Жастар құмар ойындардың қауіптілігін талқылады

Жастар құмар ойындардың қауіптілігін талқылады
фото: Оңалхан Өнерхан

«Тұран-Астана» университетінде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы және «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында Астана қаласындағы жоғары оқу орындарының студенттері арасында дебат турнирі өтті. Іс-шараны Экономикалық тергеп-тексеру департаменті, Астана қаласының Жастар ресурстық орталығы және Жастар саясаты мәселелері басқармасы бірлесіп ұйымдастырды.

Турнирдің негізгі мақсаты – жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, сондай-ақ интернеттегі құмар ойындар мен онлайн-казиноның зиянды салдары туралы түсінігін кеңейту. Сонымен қатар студенттердің сыни ойлау, дәлелді пікір айту, көпшілік алдында сөйлеу және пікірталас жүргізу қабілеттерін дамытуға басымдық берілді.

Дебат фракциялық форматта ұйымдастырылып, қатысушылар онлайн-казино мен интернеттегі құмар ойындарға қатысты өзекті қоғамдық мәселелерді талқылады. Әр команда белгілі бір фракцияның ұстанымын қорғап, өз көзқарасын дәлелдер арқылы жеткізді. Пікірталас барысында жастар құмар ойындарға тәуелділіктің алдын алу, қаржылық қауіпсіздік және саналы таңдау жасау мәселелерін ортаға салды.

Астана қаласы әкімдігінің «Астана жастары»  ЖРО» КММ басшысынын орынбасары Руслан Қонақбаевтың айтуынша, мұндай кездесулердің басты міндеті – жастарға құмар ойындардың қауіптілігін түсіндіріп, оның алдын алуға ықпал ету.

– Бүгінгі дебат турнирі жастардың құқықтық және қаржылық сауаттылығын арттыруға арналған. «Jarqyn Bolashaq» жобасы аясында Экономикалық тергеп-тексеру департаментімен, Астана қаласының Жастар ресурстық орталығымен және Жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп өткізіп жатырмыз. Басты мақсатымыз – жастарға құмар ойындардың қауіпті екенін түсіндіру, оның алдын алу және дұрыс шешім қабылдауға үйрету. Біз жастардың сауатты, жауапты әрі белсенді болғанын қалаймыз. Себебі жастар – біздің болашағымыз. Айта кетейін, осы аптада ұйымдастырылып жатқан осындай бағыттағы үшінші іс-шара, – деді Руслан Қонақбаев.

Ұйымдастырушылардың пікірінше, жастар арасында құқықтық мәдениетті нығайту, қаржылық қауіпсіздік дағдыларын қалыптастыру және құмар ойындардың алдын алу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Қалиакбар ҮСЕМХАНҰЛЫ