17 қараша – Дүниежүзілік шала туған балалар қорғау күні. Бұл күні мерзімінен бұрын дүниеге келген сәбилер мен олардың отбасыларына қолдау көрсетуге ерекше назар аударылады, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
«Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының Сарыарқа ауданы бойынша бөліміндегі арт-терапия үйірмесінің еріктілері жыл сайын Ана мен бала орталығына барып, жаңа туған сәбилерге арнап табиғи жүннен тоқылған бұйымдарды табыстайды. Биыл да қатысушылар өз қолдарымен тоқыған жылы киімдерін алып келді.

Табиғи жүннен жасалған жұмсақ бұйымдар жылуды сақтауға және сәбилердің жайлылығын қамтамасыз етуге көмектеседі. Дегенмен шала туған балаларға арналған барлық бұйымдар медициналық талаптар мен мамандардың күтім жөніндегі ұсынымдарына сай болуы маңызды.
Еріктілерді Неонатология бөлімінің меңгерушісі Гүлнәр Тартаева қарсы алды. Ол қатысушылардың игі бастамасын жоғары бағалап, ең кішкентай пациенттерге көрсетіп жүрген қамқорлықтары мен жыл сайынғы қолдаулары үшін алғысын білдірді.
Бұл бастама ұрпақтар сабақтастығын нығайтып, қамқорлық пен мейірімділіктің маңызын көрсететін игі дәстүрге айналды. Өйткені кішкентай ғана жақсылықтың өзі үлкен мәнге ие.