«Taza Fest Astana» жастар және отбасылық экологиялық фестивалі аясында Астана қаласының Полиция департаменті есірткі қылмыстарының алдын алуға және жастар арасында есірткіге деген теріс көзқарасты қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп – есірткіге жол жоқ!» атты ақпараттық-профилактикалық алаң ұйымдастырды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шара барысында елорда тұрғындары мен қонақтары кинологиялық қызметтің жұмысымен танысып, қызметтік иттердің және робот-иттің мүмкіндіктерін тамашалады, сондай-ақ тақырыптық көрмені аралады. Волонтерлер фестиваль қатысушыларына есірткінің зияны мен есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жолдары туралы ақпараттық жадынамалар мен парақшалар таратса, полиция қызметкерлері профилактикалық түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, азаматтардың сұрақтарына жауап берді.
Іс-шара барысында жастарға ерекше көңіл бөлінді. Полицейлер есірткі құралдарының заңсыз айналымына байланысты құқықтық жауапкершілік туралы түсіндіріп, салауатты өмір салтын ұстанудың және саналы таңдау жасаудың маңыздылығына тоқталды.
Мұндай профилактикалық іс-шаралар халыққа маңызды ақпаратты қолжетімді түрде жеткізуге, құқықтық сауаттылық деңгейін арттыруға және қоғамның назарын есірткі қылмыстарының алдын алу мәселелеріне аударуға мүмкіндік береді.
Астана қаласының Полиция департаменті есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және қоғамда «Заң мен тәртіп» қағидаттарын қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмыстарды жалғастыруда.