Астанада бүгін Халықаралық жастар күніне орай жастардың шығармашылық әлеуетін арттыруға, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға және қоғамдағы белсенділігін қолдауға бағытталған «JASTAR DAY» ауқымды фестивалі өтті. Ашық аспан астындағы мерекелік шара елордалық Амфитеатрда ұйымдастырылып, қала жастарына мерекелік көңіл күй сыйлаған маңызды мәдени әрі ағартушылық алаңға айналды, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Фестивальді ұйымдастырудағы негізгі мақсат – жастардың шығармашылық қабілетін шыңдау, өзара тәжірибе алмасуына мүмкіндік беру, пайдалы әрі мазмұнды демалысын қамтамасыз ету. Сонымен қатар іс-шара аясында салауатты өмір салтын ұстану, құқықтық мәдениетті арттыру, заң мен тәртіпті құрметтеу, экологиялық жауапкершілікті қалыптастыру, еңбекке баулу және кәсіби бағдар беру мәселелеріне де ерекше мән берілді.

Халықаралық жастар күні – әлем жастарының қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге назар аударатын маңызды дата. Осыған орай ұйымдастырылған «JASTAR DAY» фестивалі жастардың қызығушылығы мен заманауи сұранысына сай бірнеше бағытты қамтыды.
Іс-шара барысында еліміздің түрлі салаларында жетістікке жеткен танымал спикерлер жастармен кездесіп, кәсіби тәжірибесімен бөлісті. Олар көшбасшылық, медиа, технология, өнер, әлеуметтік жобалар және жеке даму бағыттары бойынша пайдалы кеңестер берді. Мұндай кездесулер жастарға өз болашағын жоспарлап, кәсіби бағытын айқындауға және жаңа мүмкіндіктерді көруге жол ашады.

Фестивальдің ағартушылық бағытына да басымдық берілді. Атап айтқанда, «Заң мен тәртіп» қағидатын жастар арасында кеңінен насихаттау, құқықтық сауаттылықты арттыру, түрлі құқық бұзушылықтардың алдын алу және жалған ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру мәселелері қозғалды. Сонымен бірге «Таза Қазақстан» бастамасы аясында қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау, тазалық сақтау және экологиялық мәдениетті қалыптастыру жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қызметкері Жүсіп Әлібектің айтуынша, фестивальдің басты ерекшелігі – жастардың қызығушылығын ескере отырып, мерекелік, шығармашылық және тәрбиелік бағыттарды бір алаңда тоғыстыру.

«Бүгін – жастар үшін маңызды мереке. Осыған орай елордада жастардың көңілінен шығатын ауқымды іс-шара ұйымдастырылып отыр. Мұнда жастар арасында танымал өнер жұлдыздары өнер көрсетіп, концерттік бағдарлама ұсынады. Сонымен қатар фестиваль тек ойын-сауықпен шектелмейді. «Таза Қазақстан» акциясы, «Заң мен тәртіп» қағидаты, құқықтық мәдениет, салауатты өмір салты және жастардың қауіпсіздігі секілді маңызды мәселелер де кеңінен қамтылып отыр. Бұл бағыттар бойынша арнайы спикерлер жастармен кездесіп, өзекті ақпараттармен бөліседі», – деді Жүсіп Әлібек.
Оның сөзінше, мұндай форматтағы шаралар жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне ғана емес, олардың қоғамдағы белсенділігін арттыруға да мүмкіндік береді.
«Жастардың шығармашылығын қолдау, қабілетін ашуға жағдай жасау және олардың пайдалы бастамаларына жол ашу – басты міндеттердің бірі. Сондықтан осындай іс-шаралар арқылы жастарға өз ортасын кеңейтіп, жаңа адамдармен танысып, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беруге тырысамыз», – деді басқарма өкілі.

Фестивальдің «Заң мен тәртіп» бағытына Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл комитеті де атсалысты.
Комитет басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бақытжан Әмірханов жастармен жұмыс істеуде профилактикалық және түсіндіру шараларының маңызы зор екенін атап өтті.
«Бүгін жастарға арналған үлкен іс-шара ұйымдастырылып жатыр. Бұл – Ішкі істер министрлігі, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана жастары және Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен өтіп жатқан ауқымды жоба. Іс-шара «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында жастармен бірге ұйымдастырылып отыр. Жастар – біздің болашағымыз. Сондықтан олардың арасында салауатты өмір салтын насихаттау, құқық бұзушылық пен қылмысқа жол бермеудің маңызын түсіндіру – баршамызға ортақ міндет», – деді Бақытжан Әмірханов.
Полиция полковнигі әсіресе жастарды есірткі қылмысының және интернеттегі түрлі қауіптердің алдын алуға шақырды.
«Жастарға ең алдымен өз өмірі мен болашағына жауапкершілікпен қарау керек екенін түсіндіру маңызды. Біз оларды заң талаптарын сақтауға, құқық бұзушылыққа жол бермеуге, күмәнді ұсыныстардан аулақ болуға шақырамыз. Қазіргі уақытта ақпарат өте көп. Сондықтан кез келген ақпаратқа бірден сенбей, оның дереккөзін тексеру, жалған ақпаратты ажырата білу де маңызды. Жастардың құқықтық сауаттылығы жоғары болған сайын олардың түрлі қауіп-қатерден қорғану мүмкіндігі де артады», – деді ол.
Фестиваль аясындағы мәдени бағдарлама да жастардың көңілінен шықты. Кеш қонақтары қатарында жастар арасында танымал отандық эстрада жұлдыздары Ersultan Omar, Шеру Нұрай, Еркебұлан және Бауыржан, Ілияс Қабдырай, Baxa, Rick және Абзал Утешов болды. Кешті Бексултан Акимжан мен Дильназ Жасқайратова жүргізді.
Осылайша, «JASTAR DAY» фестивалі мерекелік концерт пен ойын-сауықты ғана емес, жастардың жеке дамуына, құқықтық және экологиялық мәдениетін арттыруға, кәсіби бағдар алуына бағытталған мазмұнды алаң ретінде өтті.
Ең бастысы – шараға қатысқан жастар өздерінің шығармашылық мүмкіндіктерін көрсетуге, жаңа ақпарат алуға, тәжірибе жинақтауға және замандастарымен еркін пікір алмасуға мүмкіндік алды. Ал ашық аспан астындағы мерекелік формат Халықаралық жастар күнінің мазмұнын жастардың заманауи өмір салтына жақындата түсті.
Фестиваль қала тұрғындары мен қонақтары үшін тегін