Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды - Мемлекет басшысы

Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды - Мемлекет басшысы
фото: Aqorda

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Бірінші шақырылымдағы Құрылтайдың бірінші сессиясының ашылуында ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайтынын, мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсірететінін атап өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

«Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді.

Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз.

Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды.

Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ.

Сондықтан жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.

Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние.

Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын», - деді ол.