Республика күні қарсаңында елордалық Байқоңыр ауданында тұрғындарға арналған тағы бір жаңа демалыс орны пайдалануға берілді. Кенесары көшесінің бойында, А. Янушкевич пен А. Пушкин көшелерінің аралығында орналасқан сквер аудан тұрғындарына мерекелік тарту болды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Жалпы аумағы 6 600 шаршы метрді құрайтын скверде абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, 3 500 шаршы метрге жуық жерге кеспетас төселді. Сонымен қатар балалардың қауіпсіз әрі қызықты демалысы үшін 250 шаршы метрден астам жұмсақ жабынды ойын алаңы жабдықталды.

Жаңа сквер тұрғындардың таза ауада серуендеп, отбасымен бірге уақыт өткізуіне және балалардың қауіпсіз ортада ойнауына мүмкіндік береді. Мұндай қоғамдық орындар ауданның көркін арттырып қана қоймай, тұрғындар үшін жайлы әрі қолайлы орта қалыптастыруға ықпал етеді.

Айта кетейік, биыл Байқоңыр ауданында 107 аула абаттандырылып, 4 қоғамдық кеңістік пайдалануға берілді. Республика күні қарсаңында ашылған жаңа сквер ауданның демалыс орындарын толықтырып, тұрғындарға тағы бір жайлы мекен сыйлады.