Елорда тұрғыны, еңбек және тыл ардагері, қырық жылға жуық ғұмырын білім саласына арнаған ұлағатты ұстаз Сара Нұрабаева келген қазан айында мерейлі 90 жасқа толады. Сыр еліңде қарапайым көпбалалы шаруалар отбасында туған ол өзі де дүниеге 9 бала әкеліп, «Батыр ана» атанды. Бүгіндері ұл-қыздары мен олардан тараған немере-шөберелерінің ортасында берекелі ғұмыр кешіп жатыр.
Бала күнінен білімге құштар болып өскен ол ісмер анасынан қазақтың қолөнер бұйымдарын тоқу, тігу өнерін жетік меңгерді. Соғыс жылдарында ата-анасына еріп, масақ теріп, еңбекке ерте араласып, майданға астық жөнелту науқанына үлес қосты.

1960-1964 жылдары Қызылорда педагогикалық институтында білім алып, 1996 жылға дейін Сырдария ауданының бірнеше орта мектептерінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып еңбек етті. Соның ішінде осы ауданның Нағи Ілиясов ауылындағы №132 Т. Айтбаев атындағы мектепте, Іңкәрдария ауылының №129 орта мектебінде, Шіркейлі ауылындағы №129 Әбіраш Жәмішев атындағы орта мектепте жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру ісіне ерекше еңбек сіңірді. Бүгінгі күні Сара Нұрабаеваның ұстаздық ұлағатынан тәлім алған шәкірттері еліміздің түпкір-түпкірінде қоғамның әр саласында тер төгуде. Олардың қатарында қызылордалық күрішші меценат, Қазақстанның Еңбек Ері Абзал Ералиев сынды тұғырлы тұлғалар бар.
Сара Нұрабайқызы – мектептен тыс уақытта шәкірттерін жинап, қазақтың қисса-дастандарын оқып, ауыл балаларының сауатын тереңдетуде белсенділік танытқан ұстаз. Бұдан бөлек, қыз балаларға жүн түту, сабау, ұршық иіру, киіз басу, кілем тоқу, келі түю, күбі пісу, диірмен тарту, ұлттық тағамдар дайындау секілді қазақтың көне салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын үйретуді төл дәстүріне айналдырған шебер болды. Ол еңбек еткен жылдарында аудандық, облыстық, республикалық басылымдарға түрлі тақырыптарға қалам тербеп, мақалалар жариялап отыруды әдетке айналдырған қаламгер де бола білді.
Жұбайы Алданазаров Жарылқасын Әбдікәрімұлы өмірінің соңына дейін жоғарыда аталған елді-мекендердің орта мектептерінде физика-математика пәнінің мұғалімі, № 191 және № 129 мектептерде директор қызметтерін абыроймен атқарды. Бүгінде шәкірттері Жарылқасын Алданазаровты мақтанышпен еске алып, оның қарапайым тұлғасы мен ұжым басқарудағы кәсіби шеберлігін насихаттап келеді.
Балалық шақтары сұрапыл соғыс кезеңімен сәйкес келген Жарылқасын Алданазаров пен Сара Нұрабаевадан тараған 7 ұл, 2 қыз мұнай, әскери қызмет, ішкі істер, білім, мәдениет, денсаулық сақтау, саясат салаларында қызмет істейді. Қазіргі таңда олардың алдыңғылары зейнеткерлікке шығып, кейінгілері ел дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді. Бүгінгі күні алтын құрсақты ана ұл-қыздарынан 30 немере, 18 шөбере сүйіп отыр.