Вандалдар дрон көмегім анықталуда

Вандалдар дрон көмегім анықталуда
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада вандализм және қалалық мүлікті бүлдіру деректеріне бақылау күшейтілді. Құқық бұзушыларды анықтау үшін полиция қызметкерлері бейнебақылау камералары мен ұшқышсыз ұшу аппараттарын пайдаланып жатыр.  Жыл басынан бері елордада мүлікті бүлдіру және вандализмге қатысты 200-ден астам дерек тіркелген,  деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Көбінесе вандалдардың әрекетінен аялдама павильондары, орындықтар, қоқыс жәшіктері мен жарнама құрылымдары зардап шегеді. Сондай-ақ тұрғын үйлердің кіреберістеріндегі бейнебақылау камералары мен лифт жабдықтарын бүлдіру жағдайлары да тіркеліп отыр.

Мұндай құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында елордалық полицейлер қоғамдық орындардағы мониторингті күшейтті. Бақылау бейнекамералар арқылы жүзеге асырылса, құқық бұзушылықтың алдын алу үшін дрондар да қолданылады.

Полиция департаменті бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіргені үшін Қазақстан заңнамасына сәйкес жауапкершілік қарастырылғанын еске салады. Құқық бұзушылықтың сипатына қарай кінәлілерге айыппұл салынуы, әкімшілік қамаққа алынуы, сондай-ақ келтірілген шығынды өтеу міндеттелуі мүмкін.

Бұл жұмыс құқық бұзушылықтың алдын алуға, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге және қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған «Заң мен тәртіп» нарративі аясында жүргізіліп жатыр.

Полицейлер тұрғындарды вандализм деректеріне бейжай қарамауға шақырады. Қоғамдық немесе жеке мүліктің бүлінгенін байқасаңыз, дереу 102 нөміріне хабарлау қажет.

Айта кетейік, Астанада «Вандализмге жол жоқ» («Стоп, вандал») акциясы да жалғасып жатыр. Оған қоғам қайраткерлері, танымал спортшылар, мәслихат депутаттары, волонтерлер мен полиция қызметкерлері қатысуда.

Акцияға қатысушылар елорданың қоғамдық орындарында күндізгі және түнгі рейдтер өткізіп, тұрғындарға мүлікті бүлдіргені үшін жауапкершілік бар екенін түсіндіреді. Сондай-ақ қалалық инфрақұрылымға ұқыпты қарауға шақырады.