Түзететін жайттар көп

Түзететін жайттар көп
фото: anatili.kazgazeta.kz

Халықаралық қазақ тілі қоғамының жуырда өткен Х құрылтайында Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамымызда қазақ тілінің мәртебесі өсіп келе жатқанын айта келіп, кейбір келеңсіздіктер мен алдағы міндеттерге тоқталды. Ол тіліміздің басқа іргелес елдердің тілімен салыстырғанда таза сақталғанын әрі жаңа сөздермен байып келе жатқанын мақтанышпен атай келіп, дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерінің жиі қолданылып жүргенін сынаған еді.

Өкініштісі, тілімізді кемелдендіруге қатысты бұдан да өзге кемшіліктер бар екеніне қарапайым халық түгілі, тіл мамандары жұмған аузын ашпайды.

Сөзіміз дәлелді болу үшін бірнеше мысал келтірейік. Бірінші: Президент «Дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздері жиі қолданылады» деді. Ендеше, бізде көне сөздердің сөздігі бар ма? Иә, бізде сөздіктің жүз түрі бар, бірақ көне сөздердің сөздігі жоқ. Өзін-өзі насихаттады демеңіздер, мен осы мәселемен кемінде 20 жылдан бері айналысып келемін. Қазақ тіліндегі көне және сирек қолданыстағы кемінде он мың сөз жинақтадым (Дәйек сөздермен қоса). Баспадан бір том болып бір жартысы ғана жарық көрді. Бірақ сатылымға түскен жоқ. Ал сол басылымнан кейін жинақтаған екінші жартысы (шамамен 5000 сөз) менің жазба қорымда жатыр. Менен басқа ешкімге қажет емес сияқты. Екінші: «Қазақ әдеби тілінің түсіндірме сөздігі» (15 томдық, 2011 жыл) мен осы 15 томдыққа кірген барлық сөзді қамтыған 160 баспа табақ «Қазақ сөздігі» – тіліміздің беткеұстар мағыналық айнасы. Соңғы сөздікке шамамен 101 мың сөз енген. Бір қарағанда, мына сөздікке енбей қалған қазақ сөзі жоқ шығар деген ойға қаласыз. Алайда олай емес еді. Тіл маманы емес, қарапайым журналист мен осы сөздікке 2000 қазақ сөзінің кірмей қалғанын анықтадым. Бұл сөздердің басым көбі – күнделікті қолданыстағы сөздер. Тіпті, Президентіміз біз «Алтын орданың заңды мұрагеріміз» деп әлемге жар салып жатса да Жошы ұлысы, Ұлық ұлыс, Алтын орда, Дешті қыпшақ атауларын да бұл сөздіктен таппайсыз. Ол аз десеңіз, қазақ сөздігіне орыстың «мама» сөзі енгенімен, қазақтың киелі ана ұғымы – «Ұмай ана» сөзінің енбегеніне әттеген-ай дегеннен өзге лаж жоқ.

Одан да сорақысы, аталмыш сөздікте қазақтың 1500 сөзі мен тұрақты сөз тіркесінің мағынасы теріс түсіндірілген. Жай ғана қателік емес, қазақ тілін білетін адам көз салса, күлкісі келетін мазақ, сандырақ, тіпті, сайқымазақ түсіндірмелер де аз емес. Одан да бірер мысал келтірейік: «Аяң – «аттың, өгіздің т.б. жүрісі, желісі (?)»; «Айғыр салды – «биені қолдан қашырды»; «Жер көксеу – жылқының сапарға, жолға шығар алдындағы жер тарпып жақсылық нышан білдіруі»; «Анар – «әйелдің төсі»; «Бұтын отқа қақтау – әбден биттеп кеткен кір киімін отқа ұстап, биттен тазарту; «Мекірен (у) – малдың төліне мейірі түскенде ыңырануы»; «құндақ – өлгеннен кейін оралатын мата, кебін, көрге салу» деп түсіндірген.

Сөздікке қамтылған сол 101 мың сөздің кемінде 25 пайызы шеттен кірген термин сөздер, 20 пайызы жергілікті (диалект) сөздер екенін ескерсек, кірмей қалған 2000 сөз бен теріс түсіндірілген 1500 сөз байырғы қазақ тілінің елеулі бөлігін құрайтыны да шындық. Ендеше, ұлттық тілімізге қатысты осындай өрес­кел кемшіліктерді түзетпей қарап отырамыз ба?!

Біздің ойымызша, ұлттық цифрлық сөздік қоры да бұрынғы сөздіктерде жоқ сөздерді ойлап тауып, қате сөздерді түзете алмайды. Электрон нұсқалы жүздеген кітаби сөздіктерге кірген сөздерді ғана сарапқа салып, дұрысын таңдайды. Егер ондай болған жағдайда біз атаған 15 томдық түсіндірме сөздік пен «Қазақ сөздігіндегі» жоқ сөздер кірмей қалады, күлкілі, теріс түсініктемелер түзелмейді. Оны түзету керек.

Бодаухан ТОҚАНҰЛЫ,

Журналист