Жазушылар одағының мүшесі атандым
Менің 2022 жылы шыққан «Бір кездері Америкада» атты аударма кітабымды көрген бір лауазымды оқырман: «Сіз Жазушылар одағының мүшесіз бе?» деген сауалына берген жауабыма көңілі толмай: «Сіз сондағылардың қайсысынан кемсіз...» деген сөзі маған қамшы болды. Теміртау қаласында тұратын ақын, жазушы Руза Алдашева мен астаналық журналист, қоғам қайраткері Қайырбек Сәдуақасов ұсыным жазып берген соң, құжаттарымды өткізген едім. Төрт жылдан бері тым-тырыс болғандықтан күдер үзіп қойған болатынмын. Маусым айының бас кезінде Қазақстан Жазушылар одағынан маған қоңырау түсті. Мен аудармашы ретінде Жазушылар одағына қабылданған екенмін, енді соның билетін алып кету керектігін айтты. Мен қуана-қуана пойызға билет алып, 10 маусым күні Алматыға жеттім. Жазушылар одағының кеңсесінде 12 маусым күні салтанатты түрде Жазушылар одағының мүшелік билеті табысталғаннан кейін өзіме тілектес болып жүретін Алматыдағы Мұхтар Әуезов атындағы кітапхана қызметкерлеріне кіріп, қуанышыммен бөлістім. Ол кітапхананың басшысы Балнұр Асқарқызы дүйсенбі күні Мұрат Әуезовті еске алу іс-шарасы өтетінін айтып, соған қатысуға шақырды.
Жақсыдан шарапат
Алматы қаласы Орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты М.Әуезов атындағы кітапханада 15 маусым күні көрнекті қоғам қайраткері, мәдениеттанушы ғалым, дипломат, публицист Мұрат Әуезовтің қайтыс болғанына екі жыл толуына орай рухына арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Мұхтар Әуезовтің немерелері – Голландиядан арнайы келген арабист-түрколог, шығыстанушы ғалым Зифа-Алуа Мұратқызы Әуезова мен «М.О.Әуезов үй-мұражайы» ғылыми-мәдени орталығының директоры Диар Қонаев модератор болды.
Қырғыз еліне жол түсті
Ұйымдастырушылардың жоспары бойынша 19 маусым күнгі таңғы 6:00-де Алматының Райымбек көшесі бойындағы Орталық зират алдында жиналдық та, ұлы Мұхтар мен Мұрат Мұхтарұлының басына барып, құран бағыштап, әзір тұрған жайлы туристік автобусқа отырып, ақ жолға аттандық. Жол бойғы көріністерді тамашалап отыруға болатын алдыңғы екі орынды ең үлкен жолаушы ретінде мен және Түркі әлемі Жазушылар одағының әрі «Janr» Жетісу әдеби клубының мүшесі, Бауыржан Момышұлы атындағы рухани-сауықтыру орталығының жетекшісі Айжан Шайқықызымен қатар отырып, жақсы шүйіркелесіп кеттік. Сапарымыз Қордай асуын басып өтіп, шекарадағы тексеріс, жанар-жағармай құйып алу бекеттерінде бөгеліп, 10 сағат дегенде діттеген Чолпон-Атаның «Gold Assen» қонақүйіне жеттік. Жол қысқарту мақсатында кезектесіп те, бірге де ән салып отырдық. Ортамызда жыр алыбы Жамбылдың шөбересі Бұлан деген өнерлі жігіт болғаны тіпті жақсы болды, Ерболат, Айсұлу, Айжан да қамшы салдырмайтын жандар екен. Ертемен салтанатты шараға баратын болғандықтан тап-тұйнақтай бөлмелерімізге орналасып, демалдық.
Әуезовтерді әспеттеу
Чолпон-Ата қаласындағы классик жазушы Мұхтар Әуезовтің музей-үйі аумағында көрнекті мәдениеттанушы, қоғам қайраткері Мұрат Әуезов бюстінің ашылу салтанаты Ыстықкөл халықаралық форумы аясында өтті. Мұрат Мұхтарұлы ертеректе әкесімен бірге осы елде болып, Манас жырына бала кезінен құлағы қанық боп өскен. Оны екі елге төл перзент деуге болады. Салтанатты жиынды ТҮРКСОЙ халықаралық ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев жүргізді. Қазақстанға Қытайдан сапарлап келген Нобель сыйлығының иегері жазушы Мо Янь бұл жиынның құрметті қонағы болды. Салтанатты шараға қатысушылар Мұрат Әуезовтің түркі халықтарының мәдени байланысын нығайтуға қосқан үлесін атап өтіп, оның ғылыми және қоғамдық қызметіне жоғары баға берді. Өз кезегінде белгілі қаламгер Бауыржан Омаров қазақ пен қырғыз халықтарының тарихи бауырластығына тоқталып, Мағжан Жұмабаевтың «Қырғыз – таудың тарпаңы, қазақ – қырдың құланы» деген қанатты сөзін тілге тиек етті. Ол қос халықтың достығы мен рухани ынтымақтастығы одан әрі нығая беруіне тілектестік білдірді. Бюсттің жамылғысы түсіріліп, шашу шашылды, естелік суретке түсу шаралары өтті. Мұрат Әуезов бюстінің авторы – қырғызстандық белгілі мүсінші Тамила Маматова. Ол бұған дейін музей ауласына қойылған заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің бюстін де жасаған болатын. Әкелі-балалы ұлылардың әруағы Тамилаға разы болсын, Алла қолына дерт бермесін!
Шайырлардың жырымен танысу
«Тамшы» музейінің бірінші қабатында Мұрат Әуездің рухына бағышталған «Ыр толқыған Ыстықкөл» атты поэзия кеші басталып кетті. Осыдан екі жыл бұрын бұл шайырлар түркітілдес ақындардың фестивалін өткізген екен. Соның нәтижесін Қалдыгүл Әкімжанқызы мен Манат Бообекова құрастырып, таяуда ғана Алматыда басып шығарылған жинақтың біршама данасын ала келіп, музейдің жиын бөлмесінде кітаптың таныстырылымы өтті, кітап негізінен қазақтың көрнекті ақындарының қырғызшаланған өлеңдерінен тұрады. Ыстықкөлдің айдынында «Әділет» теплоходының каютасында түскі асымызды ішіп алған соң, өлең оқу мен ән салу палубада жалғасты. Қатысушылардың қара жаяуы жоқ, бірінен соң бірі іліп әкетіп, өнердің көрігін қыздырды. Әсіресе Ерболат Баят пен Бұлан Жамбыл аянып қалған жоқ.
10 жылдан бері Мұрат Мұхтарұлының қолдаушы-досы, көмекшісі, оң қолы болып жүрген публицист, кинопродюсер, «Көшпенділер эстетикасы» бастамашыл тобының мүшесі Қалдыгүл Әкімжанқызы Жаныбаеваның арқасында Қырғызстанға барып алғанымды қолымды қусыра отырып мойындаймын, менің жасымнан асып кетсін деген батамды беремін!
Рымбала СМАИЛОВА,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі