Астанада «Таза Қазақстан» акциясы аясында №106 жайлы мектепте табиғатты қорғауға бағытталған экологиялық іс-шара өтті. Шара барысында мектеп оқушылары өрік сүйектерін отырғызып, қоршаған ортаны көгалдандыруға өз үлестерін қосты, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Ұйымдастырушылар бұл бастаманың жас ұрпақтың табиғатқа деген сүйіспеншілігі мен жауапкершілігін арттырудағы маңызын атап өтті.

«Әрбір игі іс кішкентай қадамнан басталады. Бүгін біз балалармен бірге табиғатты қорғауға өз үлесімізді қосып, «Бір сүйек – бір ағаш» экологиялық эстафетасын Алматы ауданынан қабыл алдық. Енді бұл бастаманы Сарайшық ауданына жолдаймыз», – деді Сарыарқа ауданы прокуратурасының Қоғамдық мүдделерді қорғау бөлімінің бастығы Закарин Тархан.
Экологиялық бастаманың мақсаты – оқушыларды қоршаған ортаны аялауға тәрбиелеп, туған қаланың жасыл желегін көбейтуге үлес қосу.
Шапағат Әбдір