Көмейін тілі күйдірген, шешендігі арқылы талайдың басын идірген Сырым Датұлы мен адуынды ақыны бар Жұбан жерінен Астанаға Ақжайықтан өнер керуені келді. Құрманғазы мен Динаның күйшілік дәстүрі, Махамбет пен Мұхиттың өршіл рухы, Ғарифолла мен Қадырдың өлмес мұрасы тамыр жайған қасиетті Ақжайықтың өнерпаздары елорда төрінде төрт күн бойы ұлттық мәдениетіміздің бай қазынасын паш етті.
Астана қаласындағы Еркеғали Рахмадиев атындағы мемлекеттік академиялық филармонияның концерт залында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының 60 жылдық мерейтойына арналған Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің «Ақжайықтан ақ сәлем!» атты концерті өтті. Мерейлі кештің шымылдығы 60 жылдық тарихында ұлттық өнердің өрісін кеңейтіп, талай таланттың қанатын қатайтқан академиялық филармонияның шығармашылық шежіресіне арналған арнайы фильм көрсетіліп, филармония басшысы Бауыржан Халиолла елордалық өнерсүйер қауымға ізгі лебізін білдірді. Оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет саласының үздігі Жарас Сатыбалдиевтің жетекшілігімен өнер көрсеткен ұжым қазақ музыкасының тереңдігін, дәстүрлі өнердің өміршеңдігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

«Атамекен» би керуені салтанат құрды
Астана қаласындағы Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерттің» камера залында Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясының «Атамекен» ерлер би ансамблінің «Би керуені» салтанат құрды. Батыс аймақта тұңғыш рет ерлерден құралған би өнерін кәсіби деңгейде насихаттап жүрген «Атамекен» ерлер би ансамблі көрерменге мазмұнды да әсерлі кеш сыйлады. Ансамбль әр шығармаға қазақ халқының салт-дәстүрін, тұрмыс-тіршілігін, өр рухы мен дара мінезін би тілімен бейнелеп, әлем халықтарының би мәдениетін де шебер ұштастырды. Кештің көркемдік келбетін филармония әртістерінің өнері толықтыра түсті. Сахна төрінде әуелеген ән мен күмбірлеген күй, мың бұралған би бір арнаға тоғысып, көрерменге ерекше әсер сыйлады. ҚР Мәдениет саласының үздігі Сұлтан Даутов бастаған өнер ұжымы елорда жұртшылығына Ақжайықтың өнер өрісін танытып, ұлттық мәдениеттің мерейін асқақтатты.

Мұхит үні – мәңгілік
Ғ.Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармонияның 60 жылдық мерейтойы аясында Қ.Қуанышбаев атындағы қазақ ұлттық музыкалық драма театрында дәстүрлі ән өнерінің көрнекті өкілдері, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің «Мұхит мұрагерлері» атты концерті өтті. Ғасырлар қойнауынан жеткен әуезді әндер мен термелер қос әншінің шебер орындауында жаңаша тыныс алып, сахна төрінде ұлттық өнердің асқақ рухын асырды. Хатимолла Бердіғалиевтің домбырамен қатар сырнай мен өзге де музыкалық сүйемелдеулер арқылы ән орындауы оның шығармашылық өрісінің кеңдігін аңғартса, Қайрат Кәкімовтің сырлы үні мен өзіндік орындаушылық мәнері дәстүрлі әннің бояуын қанықтыра түсті.

Кештің музыкалық көркемдігін Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі толықтырып, оркестрдің көркемдік жетекшісі әрі бас дирижері Жарас Сатыбалдиевтің жетекшілігімен, ҚР Мәдениет саласының үздігі Асылхан Қазиевтің дирижерлігімен сахна төріндегі өнер өрнегін биіктете түсті. Мұхит үнінің мәңгілік екені тағы бір мәрте дәлелденді. Одан соң Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының сахнасында өткен тағылымы терең кеш филармонияның 60 жылдық мерейтойына арналды. Концерт шымылдығын қос оркестрдің қуатты орындауындағы күй кернеп, көрерменді бірден өнердің әлеміне жетеледі. Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрі мен Ш.Қажығалиев атындағы эстрада-симфония оркестрінің бір сахнада тоғысуы кештің көркемдік ауқымын айшықтай түсті.

Астана төрінде төрт күн бойы жалғасқан Батыс Қазақстан облысының мәдени күндері іспетті мазмұнды өнер сапары Ғарифолла Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы ұжымының «Ақжайықтан ақ сәлем» атты гала-концертімен өз мәресіне жетті. Елорда төрінде өткен бұл күн Ақжайықтың әні мен күйін, биі мен дәстүрін, өнері мен рухани байлығын кеңінен танытқан тағылымды мәдени шежіреге айналды.
