Поэзияға құштар зейнеткерлер сайысты

Поэзияға құштар зейнеткерлер сайысты
фото: Астана қаласының әкімдігі

Республика күніне орай Астана қаласы Нұра ауданындағы Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында «Поэзия жүрегімде» атты көркемсөз оқу байқауы өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тіл жанашыры, волонтер-зейнеткер Үміт Сағитованың ұйымдастыруымен өткен шығармашылық шараға қатысушылар қазақ ақындарының өлеңдерін мәнерлеп оқып, әдебиетке деген сүйіспеншіліктері мен өнерлерін ортаға салды. Байқаудың басты мақсаты – аға буын өкілдерінің шығармашылық қабілеттерін шыңдау, поэзияға деген қызығушылығын арттыру және қазақ әдебиетінің асыл мұрасын насихаттау. Сайыс барысында қатысушылар ақындардың туындыларын нақышына келтіре оқып, өлең жолдары арқылы туған елге деген сүйіспеншіліктерін жеткізді.
Шара қорытындысы бойынша үздік өнер көрсеткен қатысушылар анықталды. Бірінші орынды Шолпан Бекниязова иеленсе, екінші орын Данагүл Қазақбаева мен Рамазан Құрманбаевқа бұйырды. Ал үшінші орынды Жұмағат Мұқанов, Рауза Исмурзина және Оразбибі Карманова өзара бөлісті.

Сондай-ақ Гүлнәр Сүлейменова, Тұрдан Төлеухан және Жания Жағыппарова да өнер көрсетіп, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Әр қатысушының орындау мәнері мен өлеңге деген шынайы ықыласы байқаудың мазмұнын аша түсті. Шараның ең әсерлі сәттерінің бірі – жас өнерпаздардың өнер көрсетуі болды. Жеті жастағы Нұрия Омар Абай Құнанбайұлының «Мен көрдім ұзын қайың құлағанын» өлеңін мәнерлеп оқыса, алты жастағы Жания Омар Дина Нұрпейісованың «Домбыра» шығармасын орындады. Өнерлі бүлдіршіндердің сахнадағы еркіндігі мен талпынысы жиналған жұртты сүйсіндірді.

Жас өнерпаздарға Нұра ауданының Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының басшысы Мұрат Сағандықұлының атынан Алғыс хаттар табысталды. Бұл – олардың өнерге деген қызығушылығын қолдап, шығармашылық жолына қанат бітіретін игі бастама. «Поэзия жүрегімде» байқауы аға буын өкілдеріне өз таланттарын танытуға, рухани құндылықтармен бөлісуге және әдеби мұраны ұрпақтан ұрпаққа жеткізуге мүмкіндік берді. Мұндай мәдени шаралар зейнеткерлердің белсенді өмір салтын қолдап қана қоймай, ұлт руханиятын ұлықтауға, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға да үлес қосады.