Астанамызда қалалық ортаны абаттандыру бойынша ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Әкімдіктің мәліметінше, биыл елордада 173 қоғамдық және аула кеңістігін жаңарту жоспарланған.
Тұрғындарға жақсы таныс базар мен «Астаналық» сауда үйінің маңында да елеулі өзгерістер болды. Бұл – елордалықтар көп жиналатын орындардың бірі. Осыдан бірнеше жыл бұрын мұндағы аумақ мүлде басқаша көрінетін: ескі бір қабатты құрылыстар, жасыл желек аз және тұрғындарға жайлы демалыс орны іс жүзінде болмаған. Бүгінде ескі құрылыстардың орнына жайлы қоғамдық кеңістік ашылды. Құрылыс нысандары бұзылғаннан кейін аумағы көгалдандырылды. Ағаштар мен көпжылдық өсімдіктер отырғызылып, жаяу жүргіншілерге арналған жолдар мен демалыс орындары абаттандырылды.
«Бүгінде «Астаналық» маңындағы аумақ – сауда нысандары мен көшелер арасындағы бос кеңістік көгалданып, тұрғындарға жайлы жағдай жасалған, абаттандырылған қоғамдық орынға айналды. Мұндай жобалар елорданың келбетін біртіндеп өзгертіп, бұрын пайдаланылмаған немесе тұрғындар үшін қолайсыз болған аумақтарды қайта жандандырып келеді» делінген хабарламада.
Абаттандыру жұмысы барысында көгалдандыруға, жаяу жүргіншілерге қолайлы бағыттар қалыптастыруға және тұрғындардың қала ішінде жайлы уақыт өткізуіне мүмкіндік беретін орындар құруға ерекше мән беріледі. Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астананың қалалық инфрақұрылымын дамыту, абаттандыру және көгалдандыру жұмысын жүйелі түрде жалғастыруды тапсырған еді. Абаттандыру жұмысы елорданың 6 ауданында да жүргізілуде. Соңғы жылдары Астанада 500-ге жуық қоғамдық және аула кеңістігі абаттандырылды.