда уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді.

– Жүргізуші автомобильдің техникалық сипаттамалары мен мүмкіндіктерін жақсы білуі керек. Өртті сөндіруге қанша су қажет болатынын, бір автоцистернадағы су қоры қанша уақытқа жететінін, суды қандай қысыммен беру керектігін, оны биікке немесе алыс қашықтыққа қалай жеткізуге болатынын түсінуіміз қажет. Мұның бәрі жеке құрамның жұмысын дұрыс ұйымдастыру үшін керек, – деп түсіндіреді ол.

Жүргізушінің тағы бір маңызды міндеті – көліктің техникалық жағдайын үнемі бақылау. Кезекшілік кезінде өрт сөндіру машинасы кез келген сәтте жолға шығуға дайын болуы керек. Ал оның жабдықтары мінсіз жұмыс істеуге тиіс.

Қажет болған жағдайда қызметкерлер ұсақ жөндеу жұмыстарын өздері атқарады. Егер ақау күрделі болса, арнайы сервистерге жүгінеді. Бағдаттың техникаға деген қызығушылығы бала кезінен қалыптасқан. Бұл ретте әкесінің үйреткені көп.

– Әкем маған көлік жүргізуді де, жөндеуді де үйретті. Ұсақ-түйек жөндеу жұмыстарын өзіміз жасаймыз. Ал күрделі бөлшектер бұзылса, ол туралы тиісті ақпарат беріп, сервистік орталыққа жүгінеміз, – дейді ол.

Әр шақырту – жаңа сынақ

Өрт сөндірушілердің жұмысы бір ғимараттың немесе бір ауланың аумағымен шектелмейді. Шақыртулардың сипаты да әртүрлі: жеке тұрғын үйлердегі өрттен бастап өндірістік нысандардағы төтенше жағдайларға дейін кездеседі.

Оқиға орнына жеткен соң мамандар өрттің аумағын, адамдарға және жақын маңдағы ғимараттарға төнетін қауіпті бағалайды. Қажет болған жағдайда қосымша күштер шақыртылады. Ірі оқиғалар кезінде басқа аудандардағы өрт сөндіру бөлімдері де көмекке келеді.

Мұндай жағдайда жүргізушінің жауапкершілігі көлікті оқиға орнына жеткізумен ғана аяқталмайды. Ол техниканың өрт сөндіру жұмыстарына толыққанды қатысуын қамтамасыз етіп, оқиға аяқталған соң жеке құрамды бөлімге аман-есен жеткізуге міндетті.

Қызмет тәулік бойғы кезекшілік тәртібімен ұйымдастырылған. Бөлімде төрт кезекші қарауыл бар. Әр ауысым белгіленген құраммен қызметке түседі. Кезекшілік басталар алдында қызметкерлер туралы мәліметтер «101» нөміріндегі шақыртуларды қабылдау және өңдеу орталығына беріледі.

Қарауылдың қарамағында үш өрт сөндіру автоцистернасы мен автосаты бар. Қай техниканың жұмылдырылатыны оқиғаның сипатына және қалыптасқан жағдайға байланысты шешіледі. Әрбір шақыртуда техника мен мамандардың мүмкіндігін дұрыс үйлестіру маңызды.

Жолдағы жауапкершілік те маңызды

Өрт сөндіру көлігі шақыртуға асыққанымен, жолдағы жағдай әрдайым болжамға бағына бермейді. Бағдаттың байқауынша, соңғы жылдары жүргізушілер көк түсті жарқылдауық шамдары қосылған арнайы көліктерге жол беруге жиірек көңіл бөлетін болған.

Оның айтуынша, адамдар өрт сөндіру көлігіне ғана емес, жедел жәрдемге, полицияға және басқа да шұғыл қызметтердің көліктеріне жол берудің маңызын біртіндеп жақсырақ түсініп келеді.

Кейде көмек күтпеген жерден де табылады. Бағдат Алматыда өрт сөндіруші болып жұмыс істеген кезінде болған бір оқиғаны әлі күнге дейін ұмытпайды. Жеңіл автокөліктің өртенгені туралы хабар түсіп, өрт сөндіру жасағы оқиға орнына бағытталады.

Шақырту орнына дейінгі шамамен бес шақырымдық жолды өрт сөндіру көлігі жүріп келе жатқанда, сол маңнан өтіп бара жатқан басқа техниканың жүргізушісі жалынды байқап, тоқтайды да, өртті өздігінен сөндіруге кіріседі. Өрт сөндірушілер жеткен кезде ол жалынды ауыздықтап үлгерген еді. Мамандар оқиға орнында қажетті жұмыстарды аяқтап, өртті толық жою шараларын жүргізеді.

Бұл жағдай қиын сәтте бейжай қалмай, қолынан келгенше көмек көрсетуге дайын адамдардың қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін көрсетеді.

Ақ түтек боранда құтқарды

Бағдаттың жадында сақталған оқиғалардың бірі – қыс мезгілінде Астрахань тасжолында кезекшілік атқарған кезінде болған төтенше жағдай.

Ақпан айында Станционный кентінен әрі қарайғы дала жолында жеңіл автокөліктің қарға батып қалғаны туралы хабар түседі. Сол күні боран соғып, көріну қашықтығы нашарлаған. Көлікті қар басып, қозғалыссыз қалған еді.

Оқиға орнына КамАЗ вездеходымен шағын топ аттанады. Оның құрамында жүргізуші, қарауыл бастығы, бөлімше командирі және өрт сөндіруші болады. Ауа райының қолайсыздығына байланысты межелі жерге жету оңайға соқпайды. Соған қарамастан, құтқарушылар көлікті тауып, қар құрсауынан шығарады. Жүргізушіге жылынып алуына көмектесіп, кейін автокөлікті сүйретіп, адамды елді мекенге жеткізеді.

Бұл жолы олар жалынмен күрескен жоқ. Бірақ атқарылған жұмыстың мәні өзгермеді: қиындыққа тап болған адамға көмек көрсету, оның өмірі мен қауіпсіздігін сақтау.

– Біз жеткен кезде көлікті қар толығымен басып қалған еді. Оны қардан шығарып, адамды құтқардық, жылынып алуына көмектестік. Содан кейін көлікті сүйретіп, жүргізушімен бірге елді мекенге жеткіздік. Сол оқиға есімде ерекше сақталып қалды, – деп еске алады Бағдат Құлбаев.

Мұндай жағдайлар қолайсыз ауа райы туралы ескертулерге бейжай қарамаудың маңызын да аңғартады. Қыс мезгілінде құтқару қызметтері әлеуметтік желілер арқылы тұрғындарға боран, көктайғақ және өзге де қауіпті метеорологиялық құбылыстар жөнінде ескертіп отырады. Себебі алдын ала сақтық шараларын сақтау адам өмірін қорғауға септігін тигізеді.

«Ең бастысы – әріптестерім үйіне аман оралсын»

Құтқарушы мамандығы тек кәсіби дайындықты ғана емес, төзімділікті, тәртіпті және жоғары жауапкершілікті талап етеді. Қызметкерлер кез келген уақытта күнделікті тіршілігін тоқтатып, өзгенің өмірін сақтап қалу үшін жолға шығуға дайын болуы керек. Мұндай жұмыстың қиындығын олардың отбасылары да жақсы түсінеді. Өйткені әр шақыртудың артында белгісіздік пен қауіп-қатер тұрады.

Бағдат Александровичтің түсінігінде, құтқарушы дегеніміз – тек өрт сөндіретін немесе зардап шеккен адамды қауіпті аймақтан алып шығатын маман емес. Бұл – ортақ істің нәтижесіне үлес қосатын әрбір қызметкер. Бірі оқиға орнында шешім қабылдаса, екіншісі қажетті жабдықпен қамтамасыз етеді, ал жүргізуші техниканың мінсіз жұмысын қадағалап, бүкіл жеке құрамның қауіпсіздігін ойлайды.

Құтқару қызметінде әріптестер арасындағы сенім мен ауызбіршілік ерекше маңызға ие. Өйткені қауіпті жағдайда әр қызметкер жанындағы серігіне сенім артады.

Көп жылғы тәжірибе жинаған Бағдат Құлбаев үшін басты мақсат – міндетті абыроймен орындап, әріптестерімен бірге аман-есен оралу.

– Құтқарушы болу – үлкен жауапкершілік. Адамдар бізден көмек күтеді, ал біз сол көмекті көрсетуге әрдайым дайын болуымыз керек. Құтқарушылар күні қарсаңында барлық әріптестерімді мерекемен құттықтап, әрқайсысына кезекшіліктен кейін үйіне аман-есен оралуын тілеймін. Елімізде тыныштық, отбасыларымызда береке мен молшылық болсын! – дейді Бағдат Құлбаев.

Кейіпкердің еңбек жолы – адам өмірін сақтап қалу ісінде көзге көріне бермейтін міндеттердің де маңызы зор екенін көрсететін өнеге. Өрт сөндіру көлігінің тізгінінде отырған жүргізушінің әрбір дұрыс шешімі, техниканы жетік меңгеруі мен жолға мұқият болуы – төтенше жағдай кезінде көрсетілетін көмектің ажырамас бөлігі. Өйткені құтқарушының жауапкершілігі оқиға орнына жеткен сәттен емес, көлік кабинасына отырған кезден басталады.