Астана қаласындағы «Жетісу» саябағында жазғы маусымды қорытындылаған ерекше мәдени шара – «Жадыраған жаз» би кешінің соңғы кеші өтті. Көңілді әуен, әсем би, ретро әндер мен көтеріңкі көңіл күй тоғысқан мерекелік кешке аға буын өкілдері қатысып, жаздың соңғы күндерін ерекше көңіл күймен шығарып салды.

Жаз бойы жалғасқан «Жадыраған жаз» кештерінің басты мақсаты – аға буын өкілдерінің бос уақытын мазмұнды ұйымдастырып, белсенді өмір салтын насихаттау, достық қарым-қатынасты нығайту және жастық шақтың сырын сақтаған әндер мен билерді қайта жаңғырту. Кеш барысында саябақта қазақ және шетелдік ретро әндер шырқалып, қатысушыларды жастық шақтың жарқын естеліктеріне жетеледі. Көңілді музыкалық бағдарлама көрермендердің көңілінен шығып, көпшілік әнге қосылып, би билеп, ерекше әсерге бөленді.

Мерекелік бағдарламаның шымылдығын «Балқия» би тобының орындауындағы жарқын флэшмоб ашты. Одан кейін Гүлбаршын Альшимбаеваның орындауындағы «Дархан елім» әні көрерменге патриоттық рух сыйлады. «Гүлдер» вокал тобы «Ақ сәулем» әнін орындап, кештің әсем атмосферасын одан әрі ажарландырды. Ал «Достар» би тобының «Бачата» биі көпшіліктің ерекше ықыласына ие болды.
Кештің музыкалық бөлігін Наталья Мостовая мен Қанат Өмірбековтің орындауындағы «Сені сүйем» әні жалғастырды. Сондай-ақ, Орталықтың қызмет алушы зейнеткері Дүйсембай Нұрпейісовтің «Кездесіппіз екеуміз» әні Гүлбаршын Альшимбаеваның орындауында орындалып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Іс шараның соңында «Инжу дэнс» және «Шаттық» би топтарының «Шляпы» биі орындалып, кешке қатысушыларға ерекше әсер қалдырды. Би топтарының жетекшісі – Шолпан Джананбаева. Өнерпаздардың әрбір қойылымы көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді. Ән мен бидің арасында естеліктер айтылып, таныстар мен достар жүздесіп, саябақтағы мерекелік көңіл күй одан әрі жандана түсті. Кештің ең қызықты сәттерінің бірі – дискотека болды. Ретро әуендер шырқалып, аға буын өкілдері жастық шақтағы сүйікті әндеріне билеп, кештің сәнін келтірді. Жасына қарамай, белсенді өмір салтын ұстанып, мәдени іс-шараларға белсене қатысып жүрген аға буынның сергектігі көпшілікке үлгі болды.

«Жадыраған жаз» маусымы аяқталғанымен, оның сыйлаған қуанышты сәттері мен жарқын естеліктері қатысушылардың жүрегінде ұзақ сақталары сөзсіз. Жаздың соңғы кеші аға буын өкілдерінің басын қосып, ән мен бидің, достық пен жақсы көңіл күйдің мерекесіне айналды.
«Биылғы жазғы маусым ойдағыдай өтті. Апта сайын зейнеткерлеріміз «Жетісу» саябағына жиналып, көңіл көтеріп, би билеуді дәстүрге айналдырды. Жазда зейнеткерлерге арнап 15 дискотека кеші ұйымдастырылды. Жаз аяқталуы мүмкін, бірақ көңілдегі көктем ешқашан бітпесін» - деп сөзін түйіндеді Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының директоры Серік Қарабатыров.