Биыл 31 шілде мен 1 тамыз аралығында Астанада жаңа Конституция ережелері мен мемлекеттік рәміздерді пайдалану саласындағы заңнаманың жаңартылған нормаларын түсіндіру бойынша бірқатар семинарлар мен кездесулер өткізілді. Іс-шараларға елорданың мемлекеттік мекемелері мен оларға бағынысты ұйымдардың, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерінің өкілдері, сондай-ақ жеке кәсіпкерлер, жалпы семинарларға 450-ден астам ұйымның өкілдері қатысты. Бұл туралы Астана қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Сәкен Есіркеп арнайы брифингте ақпарат берді, деп хабарлайды astana-akshamy.kz.
Іс-шаралардың негізгі тақырыбы ҚР Мемлекеттік Туын, Мемлекеттік Елтаңбасын және Мемлекеттік Гимнін пайдалану, орналастыру және қолдану тәртібі туралы болған. С. Есіркептің айтуынша, семинарлар барысында «ҚР мемлекеттік рәміздері туралы» ҚР 2007 жылғы 4 маусымдағы № 258 Конституциялық заңының 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша қолданыстағы редакциясындағы нормалары қаралды. Атап айтқанда, жеке және заңды тұлғаларға Мемлекеттік Туын өздеріне тиесілі ғимараттарға, оның ішінде тұрғын және тұрғын емес үй-жайларға, сондай-ақ балкондарға 45 градус бұрышпен орнатуға рұқсат етіледі.
- Мемлекеттік Ту ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес болуы тиіс. Жеке тұрғын үйлерде ол кемінде 3 метр биіктікте орналастырылады. Қараңғы уақытта Туды жарықтандыру міндетті емес. Ғимараттың сәулеттік немесе техникалық ерекшеліктері болған жағдайда Ту іргелес аумақта орналасқан жеке тірекке (флагштокқа) орнатылуы мүмкін. Бұл ретте Тудың жерге, еденге, су бетіне немесе басқа да беттерге тиіп кетуіне жол берілмейді. Мемлекеттік Туда зақымданулар, ластанулар, өңінің өзгеруі және оның өзге де ақаулары болмауы тиіс. Сонымен қатар Мемлекеттік Тудың бейнесін спортшылардың спорттық киімі мен экипировкасында пайдалануға рұқсат берілгені атап өтілді. Бұл норма № 873 қаулыға енгізілген жаңа 24-1-тармақта бекітілген. Сонымен бірге Мемлекеттік Туды жарнамалық мақсатта, сондай-ақ киімнің, төсек-орын жабдықтарының, перделердің, дастархандардың, кілем жабындарының және өзге де жабындардың элементі ретінде пайдалануға тыйым салынады. Мемлекеттік рәміздің қадір-қасиетін төмендетуі мүмкін әрекеттерге жол берілмейді,- дейді С. Есіркеп.
Мемлекеттік рәміздерді бір мезгілде орналастырған кезде мынадай реттілік сақталуы тиіс: Мемлекеттік Ту → Мемлекеттік Елтаңба → Мемлекеттік Гимн.
Рәміздердің бейнелері бір деңгейде орналасуы тиіс. Олар бейнеленген стендтерді, плакаттарды және басқа да көрнекі материалдарды дайындау кезінде фон ретінде көк түс, ал жазулар үшін алтын түсті пайдалану көзделеді.
Гимннің мәтіні жазылған стендтер эстетикалық тұрғыдан безендіріліп, шаруашылық-тұрмыстық үй-жайлардан және киімді сақтауға немесе орналастыруға арналған үй-жайлардан алыс жерде орналастырылуы тиіс. Ұйымдар мен мемлекеттік мекемелерге қолданыстағы нормативтік құқықтық актілердің талаптарын қайта қарап, мемлекеттік рәміздердің ғимараттарда, жұмыс орындарында, ақпараттық стендтерде және интернет-ресурстарда дұрыс орналастырылуын қамтамасыз ету ұсынылады.
Мемлекеттік Ту мен Мемлекеттік Елтаңбаның ұлттық стандарттардың талаптарына сәйкестігіне, тозған немесе зақымданған рәміздерді уақтылы ауыстыруға, Мемлекеттік Туды белгіленген биіктікте орналастыруға, оның жерге және басқа да беттерге тиіп кетуіне жол бермеуге, сондай-ақ интернет-ресурстарда мемлекеттік рәміздер бейнелерін орналастыру кезінде белгіленген реттілікті сақтауға ерекше назар аудару қажет.