Оқушыларға қоғамдық көліктегі тәртіп мәдениеті түсіндірілді

Оқушыларға қоғамдық көліктегі тәртіп мәдениеті түсіндірілді
фото: Астана қаласының әкімдігі

«Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында елордалық №8 мектеп-лицейінде оқушыларға жол қозғалысы ережелері мен қоғамдық көліктегі тәртіп мәселесі түсіндірілді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараны Астана қаласы әкімдігінің «Балаларға қосымша білім берудің оқу-әдістемелік орталығы» КММ «City Transportation Systems» ЖШС-мен бірлесіп ұйымдастырды. Оған 8-9 сыныптардан 250-ге жуық оқушы қатысты.

CTS мамандары мектеп оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін, бағдаршамның белгілерін сақтаудың, көшеден өтерде мұқият болудың және қоғамдық орындардағы мәдениеттің маңызын түсіндірді. Сондай-ақ автобустағы тәртіп ережелері мен жолақы төлеу тәртібіне, оның ішінде балаларға арналған көлік карталарын пайдалануға ерекше назар аударылды.

«CTS мамандарымен бірге «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында оқушыларға түсіндіру жүргізу үшін арнайы кездесу өткіздік. Жол қозғалысы ережелері, қоғамдық көліктегі тәртіп пен жолақы төлеу мәселелерін талқыладық. Балалар бұл талаптарды сақтау, ең алдымен, өз қауіпсіздігі мен өзгелердің алдындағы жауапкершілік екенін түсінуі маңызды», – деді №8 мектеп-лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Динара Бортанова.

Оқушылар да кездесудің практикалық маңызы зор екенін атап өтті.

«Бізге жолда қалай дұрыс жүру керегін, көшеден өткенде бағдаршамға және жан-жағымызға қарап, сақ болудың неліктен маңызды екенін түсіндірді. Сондай-ақ автобуста жолақыны қалай төлеу керегін, 6-18 жас аралығындағы балаларға арналған көлік карталары туралы және оларды пайдалану жолдарын айтып берді. Менің ойымша, мұндай шаралар оқушылар үшін өте маңызды. Біз күн сайын көшеде жүреміз, автобусқа мінеміз. Сондықтан бұл ережелерді біліп, сақтауымыз керек. Олар қазір де, болашақ өмірімізде де қажет болады», – деді Інжу Мұрат есімді оқушы.

Мұндай профилактикалық шаралар өскелең ұрпақтың қауіпсіздік мәдениеті мен жауапкершілігін қалыптастыруға бағытталған. Қазан-желтоқсан айлары аралығында осындай кездесулерді Астананың 18 мектебінде өткізу жоспарланып отыр.