Ұстаз туралы кітап жарық көрді

Ұстаз туралы кітап жарық көрді
фото: жеке мұрағатынан

Астанадағы Синтез театрында Ұстаздар күні қарсаңында «Люди одной эпохи. Документальная повесть о Максоте Кусайынове» атты кітаптың тұсаукесері өтті., деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Туынды ұлағатты ұстаз, білікті басшы Мақсот Құсайыновтың өміріне арналған. Кітаптың негізіне оның шәкірттері мен әріптестерінің естелік жазбалары, сондай-ақ Құсайыновтың жеке күнделігі арқау болған. Құрастырушы әрі авторы – Мақсот Құсайыновтың қызы Қорлан Құсайынова. Оның айтуынша, идея бес жыл бұрын, пандемия кезінде пайда болған. Әкесінің туған күнінде әлеуметтік желіде бұрынғы шәкірттері сүйікті директорларын еске алуға арналған онлайн-челлендж ұйымдастырғанын көрген.


         Мақсот Құсайынұлы - қазақ білімі саласында өшпес із қалдырған адам. Ақтөбедегі дарынды балаларға арналған лицей-интернатының директоры қызметін мүлтіксіз атқарған. Талапшыл, жаңашыл басшы болған. Ол басқарған жылдары, яғни 15 жылдың ішінде 18 баланың мектепті алтын медальмен бітіргені туралы ақпарат көп нәрсені айғақтайды. Оның шәкірттері өз ұстазының жарқын бейнесін жүректерінде сақтап келеді. Кітаптың негізіне ұстазын құрметпен еске алатын шәкірттерінің шынайы әрі әсерлі естеліктері арқау болды.

         «Кітапта Мақсот Құсайынұлының өмірі деректі құжаттармен өрнектелген. Азаматтық, адамдық, ұстаздық қырлары жан-жақты ашылған. Қорлан тек өз әкесі туралы ғана емес, тұтас бір дәуір жөнінде документалды еңбек жазып шығыпты. Құтты болсын айтамыз, - деді белгілі қаламгер Нұртөре Жүсіп.

        Қатысушылардың айтуынша, «Люди одной эпохи» — бір адамның ғана тағдыры емес, бұл — соғыстың салмағын, соғыстан кейінгі ауыр жылдарды, қазақ халқының төзімі мен қажыр-қайратын адам тағдырлары арқылы сөйлеткен тұтас бір дәуірдің шежіресі. Бұл кітаптан әркім өзіне жақын бір бейнені табатындай: біреу әкесін, біреу атасын, біреу ұстазын, енді біреу өз әулетінің үнсіз қалған тарихын көреді.