Кедергісіз қоғам санадан басталады

Кедергісіз қоғам санадан басталады
фото: Астана қаласының әкімдігі

Басқару колледжінде Астана қаласы Сарыарқа ауданы бойынша әкелер одағы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жалғас Құспеков оқушылар арасында «Стереотиптерсіз қоғам: теңдік неден басталады?» семинарын өткізді.

Семинарда гендерлік стереотиптердің адам өміріне, мамандық таңдауына және қоғамдағы рөліне әсері қарастырылды. Жалпы алғанда, күнделікті өмірде аса байқала бермейтін, бірақ дамуымызға кедергі келтіретін тосқауылдар барын айта кету керек. Егер қалыптасып қалған көзқарастар адамды жеке тұлға ретінде емес, белгілі бір топтың, яғни жынысы, жасы, ұлты немесе әлеуметтік жағдайына қарай бөліп, біржақты бағалау болса, оның шегінен шығып, оны ақиқат деп қабылдамай, тереңіне үңіліп, сананы тазартудың алғашқы қадамын жасауға қорықпаған жөн.

Қазақстанда гендерлік теңдік Конституциямен және «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтары мен тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепіл­діктері туралы» заңмен қорғалады. Елімізде гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін қолдауға бағытталған институционалдық тетіктерді нығайту жолында елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Соңғы жылдары гендерлік теңдікті нығайтуға және гендерлік зорлық-зомбылықтың алдын алуға бағытталған маңызды заңнамалық және саяси шаралар қабылданды. Сонымен қатар әйелдердің қоғамдық және саяси өмірге қатысуын кеңейту, сондай-ақ гендерлік аспектілерді мемлекеттік басқару мен даму процесіне енгізу бойынша жұмыс жалғасуда.

– Стереотиптерсіз қоғам орнату бір күнде жүзеге асатын іс емес. Ол заңдарды өзгертумен ғана шектелмейді. Шынайы теңдік әрқайсымыздың өзге адамға деген құрметімізден, әділ көзқарасымыздан және ескірген таптаурындардан бас тартуға деген батылдығымыздан басталады. Өзгерісті өзімізден бастағанда ғана біз баршаға тең мүмкіндік беретін жарқын қоғам құра аламыз, – деді Жалғас Құспеков.

Семинар барысында спикер тақырып төңірегінде туындаған сұрақтарға жауап беріп, пікір ­алмасты.