Тереңнен тамыр тартқан ықпалдастық

Тереңнен тамыр тартқан ықпалдастық
фото: Aqorda

28-30 қазан күндері Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Президент Режеп Тайип Ердоғанның шақыруымен Түркия Республикасына ресми сапармен барды. Анкарада мемлекеттер басшылары кеңейтілген стратегиялық серіктестікті одан әрі нығайтуға бағытталған келіссөздер жүргізді. Сондай-ақ Қазақстан Президенті Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитіне қатысты.

Президенттер пікір алмасты

Түркия Республикасына ресми сапармен барған Қасым-Жомарт Тоқаевты Анкарадағы Президент сарайында салтанатты қарсы алу рәсімі өтті. Мемлекет басшысының келуіне орай Құрмет қарауылы сап түзеді. Сарайға келген сәтте Президент кортежін салт атты гвардия бастап жүрді. Қасым-Жомарт Тоқаевты Режеп Тайип Ердоған қарсы алды. Қазақстан мен Түркияның мемлекеттік әнұрандары орындалып, зеңбіректен 21 дүркін оқ атылды. Екі елдің көшбасшылары Құрмет қарауылы алдынан жүріп өтіп, бір-біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Содан кейін мемлекеттер басшылары шағын құрамда келіссөз жүргізді. Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытқаны үшін Түркия Президентіне алғыс айтып, әріптесі мен барша түрік халқын ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтады.

Өз кезегінде Режеп Тайип Ердоған екі ел арасындағы сан қырлы ынтымақтастықты одан әрі тереңдете түсуге ниетті екенін растады. Мемлекеттер басшылары мәңгі достық пен кеңейтілген стратегиялық серіктестік рухындағы екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Әңгімелесу барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты нығайту перспективасына айрықша назар аударылды. Сондай-ақ президенттер өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Мәңгілік достықтың жарқын үлгісі

Президенттердің кеңейтілген құрамдағы келіссөзі екі елдің ресми делегация мүшелерінің қатысуымен одан әрі жалғасты. Қасым-Жомарт Тоқаев бауырлас елдің Республика күні қарсаңындағы жүздесу терең символдық мәнге ие екеніне назар аударып, Түркия Президенті мен барша түрік халқын ұлық мерекемен құттықтады.

«Сіздің парасатты басшы­лығыңыздың әрі көреген саясатыңыздың арқасында Түркия ауқымды реформаларды табысты жүзеге асырып жатыр. Еліңіз саяси және экономикалық тұрғыдан жаңғырып, қарқынды дамып келеді. Түркияның абырой-беделі жылдан-жылға арта түсуде. Біз Өзіңізді әлемдегі аса ықпалды көшбасшылардың бірі ретінде білеміз. Сіздің ашық әрі батыл ұстанымыңыз, бейбітшілік пен әділдік жолындағы күш-жігеріңіз жаһандық деңгейде мойындалып отыр. Түрік халқының мәртебесі алдағы уақытта да асқақтай береді деп сенемін. Қазақ елі Түркияны әрқашан қолдайды және ағайын жұрттың әрбір жетістігіне шын жүректен қуанады» деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті өзара байланыстарды одан әрі нығайтуға ерекше мән беретінін атап өтті.

«Қазақ-түрік ықпалдастығы тереңнен тамыр тартады. Тарихымыз – ортақ, тіліміз бен діліміз – бір, дәстүріміз – ұқсас. Екі елдің саяси ынтымақтастығы өзара сенімге және мызғымас достыққа негізделген. Мемлекеттеріміздің арасында шешімін таппаған ешқандай мәселе жоқ. Біз екіжақты және халықаралық деңгейде бір-бірімізге үнемі қолдау көрсетіп жүрміз. Сау­да-экономика саласындағы қарым-қатынасымыз да күшейіп келеді. Түркия – Қазақстанның ең ірі бес сауда серіктесінің бірі. Бұған қоса, Анадолыдағы ағайын ұлттық экономикамызға көлемді қаржы салған басты 10 инвестордың қатарына кіреді. Қазақстанда бірқатар түрік компаниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Біз түрік бауырла­рымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың кәсіп жүргізуі үшін қолайлы жағдай жасауға тырысамыз» деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Режеп Тайип Ердоғанның биыл мамыр айында Қазақстанға мемлекеттік сапары жемісті болып, бірқатар маңызды уағдаластыққа қол жеткізілді. Сапар аясында екі ел арасындағы Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы ұйымдастырылды. Сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық салаларда ауқымды жобалар табысты жүзеге асырылуда. Ең бастысы, қарым-қатынас мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік деңгейіне көтерілді.

«Серіктестігімізді одан әрі дамыту бәріміздің мүддемізге сай келеді. Жақын арада Анталияда СОР31 климаттық форумы өтеді. Мен осы беделді басқосуға қатысуды жоспарлап отырмын. Мұның бәрі екіжақты және көпжақты байланысымызды дамытуға тың серпін беретіні сөзсіз» деді Қазақстан Президенті.

Түркия Президенті Қасым-­Жомарт Тоқаевты және бауыр­лас қазақ халқын Республика күнімен құттықтады. Режеп Тайип Ердоған жақында Анкарада қазақ мемлекеттілігінің тарихына арналған «Құрылтай феномені» кітабының тұсаукесері өткенін айтты. Бұдан бөлек, «Наурыз – түркі әлемінің ортақ мұрасы» кітабы қазақ тіліне аударылды.

«Биыл мамыр айында Астанаға жасаған сапарым барысында бірқатар маңызды құжатқа, соның ішінде Мәңгілік достық және кеңейтілген стратегиялық серіктестік туралы декларация­ға қол қойдық. Стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің келесі отырысында өзара қарым-қатынасты нақты қадамдармен бекіте түсеміз. Біз тауар айналымын 15 миллиард долларға жеткізіп, инвестициялық байланыстарды жандандыруға ниеттіміз» деді Түрік елінің басшысы.

Келіссөз барысында екі ел басшылары көлік-логистика, энергетика, жасанды интеллект, ауыл шаруашылығы, қорғаныс өнеркәсібі және мәдени-гуманитарлық бағыттағы ықпалдастық мәселелерін талқылады.

Түркі әлемі аллеясын ашты

Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымына мүше елдердің басшыларымен бірге астаналық «Бештепе» саябағындағы Түркі әлемі аллеясын ашты. Аталған алаңда Түркия, Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Түрікменстан елдерінің ұлттық павильондары орналасқан. Экспозицияларда бауырлас халықтардың ынтымақ-бірлігі мен сан алуан мәдениеті, бай рухани дәстүрі көрініс тапқан. Қазақ киіз үйі Ұлы дала рухы мен түркі дүниесінің ортақ тарихи тамырын бейнелейді. Президенттерге киіз үйдің безендірілуіне арқау болған ежелгі түркі өркениеті, соның ішінде сақтар мұрасы, халқымыздың табиғатпен үйлесімді өмір салты және заманауи Қазақстанның келбеті жайында мәлімет берілді. Мемлекеттер басшыларының назарына қазақ халқының дәстүрлі саятшылық өнерін паш ететін «Сақ аңшысы» мүсіндік композициясы ұсынылды. Сондай-ақ мәртебелі меймандарға көне түркі жазба мәдениетінен мол мағлұмат беретін Орхон ескерткіштері көрсетілді. Қасым-Жомарт Тоқаев ТМҰ-ға мүше елдер басшыларымен бірге Түркі әлемі аллеясына ағаш екті.

Өнер шеберлерінің концерті

ТМҰ-ға мүше елдер басшылары түркі әлемі өнер шеберлерінің концертін тамашалады. Концертте «Түркі әлемі» ­ансамблі мен Түркия Республикасы Президенттік симфониялық оркестрі ұйымға мүше елдердің ең таңдаулы музыкалық шығармаларын орындады. Құрметті қонақтар түркі халықтарының ұлттық билерін тамашалады. Сондай-ақ іс-шара аясында түркиялық танымал әнші Кырач пен Қазақ­станның халық әртісі Димаш Құдайберген өнер көрсетті.

Тонның ішкі бауындай

Мемлекет басшысы Қасым-­Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммитінде сөз сөйлеп, бұл ұйым түркі әлемінің тұтастығын нығайтып келе жатқан бірегей құрылым екеніне назар аударды.

«Бауырлас елдердің егемендігіне, ұлттық мүддесіне құрметпен қарау – біздің мыз­ғымас қағидатымыз. Түркі жұрты тонның ішкі бауындай тату болып, бағыт-бағдарынан ауытқымай бірлесіп, алға нық қадам жасауда. «Түркі ғасыры: тіліміз де, ойымыз да, ісіміз де – бір» атты басқосу тақырыбының мән-мағынасы өте терең. Бұл жиын Бірінші Түркология құрылтайының 100 жылдығымен орайлас өтіп жатыр. Мұның символдық мәні де ерекше. Осыдан бір ғасыр бұрын бауырлас елдердің зиялы қауым өкілдері рухани тұтастығымызды нығайту үшін ортақ мүдде жолында Баку қаласында үлкен жиын ұйымдастырып, күш біріктірген болатын. Біз бабаларымыздың осы аманатына адал болып, түркі әлемінің ауызбіршілігін күшейту үшін жұмыла әрекет етіп келеміз» деді Мемлекет басшысы.

Президент осы орайда Режеп Тайип Ердоғанның баста­масымен Түркі мемлекеттері ұйымы аллеясының ашылғанын ерекше атап өтті.

«Бұл аллея мызғымас бауыр­ластығымыздың символына айналады деп сенемін. Баршаңызға мәлім, қазір әлемдегі геосаяси ахуал ушығып барады. Таяу Шығыстағы жағдай, әсіресе, Ормуз бұғазы төңірегіндегі текетірес күрделене түсті. Мұның бәрі жаһан елдерінің, әсіресе, шекаралас түркі мемлекеттерінің сауда-экономикалық және көлік-логистика байланысына кері әсерін тигізуде. Қазақстан бір белгілі, яғни хусит деген әскери қозғалыстың бауырлас Сауд Арабиясына қарсы негізсіз шабуыл жасағанына наразылық білдірді. Осындай жөнсіз әрекеттерді тоқтату керек деген мәлімдемелерге қо­сыламыз» деді ­Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Қазақстанның ТМҰ аясындағы экономикалық ықпалдастық айрықша рөл атқаратынына сенім артатынын айтты.

«Біздің еліміздің ұйымға мүше елдермен алыс-берісі биыл 10 миллиард долларға жуықтады. Былтырғы жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 40 пайызға артып отыр. Осы қарқынды сақтап қалу үшін әлі де бірқатар шараларды іске асыруымыз керек. Ең алдымен, «Түркі әлемінің келешегі-2040» бағдарламасын сапалы орындау өте маңызды. Осы тұста Түркі мемлекеттері ұйымының 2027-2031 жылдарға арналған стратегиясын жедел қабылдау қажет. Біз бұл құжаттың жобасында көрсетілген сауда, инвестиция, қаржы, өндіріс, ауыл шаруашылығы, цифрлық технология, білім-ғылым және басқа да салаларды дамытуға қатысты шараларды қолдаймыз. Ең бастысы, бес жылға арналған стратегияда нақты жобалар көрініс табуы керек. Сондықтан Түркі инвестиция­лық қорының мүмкіндіктерін барынша қолдану қажет. Оның әлеуеті зор. Бұл қаржылық институттың толыққанды жұмыс істеуіне барлық жағдайды жасап берсек, жөн болар. Бұған қоса, экономикалық ықпалдастықты күшейту үшін Түркі сауда-өнеркәсіп палатасының мүмкіндігін пайдаланған абзал. Қазақстан бұл құрылымға төрағалық еткен кезеңде бірқатар шаралар өткізіп, маңызды құжаттар әзірледі. Осы бағыттағы жұмысты жандандыру мақсатымен келесі жылы Қазақстанда Іскерлік форумын өткізуді ұсынамыз. Біздің ойымыз­ша, ұйымымыздың аясындағы Ақсақалдар кеңесінің жұмысы да өте маңызды. Осы құрылымға қаржылай және басқа да түрлі көмегімізді көрсетуіміз қажет» деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев ынтымақтастықты нығайту жолында «Түркі мемлекеттері ұйымы +» форматын қолданудың маңызы зор екеніне мән берді.

«Ұйымымыздың беделін арттыру үшін Ресейдің ниетіне оң пікірімізді білдіріп, бұл елді осы форматқа қосылуға немесе ұйымға бақылаушы ретінде қатысуға шақырсақ, дұрыс әрі әділетті шешім болар еді. Өйткені Ресей ірі мемлекет ретінде көне заманнан бері түркі әлемімен тығыз байланыста болған. Бұл елде тарихи мекенін тапқан түркі халықтары көп. Қазіргі таңда Ресей «Алтай өңірі – Түркі өркениетінің алтын бесігі» деген тұжырымдаманы дәріптеуде. Қазақстан бұл тұжырымдаманы қолдайды. Орыс тілінде түркі тілдерінен тамыр тартатын сөздер де аз емес. Жалпы, Ресей түркі елдерінің, яғни біздің ұйымның бір бөлігі болса, бәрімізге пайдасын тигізер еді» деді Мемлекет басшысы.

Президент көлік-логистика саласындағы әріптестікті тереңдету, мәдени-гуманитарлық ықпалдастықты одан әрі дамыту туралы ойларын ортаға салды. Сондай-ақ Түркі мемлекеттері ұйымын институционалдық тұрғыдан дамытуға айрықша назар аударуға шақырды. Мемлекет басшысы сөз соңында қазақта «Береке – бірлікте, ырыс – ынтымақта» деген мақал бар екенін еске салып, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығарып, ортақ мақсат жолында бірлесе әрекет ету керектігін айтты.

Саммитте Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Әзербайжан Сыртқы істер министрі Джейхун Байрамов, ТМҰ Бас хатшысы Кубанычбек Омуралиев сөз сөйледі. Түркі мемлекеттері ұйымы 13-саммитінің қорытындысы бойынша Анкара декларациясы қабылданды.