Жаңа кітап жарық көрді

Жаңа кітап жарық көрді

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада Халықаралық Композиторлар одағының мүшесі, сазгер Мәриям Алғалиқызының «Рухыңмен асқақтай бер, қазақ елі!» кітабының таныстырылымы өтті.

Жаңа басылымға автордың нотаға түсірілген әндері мен жазған өлеңдері жинақталып, қазақ тіліндегі нұсқаларымен бірге ұсынылған. Кітапта сазгердің әр жылдары жазылған музыкалық шығармалары мен поэзиялық туындылары қамтылған.

– Кітаптың соңғы бөлімінде автордың шағын әңгімелері мен «Ақ параққа түскен ой» атты топтамасы беріліпті. Бұрын-соңды таныс емес едім, бұл жолы кітабы арқылы біліп отырмын. Кітапта Мәриям Алғалиқызының өмірден түйген ойлары, шығармашылық ізденістері мен түрлі тақырыптарға қатысты жеке пайым-пікірлері қамтылған екен. Сәттілік тілеймін, – деді мінбеден сөз алған жыршы-жырау Баянғали Әлімжан.

Жарық көрген жаңа кітапта автордың ақындық және сазгерлік қырлары қатар танылады. Оның шығармаларында ел мен жер, адам болмысы, руханият, өмір құндылықтары және ұлттық дүниетаным тақырыптары көрініс табады.

Таныстырылым барысында кітаптың мазмұны мен жарық көру тарихы, автордың шығармашылық жолы туралы сөз қозғалып, жинаққа енген шығармалардың ерекшеліктері айтылды.

Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ақын-жазушылар, композиторлар мен өнер саласының мамандары, кітапхана оқырмандары және мәдениет пен өнерге қызығушылық танытқан көпшілік қауым қатысты.