Астанада есірткі құқық қылмысының алдын алу мақсатында Полиция департаментінің ұйымдастыруымен Counter-Strike 2 ойынынан жастар арасында киберспорт турнирі өтеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Турнирге елорданың жастар командалары, сондай-ақ медиа тұлғалар мен Полиция департаменті қызметкерлерінен жасақталған командалар қатысады.
Іс-шара «Астана – есірткісіз қала» бастамасын қолдауға бағытталған. Сондай-ақ жастар арасында заманауи әрі өзекті демалыс түрлерін насихаттап, командалық өзара іс-қимылды және өз болашағына жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруды көздейді.
Турнир қатысушылардың пікір алмасуына, жаңа таныстық орнатуына және командалық бәсекеге түсуіне мүмкіндік беріп, барлығын қауіпсіз әрі позитивті өмір салтын таңдауға үндейтін орта қалыптастырады.
Мұндай іс-шараларды өткізу жастармен ашық диалог орнатып, есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу үшін заманауи өзара іс-қимыл форматтарын қолдануға мүмкіндік береді.
Киберспорт, спорт, шығармашылық және жастар арасында сұранысқа ие басқа да бос уақыт бағыттары олардың өз әлеуетін іске асыруына, командалық дағдыларын дамытуына және уақытын тиімді өткізуіне ықпал етеді.
Турнир 13 қыркүйекте Қ. Аманжолов көшесі, 22А мекенжайында орналасқан GameClub-та өтеді. Қатысушыларды және командаларды тіркеу таңғы сағат 9:00-де басталады.