«Заң мен тәртіп» қағидаты аясында елорданың Нұра ауданында кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға және олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған кезекті профилактикалық рейд өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Рейдті Астана қаласының Кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссиясы, Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия, сондай-ақ Әкелер кеңесі ұйымдастырды.
Іс-шара балалардың өмірі мен денсаулығына кері әсер етуі мүмкін жағдайларды анықтауға, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз қоғамдық орындарда жүруінің алдын алуға бағытталды.
Рейдке қатысушылар сауда-ойын-сауық орталықтарын, саябақтарды, компьютерлік клубтарды және адам көп жиналатын өзге де орындарды аралады.
«Астана қаласы әкімдігі жанындағы Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі комиссия мүшелері аудан әкімдіктерімен, Білім басқармасымен және полиция қызметкерлерімен бірлесіп, адам көп жиналатын орындарда – саябақтарда, түнгі клубтарда, компьютерлік клубтарда, сауда-ойын-сауық орталықтарында тұрақты түрде профилактикалық рейдтер өткізеді.
Осы жолғы рейд барысында сауда орталықтарының бірінен түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүрген 10-11 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды», – деді Астана қаласы әкімдігі жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссия төрағасының орынбасары Назгүл Мақжан.
Кәмелетке толмағандар аудандық полиция басқармасына жеткізілді. Жеке басы анықталғаннан кейін полиция қызметкерлері олардың ата-аналарымен немесе заңды өкілдерімен байланысып, балаларды алып кетуді қамтамасыз етеді. Мұндай жағдайларда заңнамаға сәйкес ата-аналарға немесе заңды өкілдерге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу мен бақылау міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік қарастырылған. Дегенмен рейд ұйымдастырушылары мұндай шаралардың басты мақсаты жазалау емес, алдын алу және азаматтардың құқықтық сауатын арттыру екенін атап өтті.
«Біздің мақсатымыз – мұндай балаларды тауып, жауапқа тарту емес. Көбірек профилактикалық әңгіме жүргізіп, түсіндіру жұмысын ұйымдастырамыз. Мұндай орындарда жүрген ересектерге заң талаптарын түсіндіріп, балалар болса, оларды үйлеріне қайтаруды сұраймыз. Жұмысымыздың негізгі бағыты – жазалау емес, алдын алу. Қала басшылығының тапсырмасымен соңғы бір жарым жылда профилактикалық жұмыстарды күшейтіп, осындай рейдтерді жиі өткізіп келеміз.
Соның нәтижесінде қоғамның да, бизнестің де хабардарлығы артып, жағдай біртіндеп жақсарып келеді», – деді ол.
Мұндай профилактикалық рейдтер елорданың барлық ауданында тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
#законипорядок #заңментәртіп