Ұстаз – қоғамның айнасы

Ұстаз – қоғамның айнасы
фото: жеке мұрағат

Бүгінгі таңда ұстаздың қоғамдық беделін арттыру – тек білім саласының емес, тұтас мемлекеттің стратегиялық міндеті.

«Ұстаз жаратылысынан өзіне айтылғанның бәрін жете түсінген, көрген, естіген және аңғарған нәрселердің бәрін жадында жақсы сақтайтын, ешнәрсені ұмытпайтын алғыр да аңғарымпаз ақыл иесі, мейлінше шешен, өнер-білімге құштар, аса қанағатшыл жаны асқақ және ар-намысын ардақтайтын, жақындарына да, жат адамдарына да әділ, жұрттың бәріне жақсылық пен ізгілік көрсетіп, қорқыныш пен жасқану дегенді білмейтін батыл, ержүрек болуы керек, – деген Әл-Фараби бабамыз  толғамды түйіні әлі күн тәртібінен түсе қойған жоқ. Керісінше маңыздығы артты. Қаншама ғасыр өтсе де, одан бері том-том тарих, әдебиеттер жаңарса да, түрлі білім берудің әдіс тәсілдері өзгерсе де ұстазға құрмет пен оған артылатын сенім жүгі азайған емес. Баланың санасына шырақ жағу, көкжиегін кеңейту, оған тиесілі бағыт-бағдар беру дегеніміз тек қана ұстаздар қауымының қолынан ғана келетін әрекет екендігі дәлелдеуді қажет етпейтін шындық. Сондықтанда жас ұрпаққа сапалы білім, саналы тәрбие беру – ең өзекті мәселелердің бірі ғана емес, бірегейі.

«Ел болам десең, бесігіңді түзе», – деп ұлы Мұхтар Әуезов айтпақшы, бұл – ұлттың тамыры, қаны, жаны, соны таза сақтаудың ең төте жолы. Ұлттық құндылықтарға мейлінше қанық, өркениеттік озық ілімдерге барынша жетік жандар  ғана  текетіреске төтеп бере алады деген сөз.

Мемлекеттің іргетасы іспетті ұстаздар өздерінің  ұрпақ және болашақ алдындағы жауапкершілігін абыроймен атқарып келеді. Себебі қандай жағдай, қандай уақытта болмасын еңселі елдің ертеңі – ұлағатты ұландардың қабілеті мен қарымына, тағылымды танымына байланысты.

Соңғы жылдары елімізде ұстаздардың жағдайын жақсарту бағытында үлкен реформалар жасалды. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы мұғалімдердің құқықтық тұрғыдан қорғалуын күшейтіп, оларды артық есеп беру мен өз міндетіне жатпайтын жұмыстардан босатты.

Жалақының өсуі, түрлі үстемеақылар мен ынталандыру тетіктері бұл мамандыққа деген қызығушылықты қайта оятты. Ең бастысы үздік мектеп түлектерінің педагогикалық мамандықтарды таңдауына жол ашты. Педагогикалық мамандықты таңдаған студенттердің шәкіртақылары артты. Дегенмен, шынайы бедел тек жоғары жалақымен ғана өлшенбейді

Мұғалімнің қоғамдағы беделі – бұл көпжақты ұғым. Ол бірнеше маңызды тіректерден тұрады. Қазіргі уақытта қоғамдық даму сатысындағы өзгерістерге орай кәсіби құзыреттілік пен цифрлық сауаттылыққа ерекше мән берілуде. Оқушылар ақпаратты бір секунд ішінде таба алады. Сондықтан заманауи ұстаз тек ақпарат беруші емес, оның пайдалы тұсын ғана бала бойына дарытуға тиіс жауапты жан. Жаңа технологияларды меңгерген, өз пәнін терең білетін мұғалімнің беделі әрқашан жоғары.

 Ұстаздың сөйлеу мәдениеті, киім киісі, өзін қоғамдық орындарда және әлеуметтік желілерде ұстауы оның беделіне тікелей әсер етеді. Мұғалім – бала үшін ғана емес, ата-ана үшін де үлгі. Медалдің екі жағы бар демекші кейде қоғамда мұғалімді әлі де «қызмет көрсетуші» ретінде көру үрдісі байқалады. Ұстазды құрметтеу отбасынан басталуы керек. Егер үйде ата-ана мұғалімді баланың көзінше сынап, беделін түсірсе, ол бала мектепте ешқашан жақсы білім ала алмайды.

Ұстаз еңбегінің ең қиын әрі жауапты бөлігі – баланың мінез-құлқын, ішкі мәдениетін қалыптастыру. Ұлттық құндылықтар бұған дейін қазақ қоғамындағы әжелер, ақсақалдар институты арқылы дарыса, бүгінде оның формасы сәл өзгеріп, заман талабына орай  әр білім беру ұйымында ардагерлер ұйымы, әжелер, аталар, әкелер мектептері тәрбие саласының ажырамас бөлігіне айналды. «Адал азамат» Біртұтас тәрбие бағдарламасы да бұл ауқымды одан сайын кеңітіп, тәрбиенің бар тармағын адамгершілік, мейірім, адал еңбек құндылықтарына қарай икемдеді. Жіп ұшы жалпыадамзаттық құндылықтарға ұласады.

Білім мен тәрбие рухани тұрғыдан қабысқанда ғана ізгілік бағы гүлдейді. Жемісті бақтың бағбаны мұғалімдер екені белгілі. Ұстаздың беделі – бұл мемлекеттің болашағына салынған инвестиция.

Мұғалімнің мәртебесі жоғары болған жерде ғылым да, мәдениет те, экономика да дамиды. Осы орайда Астана қаласы педагогтерінің еңбегінен бір мысқал мысал келтіре кетсек, жақында жарияланған PISA (Programme for International Student Assessment) – 15 жастағы оқушылардың функционалдық сауаттылығын бағалайтын халықаралық зерттеу бағдарламасы қорытындысы бойынша елордалық оқушылар оқу сауаттылығы бойынша республикада I орын, математикалық және жаратылыстану бағыты бойынша II орынды иеленді. Бұл көрсеткіштердің астарында мұғалімдердің көзге елене бермейтін еселі еңбегі жатыр. Адами капитал деген сөзі жиі айтамыз, оның сапасы осындай тәуелсіз бағалаулар арқылы көрінеді.

Ірі халықаралық компаниялар мен инвесторлар елге зауыт, технологиялық орталықтар ашпас бұрын сол елдің адам капиталына қарайды. PISA нәтижесі жоғары елдерде болашақта білікті әрі бәсекеге қабілетті мамандар көп болады деп есептеледі екен. Мұғалім еңбегінің бар маңыздылығын осы тұстан-ақ бағалауға болады емес пе.

Мұғалімнің мәртебесін көтеруді тек заңмен шектемей, әрбір азамат өз деңгейінде мамандық иелеріне шынайы құрмет көрсеткенде ғана  сапалы қоғам құра аламыз. Ел ертеңі –жас ұрпақ десек, оны білімді, білікті, мейірімді, жүректі, айбынды тұлға етіп қалыптастыратын қарапайым ғана ұстаздар ұстаханасы екені белгілі. Сөзіміздің соңын мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың: «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты», «Мықты мұғалім – сапалы ұлттың тірегі, бұл – нағыз ақиқат», – деген құнды пікірлерімен түйіндейік.

Ұстазды ұлықтау – ұлтты ұлықтау. Ұстаз қандай болса, қоғам сондай болмақ. Ұстаздар – қоғам айнасы. Ал, сіз, айнаға қарадыңыз ба?

Ерғазы Манапұлы,

Астана қаласы әкімдігі Әдістемелік орталығының әдіскері. Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.