Жатақханалар мен жеке секторда профилактикалық рейд өтті

Жатақханалар мен жеке секторда профилактикалық рейд өтті
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласының Сарыарқа ауданындағы жатақханаларда, жеке тұрғын үй секторында және қоғамдық тамақтану орындарында өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын тексеру мақсатында профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Рейдке Төтенше жағдайлар департаментінің, полицияның және аудан әкімдігі аппаратының қызметкерлері қатысты.,

Алғашқы тексеру нысаны барақ үлгісіндегі жатақхана болды. Рейдке қатысушылар бөлмелерді аралап, әкімшілікпен және тұрғындармен әңгімелесіп, өрт қауіпсіздігі талаптарының әр тармағы бұрын болған қайғылы оқиғалардың негізінде қалыптасқанын түсіндірді.

Астана қаласы ТЖД Сарыарқа ауданы Төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары, азаматтық қорғау майоры Нұрзат Бөрібаевтың айтуынша, мұндай профилактикалық шаралар аудан прокуратурасы, әкімдік және Төтенше жағдайлар басқармасы арасында жасалған «Айқын нәтиже» меморандумы аясында күн сайын өткізіледі.

Рейд Астана қаласы әкімінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі деңгейін арттыруға, төтенше жағдайлардың алдын алуға және кәсіпкерлік нысандары мен қоғамдық орындарда өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Мамандар эвакуация жолдарының жай-күйін, автоматты өрт дабылы жүйесінің жұмысын, алғашқы өрт сөндіру құралдарының болуын және электр желілерінің жағдайын тексерді.

Тексеру аяқталған соң Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері жатақхана әкімшілігіне анықталған кемшіліктерді жою жөнінде егжей-тегжейлі түсіндірме берді.

Әдетте анықталған заң бұзушылықтарды жоюға 60 күнтізбелік күн беріледі. Осы мерзім аяқталғаннан кейін қайта тексеру жүргізіледі. Егер талаптар орындалмаса, материалдар заңнамаға сәйкес жауапкершілікке тарту үшін сотқа жолданады.

«Мемлекеттік органдардың жатақханаларға ерекше назар аударуының себебі – мұнда әлеуметтік осал топ өкілдері мен өмір салты тұрақсыз азаматтар тұрады. Кейде спирттік ішімдік ішу, балаларды қараусыз қалдыру, балалардың отпен ойнауы немесе электр құралдарын қосулы күйде қалдыру жағдайлары кездеседі. Бұған қоса, мұндай үйлердегі электр сымдары көбіне ескірген. Соның салдарынан қысқа тұйықталу болып, кейін өрт шығуы мүмкін», – деді Нұрзат Бөрібаев.

Сарыарқа ауданы әкімдігі аппаратының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, жатақханалар мен барақ үлгісіндегі жалдамалы тұрғын үйлерде тұрғындар жиі ауысатындықтан, бұл нысандар ерекше бақылауда.

Сондықтан мұнда жаңадан келген тұрғындарға өрт қауіпсіздігі ережелері үнемі түсіндіріліп, тұрғын бөлмелерде газ баллондарын және электр құрылғыларын пайдалануға болмайтыны ескертіледі.
Рейдтің келесі бағыты жеке тұрғын үй секторы болды. Бұл жолғы тексеруге жергілікті тұрғынның өтініші негіз болды.
Тұрғынның айтуынша, көршісі қоршауға жақын жерге көп мөлшерде пластик пен тез тұтанатын материалдарды жинап қойған. Ол көршісінің кәсібіне қарсы емес екенін, тек өрт шыққан жағдайда жалын көрші үйлерге тез таралуы мүмкін болғандықтан, қауіпті заттарды учаске шекарасынан алысырақ орналастыруды сұраған.

Жеке секторда үйлер бір-біріне өте жақын орналасқандықтан, ақаулы электр желісінен, пештен немесе ашық оттан шыққан бір ғана ұшқын бірнеше үйдің өртенуіне себеп болуы мүмкін.
Полиция мен Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері аумақты қарап шығып, жер иесіне өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндірді. Өз кезегінде учаске иесі тәртіп орнатуға уәде берді.
Рейд қоғамдық тамақтану орындарын тексерумен аяқталды. Мамандардың айтуынша, мұндай шаралардың негізгі мақсаты – құқық бұзушылықтың алдын алу және өрт қауіпсіздігі талаптарын түсіндіру. Алайда кейін бұл нысандарға қайта тексеру жүргізіледі.

Жыл басынан бері Сарыарқа ауданында осындай 100-ден астам профилактикалық рейд өткізілді. Сонымен қатар жоспардан тыс ондаған тексеру ұйымдастырылып, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзған нысан иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

«Мұндай рейдтер ай сайын өткізіледі. Арнайы мобильді топтың құрамына әкімдік, полиция және Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері кіреді. Нысандар тұрғындардың өтініштері негізінде немесе мониторинг нәтижесінде таңдалады. Егер өрт қауіпсіздігіне елеулі қауіп төндіретін жағдайлар анықталса, мобильді топ жедел түрде оқиға орнына барып, тексеру жүргізеді. Ал өрескел заң бұзушылықтар анықталған жағдайда прокуратура органдарымен бірлесіп ресми тексеру басталады», – деді Дамир Хисматуллин.

Оның айтуынша, елорда тұрғындары көбіне өрт қауіпсіздігі талаптары сақталмайтын кәсіпкерлік нысандарына қатысты шағымданады.