Ұлттық сананы жаңғыртып, мәдени тамырымызды бекемдей түсетін маңызды күн

Ұлттық сананы жаңғыртып, мәдени тамырымызды бекемдей түсетін маңызды күн

 Бүгін – Ұлттық домбыра күні. Журналист Айша Тұрмағамбетованың айтуынша, домбыра – қазақтың қолындағы аспап қана емес, халықтың тарихи жады мен рухани коды. Оның қоңыр үні ғасырлар бойы ұлттың мұңын да, қуанышын да, ерлігі мен елдігін де ұрпақтан ұрпаққа жеткізіп келеді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

-Жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтаудың ең сенімді жолы – рухани құндылықтарды ұлықтау. Сол құндылықтардың төрінде домбыра тұр. Сондықтан бұл мереке тек дәстүрлі музыканы дәріптейтін күн емес, ұлттық сананы жаңғыртып, мәдени тамырымызды бекемдей түсетін маңызды күн. Қуаныштысы – бүгінде күй өнеріне қызығушылық артып келеді. Жас орындаушылардың қатары көбейіп, жаңа шығармашылық жобалар, фестивальдер мен білім беру бастамалары жүзеге асуда. Домбыраның күмбірі Қазақстанмен ғана шектелмей, әлемнің әр түкпірінде жаңғырып, мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді. Ұлттық мұраны сақтау – өткенді құрметтеу ғана емес, болашақ алдындағы жауапкершілік. Домбыраның үні халқымыздың рухын асқақтатып, келер ұрпақтың жүрегіне ұлттық құндылықтарды сіңіре берсін. Ұлттық домбыра күні құтты болсын!- дейді ол.