Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармонияның камералық хоры – Қытай Халық Республикасының Гонконг және Шэньчжэнь қалаларында өткен II халықаралық хор фестивалінің басты жеңімпаздарының бірі. Өнер ұжымы бірден үш аталым бойынша – «Аралас хор», «Камералық хор» және «Заманауи хор» аталымдарында ең жоғары марапат - Gold Award иегері атанды.
Камералық хордың көркемдік жетекшісі – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Гүлмира Құттыбадамова. Фестивальде Данара Ташатова мен Ғабит Әмірғали дирижерлік еткен хор ұлттық музыкалық дәстүр мен заманауи орындаушылық ізденістерді табиғи сабақтастырған концерттік бағдарлама ұсынды. Әр шығарманың көркемдік болмысын ашуда музыкалық драматургияның айқындығы, хор фактурасымен нәзік жұмыс және ансамбльдік үйлесім ерекше рөл атқарды.
Фестивальдің ең жарқын сәттерінің бірі ұлы ақын Махамбет Өтемісұлының сөзіне жазылған «Мен – мен едім» шығармасының орындалуы болды. Солистер Ақжол Серіков пен Абылай Ерболат орындаған туынды концерттік бағдарламаның эмоциялық шыңына айналды. Өлеңнің эпикалық қуаты, ұлттық интонациялық табиғаты мен хор және жеке орындаушылардың табиғи үндестігі тұтас көркемдік шешім қалыптастырып, халықаралық қазылар алқасы мен көрермендерге ерекше әсер қалдырды. Бұл шығарма фестиваль аясында қазақстандық ұжымның шығармашылық келбетін айқындайтын туынды ретінде танылды.
Көрермендер қытай композиторы Ван Чаоның «Жол» шығармасын да ерекше ықыласпен қабылдады. Қабылдаушы елдің музыкасына ден қою оның мәдени дәстүріне көрсетілген құрметтің белгісі ғана емес, екі халықтың музыкалық мәдениеті арасындағы шығармашылық үндестіктің жарқын көрінісі болды. Интонациялық дәлдік, тембрлік бояудың байлығы мен музыкалық бейненің тереңдігі тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді.