Тойдағы тәрбиесіздік...

Тойдағы тәрбиесіздік...

Тәңірдің қазынасы той еді. Той – адам баласын тәрбиелейтін орын болатын. Қазір осы үрдістен алыстап бара жатқандаймыз. Кеше ғана әлеуметтік желіде жұрттың жағасын ұстатқан жайт орын алды. Байқағанымыз, «Тентек қаде» жоралғысын жасаймын деген той иелері қыз алып кетуге келген құдадан таяқ жеп тынды. Ақыр соңы жанжалға ұласқан. Қуаныштың қызығы сөйтіп сорақылықпен аяқталды.

Тойға шақырады. Барасың, сосын кеткенше асығасың. Тойдың талқанын шығаратын алдымен асаба жолдас. Аузына не келсе соны айтып, адамның болмысын бұралқы сөзбен мазақ етеді. Мейрамханаға тойға барып, маймыл кейпіне енгеніңді байқамай қаласың. Тамаданың тапқырлығы деп отырғандар мәз болады. Шынында бұл – күлетін емес, жылайтын жағдай. Әлгі той жүргізушіңіз еркіңнен тыс әмірлік жүргізеді. Соған бәрі көндігіп алғанға ұқсайды. Ойланатын кез келді-ау...

ДАЯШЫНЫҢ ДАРАҚЫЛЫҒЫ

Тағы бір басты назарға алатын мәселе – дая­шылар хақында. Тойда қызмет етушілердің дені – студент, мектеп оқушылары. Қолапайсыздығынан шығар, құйған ыстық шәйі мен сорпасына малынып шығасың. Ағызып-­тамызып берекетіңді алады. Бұған мән беріп жатқан мейрамхана әкімшілігі жоқ. Айтсаң, басың бәлеге қалады.

– Рас, даяшылардың көбісінде тәжірибе жоқ. Оны тойға барғанда сан мәрте көріп жүрміз. Барлығы да қаражат тапқысы келетін шығар, жазғы демалысында жұмыс жасауға ниеттенгендері деп түсінеміз. Бірақ, ептілік болмаса оған мейрамхана қожайыны қадағалау жүргізбесе «Әттеген-айы» жиі болып тұрады. Өзім тойдың ортасынан талай кетіп қалғанмын. Сол даяшылардың епсіздігінен киімім бүлініп, кетуге мәжбүр болдым. Әйтпесе құрметті қонақтардың қатарында той аяқталғанша болуға тиісті адам едім. Қайтесің, жұрттың көзінше кіммен салғыласып отырасың, – дейді қала тұрғыны Ернар Жақсыбаев.

БИШІ ДЕ, КҮЙШІ ДЕ – БАЛА

Тойдағы көңіл суытарлық тағы бір көрініс – балалардың ән салып, би билеуі. 8-9-10 сынып оқушылары той жағалап кеткен. Жақында енді тоғыз оқитын қыз бала тойға биші болып құрбыларымен келген. Жалаң аяқ, белі ашық, қасы-көзі боялған. Есейдім деп тұр. Қыз қылығын, ұл ұятын жоғалтса, ертеңгі күнің не болмақ?

– Бала тәрбиесіне ата-аналары бас ауыртуы қажет. Әрине, талантты ұл мен қызды тойға апармасын демейміз. Алайда ән салып, би билеудің де өз орны бар емес пе? Тойға жиі баратындардың қатарынанмын. Көзіміз көріп жүр. «Балам әнші, нағашыларына арнап ән салады» деп ортаға алып шығады. Ал ортағы шығып ән айтып тұрған баланың өзі бір жағында, әні басқа жақта. Мұның түп-төркіні қаражат алуға келіп тұр. Айтпайын десең «Ашынғаннан шығады ащы даусым» деген. Бұл да күрделі мәселе, тәртіп керек, – деп сөзін аяқтады қала тұрғыны Айгүл Тұрланқызы.