Елордада «Астана – есірткісіз қала!» кешенді жоспары аясында университеттердің студенттік командалары арасында баскетбол турнирі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – жастар арасында есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алу және салауатты өмір салтын насихаттау, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Турнирге қолдау білдірген елордалық полиция қызметкерлері жастардың спорттық бастамаларын қолдап, өскелең ұрпақтың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауын қалыптастыруға бағытталған жобалардың маңыздылығын атап өтті.
Спорт жастарды тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады. Ол тәртіптілікке, мақсатқа ұмтылуға, командалық рухты нығайтуға және нәтижеге жетуге үйретеді. Осындай іс-шаралар студенттердің бос уақытын тиімді ұйымдастыруға, оларды ортақ позитивті құндылықтар төңірегінде біріктіруге және белсенді өмір салтына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.
Елордалық полиция жастар спортын дамытуға және есірткі құқық бұзушылықтарының алдын алуға бағытталған бастамаларды қолдауды жалғастыруда. Бұл бағыттағы жұмыстың маңызды бөлігі – жастар арасында есірткіге деген тұрақты теріс көзқарас қалыптастыру, сондай-ақ денсаулықты, қауіпсіздікті және белсенді өмірлік ұстанымды таңдаудың маңызын түсіндіру.