Суреткердің сәулелі ғұмыры

Суреткердің сәулелі ғұмыры
фото: Астана қаласының әкімдігі

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада көрнекті жазушы, публицист, баспагер, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дидахмет Әшімханұлының өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін өлкетанушы Ләззат Қажаеваның «Сәулелі ғұмыр» кітабының тұсаукесері өтті.

Іс-шараны ашып, жүргізген белгілі қаламгер, әдебиеттанушы-ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Сауытбек Абдрахманов тұсаукесер Республика күні қарсаңында ұйым­дастырылғандықтан, жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтап, егемендіктің орнауына талай тұлға үлес қосқанын, солардың арасында Дидахмет Әшімханұлы да бар екенін атап өтті. Оның журналист ретінде жазған «Алтынсарин көшесінің ұзындығы 100-ақ метр» деген мақаласы кезінде намысты қайрағанына тоқталды. Жазушының елордаға келіп, «Астана ақшамы» газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметін атқаруына өзінің себеп болғанын тілге тиек етті. Дидахмет Әшімханұлы классикалық шығармаларды жазғанын, бір ғана «Аққабаның толқыны» әңгімесімен отбасындағы, қоғамдағы үлкен мәселелерді көтергенін айта келе, «Тасқала» әңгімесінің оқырманға әсері жөнінде әңгімеледі.

Белгілі ақын, Құрылтай депутаты Жанарбек Әшімжан Дидахмет Әшімханұлы жастарға өте жақын жүргенін айтып, жазушы өз шығармашылығын адамның тағдырын, адамның психологиясын ашуға, тек өзі туған шығыс елін ғана жазбай, бүкіл адамзатқа тән дүниелерді жазуға арнағанын атап өтті.

Белгілі журналист, публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жанболат Аупбаев Дидахмет Әшімханұлымен қалай танысқанын әңгімелей келе, естеліктерді жаңғыртты. Жазушы прозаға көп қаламгер секілді поэзия арқылы келгенін, өзі құрастырған «Біздер де ақын болғанбыз» кітабына өлеңдерін енгізгенін жеткізді.

Естеліктер легін Өскеменнен арнайы келген Дидахмет Әшімханұлының досы, журналист, ақын Әлібек Қаңтарбаев, т. б. қаламгерлер жалғап, жазушының жарқын бейнесін еске алды.

«Сәулелі ғұмыр» кітабына келсек, бұл – бұрын шыққан кітаптың толықтырылып, сұрыпталып шыққан қайта басылымы. Онда қаламгердің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы кеңінен таныстырылады. Қаламгердің әдебиетке қосқан үлесін, азаматтық болмысын және рухани құндылықтарын насихаттайтын туынды жазушы тұлғасын тереңірек тануға мүмкіндік береді.