Ысталған ет өнімдерін сатамын деп тұрғындарды алдаған күдікті ұсталды

Ысталған ет өнімдерін сатамын деп тұрғындарды алдаған күдікті ұсталды
фото: aquagradus.com

Астана қаласының полицейлері интернет алаяқтық жасады деген күдікпен 28 жастағы азаматты анықтады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Тергеу барысында күдіктінің «Instagram» әлеуметтік желісінде ысталған ет өнімдерін тиімді бағамен сататыны туралы жарнамалар жариялап, азаматтардың сеніміне кіргені белгілі болды. Тапсырыс берушілерден алдын ала төлем алғанымен, уәде етілген тауарды жеткізбей, байланысын үзген. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, жәбірленушілер аударған ақшалай қаражатты күдікті жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

Қазіргі уақытта оның осыған ұқсас 20-дан астам алаяқтық эпизодына қатысы бар екені анықталды. Тергеу барысында басқа да жәбірленушілердің болуы жоққа шығарылмайды.Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Полицейлер күдіктінің өзге де қылмыстық әрекеттерге қатыстылығын тексеріп жатыр. Астана қаласының Полиция департаменті азаматтарды әлеуметтік желілер мен интернет-платформалар арқылы сауда жасау кезінде сақ болуға шақырады. Тауар үшін алдын ала төлем жасамас бұрын сатушы туралы ақпаратты мұқият тексеріп, оның сенімділігіне көз жеткізу қажет. Интернет алаяқтарының құрбаны болмас үшін тек тексерілген сауда алаңдарын пайдаланып, күмәнді ұсыныстарға сенім артпаған жөн.