Сәкен сері

Сәкен сері

(Бөріктінің көріктісі)

Ілгеріректе көрнекті ақын Сәкен Сейфуллиннің болмыс-бітімі үнемі серілік ұғымымен байланыстырылатын. «Сәнін берсін Сәкеннің» деп ертелі-кеш жарыса жырлап жүрер ек. Анығында да, керемет көркем кісі болған деседі. Қажым Жұмалиевтің «Жайсаң жандар» деген кітабында ол үйлесімнің үлгісі, серіліктің символы ретінде кейіптеледі. Сөйтіп, Сәкен сері деген атау­лы түсінік әдебиетіміздің алғы шебіндегі әдепкі Сәкеннің тұсында қалыптасты.

Кейінірек қазақ жұрты тағы бір сері Сәкенді танып-білді. Ол – аса талантты жазушы Сәкен Жүнісов. Сәкен дегеніміз – «Өшпейтін іздер» мен «Сонарда», «Жаралы гүлдер» мен «Жапандағы жалғыз үй», «Тұтқындар» мен «Қызым, саған айтам», «Кроссворд» пен «Сәукеле», «Ақан сері» мен «Саба­лақ Абылай», «Аманай мен ­Заманай»...

Бұл шығармалар қолдан-­қолға түспей оқылды. Механизаторлар қос ішінде, балықшылар қайық үстінде жастанып жатып парақтап, оның кітаптарын әбден ақжем қылды. Бала біткен әке-шешесінен тығылып, май шамның жарығымен тезірек сүзіп шығамын деп, көз майын тауысты. Ауыл адамдары ерекше қабілетті қаламгердің жаңа жинақтарын таласып-тармасып қарап қалу үшін шағын кітапханаға ұзын-сонар кезекке тұрды. Біз жастау кезімізде соны көрдік. Бұл жағынан, Сәкен Жүнісов – өте бақытты жазушы.

Ал енді Сәкен сері деген атақты оған қазақ зиялылары берген сыңайлы. Әрине, ұлтымыз бен жұртымызда одан да серілеу һәм перілеу қаламгерлер болды. Бірақ оған бұл атау құйып қойғандай, өлшеп тіккен оқалы бешпенттей жарасып, өн бойына, болмыс-бітіміне бірден таңбаланды да қалды. Шынында да, ол осы заманғы нағыз серінің өзі еді. Сурет салады, ән айтады, музыкалық аспаптардың қай-қайсысының да құлағында ойнайды. Балуандыққа да бір адамдай таласы бар. Сөзге өте шешен. Бөріктінің ішіндегі көріктінің бірі болды. Мәрт мінезді, құмбыл қимылды, не істесе де кесек турайтын адам-тұғын. Қысқасы, осы тақырыпты жеріне жеткізе зерттеген фольклоршы ғалым досымыз Шамшәдин Керімнің теория­лық тұжырымдамасына сүйенсек, Сәкен ағамыздың бойында сал-серіліктің барлық элементтері бар-ды. Абырой-беделден де кенде болған жоқ. Мемлекеттік сыйлықты иеленді, Қазақстанның халық жазушысы атанды.

Өмірінің өнегесі де жетіп артылатын. Жарынан айрылған жылдарда перзенттерін бөтенге телміртпеді. Төмен етектілерге қайырыла қоймады. Бас құрамады. Жалған дүниеден өткенше жалғыз жортты.

Жалпы, Сәкен сері – ұлт руханиятындағы қайталан­бас тұлға. Оның ардақты есімін ұмытпағанымыз жөн. Туған күні де, дүниеден көшкен күні де емес бүгін. Жай тек... Фотошебер Шүкір Шахай кешкі салқынмен архивін ақтарып отырып, баяғыда түсірген мына бір суретін тауып алыпты. Содан біз де ептеп қозғалыңқырап кеткен шығармыз...

Бауыржан ОМАРҰЛЫ