Сырт Қасқабұлақ сыры қандай?

Сырт Қасқабұлақ сыры қандай?

Сырт Қасқабұлақ... Абайдың кіндік қаны тамған киелі мекен. Одан әрі Семей – ақын алақанының табы, табанының ізі қалып, рухы тұнған шаһар. Мәдениет пен әдебиеттің қазақ жеріндегі бір қайнар бұлағы. Ол заманда Семейге қатынаған жолаушылар Сырт Қасқабұлақтың басына ат шалдырып, мөлдір тұмадан шөлін ғана басады. Көп бөгелуге дәті бармайды. Жердің иесі – Құнанбай әулетінің қабағынан ығады. Бұл жақта жаз, әсілі, арқаны кеңге салғыза қоймайды. Тамыздың алғашқы он күні ауа сала күн райы құбылмалы. Тылсым табиғат пен адам өмірінің қым-қуыт, аумалы-төкпелі мінезі, егіз жаратылғандай, тым ұқсас-ау!

Құнанбай – жал­ғыз Тобықты ғана емес, осы өңірдің Арғын-Найманы мен Керей-Уағы мойындаған ел ағасы. Кеңгірбай бидің таңдауы түскен Өскенбайдың перзенті, Балта ақын «ат басындай алтынға» теңеген тұлға! Бұл өңірде Тобықтының «шынжыр балақ, шұбар төс» Ырғызбай табының дегені жүріп тұрды. Құнанбайдың турашыл бітімі өз алдына, қайтпас мінезінен өз төңірегі ғана емес, іргедегі ел-жұрт тегіс аяғын тартады.

Сол жылғы жазда да мұнда мал аяғы тимеген. Көк майсасы жыл сайын әрі-бері өткеннің «көз құртына» айналады да тұрады. Құр жұтынғаннан басқа қайран жоқ. Жан қысылғанда «ығынан» пана табатын Құнанбай ғой... Билікке араласқалы бері оның жер-суы дау-дамайға іліккен емес. Тобықтының маңдайалды шонжарымен шатақ іздеп, егеспек түгілі, сыр­тынан «ши жүгіртуге» жүрегі дауалайтын жан кемде-кем.

Қайта керісінше, қолынан келгені жуан атаның ұрпағының «қолтығында» жүруге бейіл. Мал өрісі қанша таршылық етсе де, «қарадан шығып хан болған» Құнекеңнің қырына ілігудің аяғы жақсылыққа соқпасы жұртқа мәлім. Ендеше тізеге салып, әпербақандық жасауға кімнің дәті бармақ?! Жайқалған қорыққа сырт «көз» тамсанғаннан аспайды. Бірақ «күн шыққанда мойныңда, күн бұлтта қойныңдағы» ағайынға сенім де аз...

Шөбі шүйгін, суы тұнық

Малсақ қандастары төрт түліктің жайын ерте бастан ойластырады. Жер танығыштар Шыңғыстағы от-сулы, салқын, шыбын-шіркейсіз жерлерді барлап қайтып, алдын ала жөн-жоба көрсетеді. Бұл – бағзы замандардан қалыптасқан дағдылы шаруа. Балқы Базар жыраудың: «Елдің сәні келеді, Өрісі жайылым кең болса. Екі жағы малға жай, Жайлауы шалқар көл болса» деген тәмсіліне лайық жер, әрине, арман!

Шөбі шүйгін, суы тұнық жайлау кімге жетеді?! Жайлауға көшудің ау-жайын бізге Абайдың шөбере інісі Әрхам Кәкітайұлы Ысқақовтың естелігі егжей-тегжейлі баяндап, көз алдымызға жайып салады. «Төл алынып, бойдақ мал қарақұйрық болып, жылқы түлеп, қара тіл болғанда, түйенің өркеш қомы толығып, қара қайысқа айналғанда ауыл көші жайлауға жиналады...» деп тәптіштей жазады ол.

Сөйтіп, «Жүрер бағыт, қонар қоныс анықталып, көшке дайындық басталады. Жайылымдағы мал түгенделіп, әрбір отбасының ен-таңбасы тексеріледі. Ұзақ жолға шығатын малды ағынды таяз суға жүргізіп, тұяғын түрлейді. Жегуге арналған құ­ралдар – арба, сүйреткі мен әбзелдер – доға, делбе, қамыт, ершік жөнделеді. Тұяғында жарасы, ақауы бар малды емдеп, тұяққап кигізеді». Бұл – көзі қарақты шаруа адамына үйреншікті қарекет.

«Киіз үйлер жығылып, үй жабдықтары мен бұйымдары тең-тең болып буып, түйіледі. Әр бағытқа кететін ел айрылыс қазан көтеріп, бірін-бірі қонақ­қа шақырады. Бірнеше ауыл бірігіп, үлкен қауым құрайды. Көш алдына түйе мен жылқыны салады, қой мен сиыр соңында айдалады. Ол бірнеше шақырымға созылып, қауіпті тұстарда ғана көшкен жұрт іркес-тіркес қозғалады. Қаруы сайлы жігіттер көшке ілесе жүреді...

Құнанбай ауылдары, тегінде, бір қоныста ұзақ аялдамайды. Қалың жылқының ауыл маңын шұбырынды қылып, тез тоздырып тастауынан сақтанып, он-он бес күнде жұрт аударып отырады...». Бала жастан осы көрген-білгені Абайдың жадында қаттала беріп, кейін өлең боп өріледі: «Жаздыгүн шілде болғанда, Көкорай шалғын, бәйшешек / Ұзарып өсіп толғанда; Күркіреп жатқан өзенге / Көшіп ауыл қонғанда...».

Жаймашуақ жаздың қызы­ғына, сірә, кім тойған! Шат-­шадыман көрініс ақын шабытын шалқытады: «Шалғыннан жоны қылтылдап, шұрқыраған жылқы, жоғары-төмен ұшқан үйрек-қаз...». Әйтеуір, мәз-мейрам бір тіршілік: «сабадан құ­йылған қымыз, емен-жарқын көпшілік, бұрқылдаған самау­рын. Білімділердің сөзіне аң­қылдап, бас изеген алаңсыз жұрт. Мылтық атып, құс салған бозбала...».

«Шілде кірісімен киіз үйлер қайта жығылып, ауыл жайлау­дан тағы қозғалады, – деп, са­бақтайды өз сөзін Әрхам Кәкітайұлы. – Енді үдере көшкен ауыл Жоннан асып, Барлыбай, Тоңаша өзендеріне аз күн аялдайды. Қозы қырқып, күзем алынған соң, ауыл қайтадан Шыңғыс тауынан Бауырға аса аударылады. Мұнда бос су жоққа тән. Малды ауылдар қонған жерінде былтырдан бері құлап, құм басып қалған құдықтарын аршиды.

Шаруа адамында көздеген жерге жеткенше маза жоқ. Қаптаған мал, көш қарекетімен шабылған жұрт. Айнала азан-қазан. Малшылар астау, қауғамен малын суғарып, қандыра алмай, әуре-сарсаңға түседі. Көшкен жұрт қонған жеріне итарқа, жаппа тігеді. Малды суғарып, сарықтатқан соң, жүк ерте сал­қында артылады. Адамы шай қайнатып ішіп дамылдайды да, түстен кейін тағы көшеді.

Осы қалыппен үдере көшкен Құнанбай ауылдары Қасқабұлақ деген қонысқа келіп жетеді. Көлемі мың қой еркін сыятын қотанның көлеміндей нулы өлке – Құнанбайдың күзеуі...». Жайқалған, көкорай өлкеге кезінде абыз ақын Дулат та тамсанады: «О, Сарыарқа, Сарыарқа! Самалың салқын жон едің, Сырдан ауып келгенде, Жапырылмай шалғының, Балау­са балдыр балғының, Тимеген ірге соны едің...».

Жырау жердің, масаты кілем жайғандай, сәніне тебіренеді: «Жеген мал қысыр қалмаған / Бетеге, тарлау, шырышың, Қарабөктер мүк, жусан; Ерте қашқан шыбышың, Саған келіп ішіп ек / Тұнықты мөлдір шынысын...». Сонымен, ұйқылы-ояу мүлгіген Сырт Қасқабұлақ бойына тамыз айы туа қайта жан біткендей болады. Құнанбай ауылы өзінің күзеу қонысында кешелі-бүгін ірге көтерген. Бұл – жайлаудан соң аялдайтын жер.

Кейін Абай мен Ысқаққа ен­шіге тиетін Ақшоқыдағы қыс­­таудан Сырт Қасқабұлақ – 18 шақырым жерде, Семей мен Жидебайдың тап ортасында жайғасқан. Адамға да, малға да жайлы, сулы әрі шұрайлы өлке. Мөлдір бұлақтың суы таудың төскейінен күнбатыстағы Ойқұдық даласына бет түзейді. Осы жердің Семей жақ беті – Сырт Қасқабұлақ. Бұл – мұнартқан Шолпан тауының үстіртіндегі жазықты жоталардың бірі.

Жар бауырынан тесіп аққан бұлақтың мол суы жүлге қуалап, Ералы қорық жазығына қарай жосылады. Қар қалың жылдары оның аяғы бітік шалғынды аралап, Ащысу өзеніне құяды екен. Мал аяғы таптаурын қылмаған соны өріс. Қомды шешіп, теңді шешпей, ерулеп көшіп, шаршап-шалдығып келген жұрт осы бұлақтың қос қапталындағы қалың шалғын­ға үйлерін тігеді.

Сол жолы да Құнанбай ауылы, әдеттегідей, Сырт Қасқабұлаққа келіп қонғаннан кейін, 1845 жылы ескіше 10 тамыз­да Құнанбайдың әйелі Ұлжан толғатып, бір ұл дүниеге келеді. Ол Абай (Ибраһим) болатын! Азан шақырып қойған аты – Ибраһим сөзі ақынның өмірлік мақсатын айқындап бергендей: «Пайғамбардың – Ибраһим жал­ғыз ұлы, Жанларын үмбет үшін құрбан қылар» (Мәшһүр Жүсіп, «ЭКО» ЖШС, 10 томдық, 3-том, 65-б.).

Ел-жұртының бақыты үшін дүниеге келіп, рухани күрес ашатын ойшыл ақын әрі кемел қайраткердің кіндігі кесіліп, Сырт Қасқабұлақтың кәусар суы нәрестенің жан тазалығына шаң жуытпақ емес. Дүние есігін ашқанда алған есімі – Ибраһимді, яки Ыбырайды әжесі Зере өзгертіп, «сүйкімдім», яки Абайым деп еркелетіп атап кетеді. Осы күннен бастап Абайдың ата-тек шежіресінің жаңа, жарқын беті жазылады.

Сонымен Абайдың әкесі – Құнанбай, атасы – Өскенбай, ұлы атаcы Ырғызбай болса, төртінші атасы – Айдос. Оның әкесі – Олжайдан үш ұл: Айдос, Қайдос, Жандос (Жігітек) тарайды. Айдостың төрт ұлы туралы Айпара ана былай депті: «Шынжыр балақ, шұбартөс Ырғызбайым, Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым, Әрі де кетпес, бері де кетпес Топайым, Сірә да оңбас Торғайым».

Ақынның үшінші атасы Ырғызбайдың ұлдары: Өскенбай, Өсер, Мырзатай, Жортар. Олардың ішіндегі ең артығы Өскенбай көрінеді. Құнанбайдың 41 жасында дүниеге келген Абай әкесін 1886 жылы ақтық сапарға шығарып салады. Үш Олжайдың бірі – Жандостың (Жігітек) баласы Кеңгірбай, Сеңгірбай болса, Қайдостан: Бөкенші, Борсақ өсіп, өнеді. Тобықтының қасиетті Қараменде мен Кеңгірбай билері ұрпаққа дәйім өнеге.

Өлеңмен өрілген өмір

«Дүние есігін өлеңмен аш­қан» Абайға қараңғылық пен отарлық қыспағында тұншыққан халқына білім-ғылым, еңбек пен өнер, әділет пен адамдық қарызын айтып, Күнге – жарыққа жетелейтін тағдыр жазыпты. Ақынның туған отбасының жарық сәулесі – тәлім-тәрбие қуаты, оның өлеңдерінен көзге оттай басылады. Демек, ойымыздың ашылар «түндігі» – Абайды суына шомылдырған мөлдір бастау – Сырт Қасқабұлақ көрінеді. Бірақ БАҚ-тың көпшілігі хакімнің туған жерін нақты көрсетпейді: «Абай Құнанбайұлы Шығыс Қазақстан (Абай) облысының Абай ауданында, Шыңғыстау­да туған» деумен шектеледі. Абай (Ибраһим) «1845 жылдың тамызының ескіше 10-ыншы, жаңаша 23-інші жұлдызында Семей облысының Абай ауданы Қасқабұлақ ауылына қарасты Сырт Қасқабұлақта дүниеге келген» деп жазып қалдырған Әрхам Ысқақов.

Сырт Қасқабұлақ «Семей қаласынан – 103, Әуезов дүниеге келген Бөріліден – 22, Жидебайдан – 97, Ақшоқыдан – 18, Қарауылдан – 98, Астанадан – 903, Алматыдан Семей арқылы – 1193, Аякөзден – 248, Қасқабұлақ ор­талығынан

3 шақырымда» (Т.Ибрагимов, «Жер әңгімеші...», «Интеллект», 2003, 78-б). Абай туралы әңгімеміздің, әлбетте, арқатірегі – Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің жауһар шығармалары.

Осы орайда біз кітабында­ғы дерекке сүйенген көрнекті абайтанушы, жазушы-драматург Төкен Смайылұлы Ибрагимовтың да мұрасы бір төбе. Ол «Жер әңгімеші болған соң, ел әңгімеші», – дейді Мұхтар Омарханұлы, – Абайдың шыр еткен дауысына куә Сырт Қасқабұлақ: Шолпан тауының үстіртіндегі жазықты жоталардың бірі, аласалау дөңше төмпешігі, жары бауырынан тесіп аққан көз қайнардан бас алады...» деп суреттейді.

«Қазақстан Үкіметінің 2020 жылғы 4 тамыздағы қау­лысымен Абай күні 10 тамыз деп бекітілген еді. Сөйтіп, көп жылға созылып, әр өңірде әр­­­қалай, яки «ескіше» және «жа­ңаша» деп, ала-құла ата­лып өтетін дабыраға даусыз тос­қауыл қойылды. Жалпы, ұлы Абайды біздің көпшілігіміз, негізінен, Мұхтар ­Әуезовтің атақты романы мен ақын жайындағы естеліктер арқы­лы білеміз.

Сонымен қатар хакімнің мұң-шері мен арман-мақсатын, оның өлеңдері мен қара сөздерін көз алдымызға әкеліп, ақынның өмір жолына, сүйі­ніші мен күйінішіне куәлік етеді. Демек, асыл мұраға құр тамсанып қоймай, оның ішкі сырын зерделеп, шығарманың тілі мен түпкі ойын түсінуге тырыссақ ғанибет. Бұл бірақ оңай шаруа емес: әрбір жанның ой-өресі мен білім дәрежесі әрқилы.

Біздің тіпті ақиқатқа деген махаббатымыз, өлеңге ынта-ықыласымыз да ала-құла. Қалың жұртшылық үшін Абай, өкінішке қарай, әлі де «жұмбақ» күйінде қалуда. Ал ақынның оқу-білімге құмарлығы оның мына жұмбағымен шешіледі: «Сыналар, ей, жігіттер, келді жерің, Сәулең болса, бермен кел талапты ерің. Жан құмары дүниеде немене екен? Соны білсең – әрнені білгендерің...».

Мұның шешуі – «Білмекке құмарлық». Ақынның осы және басқа да жұмбақтары М.Әуезов «Қазақстан» баспасынан шығарған 1933 жылғы толық жинақта тұңғыш рет жарияланған. Жас Абайдың оқу мен білімге ерекше ықыласы – «білмекке құмарлығы»; талаптыға арнаған «білімдіден шыққан сөзі»; ұғымсыз тыңдау­шысына көңілі қалғандағы «өз сөзім өзімдесі», яки мәңгілік мұрасының әр саласы өз алдына бөлек әңгіме.

Осы арналарды ақтарып, тапқанымызды таразыға тарта келгенде ақынды суына шомылдырған Сырт Қасқабұлақ жайы, зерделі Зере әже мен ұлағатты Ұлжан ана шапағаты, Ұлы дала қайраткері Құнанбайдай әке тағылымы әрқашан ойымызда тұрады. Тегінде, өнеге «жаятын» өлең-жыр мен қызықты хикаялар Зере отырған қара шаңырақтан тарайды. Олар кең-байтақ қазақ жерін «жағалай» жүріп, тәлім-тәрбие «дәнін» егеді.

Кезіндегі ақын-жыраулар мен өнерпаз жандардың үлкен ауылға үйірсек болатыны да содан. Олардың әрбір келісінен бала Абай өзіндік ой түйіп, өнер-білімге деген құштарлығы артады. Ел ағаларының елдік пен ерлік туралы әңгімелеріне зейін қойып, өлең мен жырдың көркем тіліне, көрікті ойына сүйінеді. Билер мен шешендердің сөз шырайы мен қисынды тол­ғамына қайран қалады.

Ақын-жыраулардың өлең-­жырлары Абайдың кестелі сөзге қызығуының сарқылмас қайнары іспетті. Ол «іштегі дертті жойып, ой салатын өлеңнен» өзіне өмірлік сырлас табады. Бұған әжелерінің немерелеріне өлең оқытып, ән салғызып отыратын үлгісі де «шырақ» жағады. Қарияның, сондай-ақ тоғызқұмалақ, дойбы ойнағандарды қызықтайтынын жұртшылық сүйіне әңгімелер еді.

Әуезді әуен әл-әзірге жас балаға сырттағы беймаза күй­ден «араша» болады. Әжесі оның өзге ұрпағына қараған­­да томаға-тұйық, бірақ жүрегі­­нің сезімтал екенін, басқа өрен-­жаранына ұқсамайтынын се­зеді. Өзге немерелерінің ішінде Оспаны шәлкем-шалыстау, Ысқағы тым бейқам. Ал Тәңірбердінің жуандық, тоңмойын табиғатының өзгере қоюы күмәнді секілді. Айналасының мінезі тым «ала-құла».

Осыны көріп өскен ақынның адамның мінез-құлқын таңдана барлайтын кезі де келеді: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды...». Ал жақсы-жаманды танудың көзі оқу-білімде екенін Құнанбай әзелден біледі. Жидебайға іргелес Найзатас күзегінде, киіз үйде мектеп ашуы да ұрпағының келешегіне алаңдауынан еді.

Киіз үйдің салқындығын ескеріп, мектепке жеке там тұрғызуға да үлкен әже түрткі болады. Мектеп үйі Өртең тауының батыс жағындағы кең жазықта орын тепкен дөңестің үстіне салынады. Ұлының қолға алған ісіне, Ға­битхан молдадан ұрпағының сауатын ашқанға анасы Зере сүйінеді. Осы орайда, кейбіреу ойлайтындай, мектеп Ескі там деген жерден салынды деген пікірмен ағат. Керісінше, мектептің орны Ескі там аталуы қисынды. Бұған Абайдың әде­би хатшысы Мүрсейіт Бі­­ке­ұлының баласы Рақымбай­дың айтқандары дәлел болады. Бұл жайында көрнекті жазушы Кәмен Оразалының мақаласынан да қанығамыз. Мектеп салынып біткенде, оның бөлмелерінің біріне Зере мен Абай орналасады. Ал қалған бөлмелер сабақ оқуға лайықты етіп жабдықталып, алғашқы шәкірттер де бастап­қыда қажының өз балалары болыпты.

Ол заманда киіз үйлердің арасынан Құнанбай мекте­бі дараланып, көз тартады екен. Қажының басқа немерелерімен бірге кемеңгер ақын, Абайдың немере інісі Шәкәрім Құдайбердіұлы да осында хат таниды. Кейін малшы-жалшылардың балалары да оқуға қосылады. Аязды күндері шәкірттерді мектепке әкелген кәрі-құртаң адамдар онда пана тауып, балаларға бір уақ ыстық тамақ беріледі.

Мектепте шәкірттердің саны келе-келе 40-тан асады. Осы өнер мен өнеге отауына анасы Ұлжанның кеңпейіл, қамқор көңілі жанға сая болып, білім «ұясының» қоңырауы бала Абайды ерте «оятады». Төңірегінің әбес мінезін әзілмен меңзеген анасына ақынжанды бала әуелде қайран қалады. Бірте-бірте естіген жақсы өлең-жыр мен әсем ән-күйдің табиғатпен біте қайнасқан сырлы сазы мен ырғағына ден қояды...

Болат ЖҮНІСБЕКОВ,

жазушы-абайтанушы