Заңнамалық өзгерістер қаралды

Заңнамалық өзгерістер қаралды
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы Қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында елорданың өңірлік нышандарын құқықтық тұрғыдан жаңарту және қа­лада қолжетімді ортаны қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Отырыстың күн тәртібіне Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының өңірлік нышандарының сипаттамасын және оларды пайдалану тәртібін бекіту туралы, сондай-ақ Астана қаласында қолжетімді ортаны қамтамасыз ету қағидалары туралы нормативтік құқықтық актілердің жобалары енгізілді.

Жиында Астана қаласы Тілдерді дамыту және мұрағат ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп елорданың өңірлік нышандарына қатыс­ты заңнамалық өзгерістерге тоқталды.

– 2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан Республикасының Конституциясы мен 2026 жылғы 5 маусымдағы №299-VIII ҚРЗ «Қазақстан Республикасының астанасы мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының Конституциялық заңы қолданысқа енгізілді. Аталған заңнамалық өзгерістерге сәйкес елорданың өңірлік нышандарына қатысты құқықтық реттеу тәртібі жаңартылды, – деді Сәкен Есіркеп.

Оның айтуынша, осы өзге­рістерге байланысты Астана қаласы әкімдігінің «Қазақстан Рес­публикасы астанасы – Астана қаласының өңірлік нышандары туралы» қаулысының жобасы әзірленген. Сонымен қатар қолданыстағы «Қазақстан Рес­публикасы астанасы – Астана қаласының рәміздері туралы» мәслихат шешімін жаңа заңнама талаптарына сәйкестендіру көзделіп отыр. Осы мақсатта құжаттың атауын «Қазақстан Республикасының астанасы – Астана қаласының өңірлік нышандарының сипаттамасын және оны пайдалану тәртібін бекіту туралы» Астана қаласы мәслихатының шешімі деп өзгертіп, жаңа редакцияда қабылдау ұсынылған.

Сәкен Есіркептің мәліметінше, әзірленген жоба қолданыс­тағы заңнама талаптарына сәйкес келеді. Қазіргі уақытта әкімдік қаулысының жобасына қол қойылып, мәслихатқа жолданған. Бұдан бөлек, нормативтік құқықтық актілердің жобасы ашық қоғамдық талқылауға шығарылған.