Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша халықаралық кездесу өтті

Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері бойынша халықаралық кездесу өтті
фото: polisia.kz

Астанада Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның қолдауымен, Фридрих Эберт қоры және "Дағдарыс орталықтарының одағы" заңды тұлғалар бірлестігінің бірлесіп ұйымдастыруымен отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жөніндегі мемлекеттік саясаттың жаңа шараларын іске асыруға арналған халықаралық диалог өтті, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.

Іс-шараға Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан Республикасы және Тәжікстан Республикасы ІІМ өкілдері, сондай-ақ Германия Федеративтік Республикасынан халықаралық сарапшылар қатысты. Шара барысында Қазақстан Республикасы ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Құралай Кәбешқызы баяндама жасап, елімізде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және тәуекелдерді бағалаудың ұлттық стандартын енгізу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді.

Диалог барысында Орталық Азия елдерінің ішкі істер органдарының өкілдері тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, тәуекелдерді бағалау құралдарын қолдану және жәбірленушілерге көмек көрсету кезіндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл мәселелері бойынша тәжірибе алмасты. Мұндай іс-шараларды өткізу халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, озық тәжірибелерді зерделеуге және Қазақстан Республикасында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу жүйесін одан әрі жетілдіруге ықпал етеді. Кездесу барысында неміс сарапшылары Роланд Хертель мен Жайна Рабинкий-Джаналиева тұрмыстық зорлық-зомбылық тәуекелдерінің факторларын анықтауға және оларды кешенді бағалауға арналған заманауи OCTAGON тәуекелдерді бағалау құралын таныстырды.