«Жастармен бірге»: Қазақстанда жастар саясатына деген көзқарас жаңарды

«Жастармен бірге»: Қазақстанда жастар саясатына деген көзқарас жаңарды
фото: ortcom.kz

Соңғы жылдары Қазақстанда жастар саясатының жүйесі едәуір жаңартылды. Бұл туралы ҚР мәдениет және ақпарат вице-министрі Евгений Кочетов мәлімдеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Оның айтуынша, жастардың жоғарғы жас шегін 35-ке дейін ұлғайту мемлекеттік қолдаумен қамтуды кеңейтуге мүмкіндік берді. Қазір 2029 жылға дейінгі мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы іске асырылуда. Жаңа Конституция ғылыми, техникалық және көркем шығармашылық еркіндігінің, ұлттық мәдениет пен отбасын қолдаудың кепілдіктерін күшейтті. Сондай-ақ алғаш рет волонтерлік қызметке конституциялық деңгейде қолдау көрсетілді.

Алайда, вице-министрдің айтуынша, ең бастысы – жастармен жұмыс істеу философиясының өзі өзгеріп келеді.

«Біз жастарды қолдау саясатынан мүмкіндік жасау саясатына көштік. «Жастар үшін» қағидатынан «жастармен бірге» қағидатына бет бұрдық. Бұл бағытта жақсы негіз қалыптасқан. «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығы жүргізген соңғы әлеуметтік зерттеу нәтижелеріне сәйкес, қазақстандық жастардың 82,7%-ы ел болашағына алаңсыз, сеніммен және оптимизммен қарайды. Бұл – қоғам үшін үлкен капитал. Алайда біздің міндетіміз – осы оптимизмнің нақты өмірлік мүмкіндіктермен нығайтылуын қамтамасыз ету», – деді ол ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында.