АҚШ-та «Құрметті студент» атанған

АҚШ-та «Құрметті студент» атанған
фото: жеке мұрағатынан

Белгілі ақын, аудармашы Дәурен Берікқажыұлының «Мақаншы мен Манхэттеннің арасы» атты кітабы бар. Иә, қаламгер Мақаншыда туып, өнерінің арқасында талай ел мен жер көрді. Айтпағымыз да сол, бүгінгі заманда таудай талабы, білімі, жағдайы бар қазақ баласына қайда барса да жол ашық. Әрине, қазір табыс табу мақсатында шетел асып жатқандар да бар. Бірақ білім қуып барғандардың қашанда жөні мен жолы бөлек. Осы Астанада дүниеге келіп, бүгіндері мұхиттың арғы жағында алған білімін жетілдіріп, еңбек етіп жатқан Данияр Ахмет сондай азаматтардың қатарында.

Жыл сайын Астана күні мерекесін 6 шілдеде атап өтіп жүрміз. Алайда бұдан бұрын қалаға байырғы Ақмола атауы дәл осы күні, 1992 жылы қайтарылғанын ескере бермейміз. Данияр осы оқиғадан жарты жыл өткен соң дүниеге келді. Осындағы №22 мектеп-гимназияны бітірді. Одан соң АҚШ-қа аттанып, Нью-Йорк қаласындағы Berkeley College оқу орнында халықаралық бизнес бойынша бакалавр дәрежесін алды. Сол кезде қазақ баласы алғырлығын танытып, үздік оқыған қатарластарымен бірге «Құрметті студент» атанып, оның суреті оқу орнының жарнамалық плакаттарында тұрды.

Данияр мұнымен тоқтамай, мұхиттың арғы жағында оқуын жалғастырды. Қазір АҚШ-тың жетекші оқу орнының бірі, Калифорния университетінің Haas бизнес мектебінде магистратурада білім алып жатыр. Оқып қана қоймай, өзінің таңдаған саласы бойынша еңбек те етіп, біршама іс атқарды. Данияр Ахмет қазіргі ең керек және сұранысқа ие ақпараттық технологиялар, бизнес-талдау, цифрлық өнімдерді әзірлеу, жасанды интеллект салаларының маманы. Осы уақытқа дейін бірнеше халықаралық компанияда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтады, технологиялық жобаларды іске асыруға қатысты.

Атап айтқанда, Novo Nordisk, FLSmidth және Norlys халықаралық компанияларында еңбек етті. Соның барысында сараптамалық шешімдерді әзірлеу, мәліметтер инфрақұрылымын құру, корпоративті ақпараттық жүйелерді әртараптандыру, бизнестің нәтижелігін арттыруға бағытталған цифрлық өнімдерді жұмысқа енгізумен айналысты. Соның ішінде Norlys компаниясы клиенттерінің алған қызметті бағалайтын ішкі талдау жүйесін әзірледі. Бұл өнім 200-ден астам қызмет алушының арасында таралып, аталмыш компанияға талдау мәліметтеріне қол жеткізуге жол ашты және сырттағы қызметті ұсынушыға тәуелділікті төмендетті.

Сонымен қатар, Данияр ауқымды деректер инфрақұрылымын құруға, көптеген корпоративтік ақпарат көздерін біріктіруге және аналитикалық өнімдердің экожүйесін дамытуға қатысты. Атап айтқанда, оның жұмысы 8-ден астам дерекқорды біріктіруді және қызметкерлерге деректерге негізделген шешім қабылдау құралдарын ұсынатын 15-тен астам талдау жүйесін құруды қамтыды.

Данияр өзінің кәсіби қызметінде техникалық сараптаманы, талдамалық ойлауды және технологиялық жобаларды басқару дағдыларын біріктіреді. Оның тәжірибесі әртүрлі сала мен халықаралық дәрежедегі жұмысты қамтиды және іске асырылған жобалар бизнес мәселелерін шешу үшін қолданылатын заманауи технологиялардың практикада өміршеңдігін көрсетеді.  Кейіпкеріміз әрі қарай да пайда әкелетін технологиялық шешімдерді әзірлеуге баса назар аударып, жасанды интеллект және цифрлы өнімдер саласындағы білімі мен білігін дамытуға ниетті. Таңдаған кәсібіне сәттілік тілейміз!

Аманғали Қалжанов