Ұлт ұстазы қалыптастырған құндылықтардың бүгінгі жалғасы

Ұлт ұстазы қалыптастырған құндылықтардың бүгінгі жалғасы
фото: Гүлбадан Мәдібаеваның жеке архивінен

«Ұлт ұстазы» атанған ұлы тұлға  Ахмет Байтұрсынұлының  мұрасы  -  қазақ тілінің, әдебиеті мен мәдениетінің даму тарихымен тікелей сабақтас. Олай дейтініміз - Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілін зерттеп қана қоймай, оның ғылыми негізін қалыптастырған ұлы  ағартушы, қазақ баласының ана тілінде білім алуының негізін қалаған ғалым. Қазақ  тіл біліміне сіңірген  еңбегі бүгін де  өз маңызын еш жоғалтқан жоқ.

Кітапхана үшін де Ахмет Байтұрсынұлының мұрасы ерекше мәнге ие. Себебі, кітапхана – тек кітап сақтайтын орын емес, ұлттың рухани жадын ұрпаққа жеткізетін мәдени орта. Ал Ахмет Байтұрсынұлының кітаптары мен ғылыми еңбектері – сол рухани қазынаның аса бір құнды бөлігі.

Бүгінгі жас ұрпаққа Ахмет Байтұрсынұлының мұрасын таныстыру – оның өмірбаянын айтып, еңбектерін тізіп шығумен ғана шектелмеуі керек. Оның «тілді сақтау – ұлтты сақтау» деген ұстанымының мәнін қазіргі заман тұрғысынан түсіндіру маңызды. Ана тілін құрметтеу, сауатты сөйлеу мен жазу, кітап оқу, ұлттық әдебиетті бағалау – ұлт ұстазы қалыптастырған құндылықтардың бүгінгі жалғасы деп білемін.

Ахмет Байтұрсынұлының «Сөзі жоғалған жұрттың өзі де жоғалады» деген тағылымды ойы бүгінгі күні әлі де өзекті мәселе. Тілге деген жауапкершілік – әр азаматтың ұлттық жауапкершілігі. Ал кітапхана осы жауапкершілікті қалыптастыратын, әдеби мұраны насихаттайтын маңызды рухани кеңістіктердің бірі. 

Ұлт ұстазының «Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген керемет сөзі бар. Біз кітапхана тарапынан осы керектердің  алғашқысын барынша насихаттап келеміз.

 «Өзіміздің елімізді сақтау үшін бізге мәдениетке, оқуға ұмтылу керек. Ол үшін ең алдымен, әдебиет тілін өркендету керек...»  Біз Ахмет Байтұрсынұлының бұл сөзін  бар жан-дүниемізбен түсінеміз, әрі осы сөздерді әр оқырманның кеудесіне сәуле төккендей жеткізуді мақсат етеміз.

Бір дәуірдің ғана емес, ұлттың мәңгілік рухани қазынасы болған Байтұрсынов мұрасы -  тілдің қадірін білуге, кітап пен әдебиетті бағалауға үндеу, білімге ұмтылуға жігерлендіру емес пе?!

Гүлбадан Мәдібаева,

Астана қаласы әкімдігінің "Орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің" басшысы